Бұл мақала 220 рет оқылды, 3 рет бүгін

Бармағын балға салғандар саусағын соратын әдеттен тиылмай тұр. Бюджеттің бір шетін теспей сорып, кемірік тышқан секілді халықтың нәсібін, адал еңбегімен, маңдай ақы, табан терімімен еңбек етіп, салығын төлеп отырған харапайым жұртшылықтың үстінен күн көруін қояр болмады. Қаржы полциясындағы Мұрат Жұрынбай өткен жылы күнара теледидардан көрініп, кімнің тұтылғанын, халықтың ұтылған жариялай берсе де, құзыреті зор, құрығы ұзын орынның қаһарынан аяғын тартпайтындар, халықтың қаржысын өзінің қалтасындағы теңгедей жарататындар жетіп артылады әлі.
Өткен жылғы ең атаулы дата ретінде ұлттық санақтың өткенін айтқан едік. Қазақтың, қала берді қазақстандықтардың санын шығарып, қаншаға жеткенімізді білмек болғаныз. Ниет адал болатын. Бірақ осы бір ұлық істің соңы сиырқұйымшақтанып кетеді деп кім ойлаған? Олай емес деп көріңіз. Біріншіден, халықтың нақты саны әлі айтылған жоқ. Алдымен «күзде белгілі болады» деп еді халық саны. Бізде іштей «балапанды күзде сана» деген тәмсілге иек артып, сенгенбіз. Күз өтіп, қыс келді. Енді берер айда көктемнің жылыуына арқамызды жылытамыз деп отырмыз. Десек те, былтырғы өткен халық санағының дерегі әлі де айқын емес. Бұлыңғыр. Екіншіден, санақтың аяғын ала Статистика агенттігіндегілер «қазақ Қазақстандағы халықтың 67 пайызын құрады» деп жар салды. Тақиямызды аспанға атып, әжеуптәуір ел болып қалған екенбіз ғой дегенде, ол цифрда шорт кесілді. Сөйтті де, соңғы деректер қазақтың 65 пайызға жеткенін айтып, ауыздан ауызға тарады. Айналасы аз ғана уақытта қазақты екі пайызға «қысқартып» тастаған кім? Былай қарағанда екі пайыз деген назар салуға тұрмайтын, ат үтсті қарай салатын цифр сияқты көрінуі бек мүмкін. Бірақ «әр қазақ менің жалғызым» деп отырғанда екі пайыздың салмағы зор екені айқын. Үшіншіден, осы санақта қанша қазақтың қазақ тілінде сөйлейтінін, қанша қазақтың басқа діннің көсеуін ұстап жүргенін білетін болғанбыз. Дей тұрғанмен, ол да анықталған жоқ. Әрі беріден соң халықтың саны қаншға жеткенін білмей пұшайман күйде отырғанымызда, оның өзі әдірем қалғаны байқалды. Әлгі қиын қыстау заманда «балапан басына, тұрымтай тұсына кетіпті» деп суреттеп жатады ғой, сол секілді халық санының нақты қаншаға жеткенін білмей жатқанда тұрымтайлап кеттік. Қанша қаракөздің басқа дінге өткенін біле алмай қалдық.
Қош. Төге берсең, санаққа қатысты іштегі запыран ақтарыла беретін түрі бар. Күні кеше алаш баласының құлағына тағы бір жағымсыз ақпарат тарады. «Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваға бюджет қаржысын ұрлады деген күдік келтірілуде». Ақпараттың ұзын-ырғасы осындай. Экономикалық және сыйбайлас жемқорлыққа қарыс күрес агенттігінің баспасөз қызметіне сүйенген «Қазақпарат» агенттігі жұртты осылай «жарылқап» тастады. Енді нақты деректермен сөйлейік.
Естеріңізде болса, осыған дейін Статистика агенттігі төраймының қос бірдей орынбасары қолға түсіп, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған-тын. Осы қылмыстық істі тексеру барысында Анар Мешімбаеваның да аталған қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдік туды. Сондықтан қазірдің өзінде оның үстінен тексеру жүргізіліп жатыр екен.
Ал аталған қос орынбасар бұған дейін бюджет қаржысынан 764,3 миллион теңге жымқырды деген айыппен жабылған. Бұған төрайымның қатысы болса, онда бәрі камералас болып қалуы да кәдік.
Жемқорлықтың өзі үлкен күнә екенін шариғаттың өзі айтады. Бірақ халыққа пайдалы істе, елдің елдігін білдіретін кезеңде орта жолдан жолаушы торыған ұры секілді қаржының бір басын басқа жаққа бұрып кеткендерді күнәсі зор шығар. Қазақтың, оның сыртында биліктің жиі қайталайтын қазақстандықтардың жалпы санын шығарып, айдай әлемге біз мыншамыз дейтін тұста қаржы қымқырғанның да зауалы зор болар-ау…
Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.

(1 дауыс, орташа есеппен: 4.00 / 5)