Қай батыр мықты?

20 - Қаңтар - 2010
1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (3 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 774 рет оқылды, 1 рет бүгін


Екінші  сыныпта оқитын қызым еңкілдеп жылап келді. Ебіл-дебілі шығып кеткен. «Не болды?», «Біреу тиді ме?» деп асты-үстіне түсіп жатырмыз. Ол аңыраған күйі:

– Әке, біздің батырымыз неге күшті емес?– деді.

– Қайдағы батыр? Не айтып тұрсың?– дедік біз.

– Біздің  батырымыз Шапырашты Наурызбайдан жеңіліп қапты ғой…

Қызымызды зорға дегенде жұбатып алғанда білгеніміз, бар мәселе 2 сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» деп аталатын оқулықтан шыққан екен.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған, «Алматыкітап» баспасынан 2009 жылы шыққан бұл оқулықтың авторлары Б. Иманбекова мен А.Мадиева деген кісілер екен. Оқулықтың 140-шы бетінде «Үш батыр» деген шағын әңгіме бар. Осы туындының авторы Е.Сәрсенбаев. Қызымыздың неге жылағанын толық түсіну үшін әңгіменің мәтінін түгел бере кеткенді жөн көріп отырмыз.

«Жаугершілік заманда  Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай үшеуі келе жатады. Олар қалың тоғайдан өтіп, ашық алаңқайға жеткенде асыр салып ойнап жатқан бір топ жолбарысқа кез болады.

– Қане, кім епті, соны байқап көрелік. Мына ойнап жатқан жолбарыстан кім қаншасын түйреп өтеді екен?

– Келістік.

– Жол бастап келе жатқан өзіңізсіз ғой, алғашқы кезекті сіз алыңыз, – дейді жасамыс батыр Бөгенбайға.

– Қолына найзасын қыса ұстаған Бөгенбай батыр астындағы атын ойнақтатып, жолбарыстарға қарсы шабады да, кездескен біреуін түйреп өтеді.

Одан кейін кезек үлкендігіне қарай Қабанбай батырға тиеді, ол да қарсы шауып, екі жолбарысты түйреп өтеді.

Соңында жолбарыстарға қарсы шапқан Наурызбай атын ағындатып, ойнақтаған жолбарыстардың үшеуін түйреп өтеді.

Сонда алдыңғы екі батыр аға Наурызбайдың батырлығына  ептілігіне сүйсініп, оған ақ баталарын береді».

Қызымыздың мектепте бірге оқитын сыныптасы Шапырашты болса керек, біздің қызымызға «көрдің бе, біздің батырымыз күшті» деп қыр көрсетіп, «сендердің батырларың нашар» деген екен. Қызымыз соған жылапты.

«Жәрайды, бала ғой» деп қоя салуға болар еді. Бірақ  оқулық балаларға арналған кітап қой. Осы оқулықтағы қисынсыздыққа қарнымыз ашты.

Басында мұны жобалап жаза салған дүние шығар деп ойладық. Бірақ байыптап қараған адамға бұл жерден пасықтық пен пысықтықтың исі қатар шығатын сияқты…

Біріншіден, автор Е. Сәрсенбаев үш батырдың жас шамасын жақсы біледі. 2001 жылы «Күлтегін» баспасынан шыққан «Елтұтқа» кітабына қарасақ, Қанжығалы Бөгенбай батыр 1678 жылы туып, 1775 жылы қайтыс болған. Ал Қанжығалы Қабанбай мен Шапырашты Наурызбайдың жас айырмашылығы үш жас қана. Қабанбай 1703 жылы, Наурызбай 1706 жылы туған. «Жасамыс Бөгенбайға» кезекті беру себебі осында. Сонда бұл жерде Бөгенбай батыр анау екі батырдан 25-28 жас үлкен. Соқталдай батыр, ел ағасы жасына жетіп қалған Бөгенбай «балалар, жолбарыста нелерің бар, бұларың не, қойыңдар» деп айтатын жаста. Ол заманда «он үште отау иесі» деген қағидамен өскен қазақ батырлары айдаладағы жолбарыстарға «шауып» не жын қуды екен?

Екіншіден, «ашық алаңқайда асыр салып ойнап жатқан бір топ жолбарыстарға кез болады» деген сөзге қарайық. «Асыр салып ойнайтын» балалар болуы мүмкін. Немесе автордың айтпағы бойынша алсақ, жолбарыстың күшіктері асыр салып ойнауы мүмкін… Ал енді бір топ жолбарыс ашық алаңқайда  асыр салып ойнап жатуы еш қисынға келмейді. Олар үш батырдың астарындағы аттарын ойнақтатып, қарсы шабуын күтіп жататын мысық емес қой. Бір жолбарыстың өзі мақтап отырған үш батырды жайратып кетуі ғажап еместігін автор есінен әдейі шығарып алған тәрізді.

Үшіншіден, бұл жерде үш батырдың батырлығы мен ептілігін көрсету мақсат болса, жолбарыстардан басқа бірдеңе табуға әбден болар еді. Өкінішке қарай, негізгі нысана Шапырашты Наурызбайды басқалардан асыра дәріптеуге бағытталған. «Үш бірдей жолбарысты найзаға түйреп өту» ерлігі сонда артықшылық болып па?!. Жауды жайратып батыр атанудың орнына жолбарыстарды «жайратып» жүрген адам соншалықты батыр болып па?!.

Жоғарыда аталған оқулықтың 141-бетінде  мәтінді пысықтау мақсатында қойылған сұрақтар бар. Соның бірі «Бұл батырлар кімдер үшін, не үшін шайқасқаны туралы айт?» делінген. Сонда балалардың  «Батыр» деп жүргендеріміз  «жолбарысқа қарсы шауып, түйреп жүргендер ме?» демесіне кім кепіл?

Егер бұл батырлардың ерлігі мен ептілігін көрсету керек болса, онда ұрыс даласындағы бір көріністі келтіру әлдеқайда қисынды болған болар еді.

Бап гәп – Шапырашты Наурызбайдың артықшылығын дәріптеу секілді. Мұны әңгіменің авторы Е.Сәрсенбаев білмей жазды деген күннің өзінде, оқулықты құрастырған  Б.Иманбекова мен А.Мадиева  редакциялау барысында ескеруі керек еді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында  «ру аралық қатынастарды өршітпеу» тұрғысында арнайы бап бар. Бір батырды екінші бір батырдан артық етіп көрсетеміз деп отырып Е.Сәрсенбаев пен оқулық авторлары осы бір шетін мәселеге тамыздық құйып отырғанын біле ме екен?!.

Біз өз қызымызды зорға жұбатып алдық. Қазақстан мектептерінде «Алматыкітап» баспасы шығарған «Әдебиеттік оқу» кітабын оқып жатқан  мыңдаған екінші сынып оқуышларын кім, қалай жұбатады? Олардың ата-аналарының бәріне жоғарыдағы жәйттерді егжей-тегжейлі түсіндіріп жататын кім бар?

Басқа басқа, дәл осындай  өткір мәселеге оқулықты ұсынған ҚР Білім және ғылым минситрлігінде байыптап қарайтын көзі қарақты бір адам болмағаны ма?

Жоқ, әлде әйтеуір Шапырашты болса, болды – не болса да жараса береді деген жарамсақ ойдың жетегінде кетті ме бәрі?..

Біз осы арқылы өз болашағымызға балта шауып жатқан жоқпыз ба?!.

Ойланайық, ағайын!

Еламан ҚЫДЫРБАЕВ.

16 пікір - “Қай батыр мықты?”

  1. Айдар:

    Мынау деген таза маскара екен! Окулыктарымыз осындай болса, ертенгi џрпактарымыз кандай болады?

  2. Аноним:

    енді шапыраштының итін дәріптеуіміз қалды. масқара екен.

  3. аты:

    мәселе шапыраштыда емес, мәселе жағымпаздық та

  4. самат:

    батырларымыз жоңғар немесе орыспен соғысып,ел қоғаушылар емес,әншейін әумесер,далада жүрген тағыларды құртушы болғаны ғой.ана шапырашты деп көтергенін айтудын өзі ауыр.осыдан кейін табиғат ана,оны қорға деп айтып көр.атақты батырларымызды браконьер қылып,сосын рушылдыққа тіріп қойса.ендіше балалар жолбарыс болмауы себепті күш сынасу үшін,жаумен емес,ана мыс,ит,тышқады өлтіруі керек шығар.
    ,

  5. Кайрат:

    Казакта ен батыр, ен ержуректер тек кана Шапырашты руынан шыгып отырыпты. Кейде бойжеткен кыздары бар ата-аналар кыздарын акелып шапыраштынын жигиттерынен шыгарып алып кететын корынеды. Кей-кездеры кейбыр мыкты шапырашты жыгыттерын ат-туйенын кунын берып ауылына алып кетып, жаксы-жаксы кыздарга косып, жаксы тукым алады екен.

  6. Колька:

    Казыргы генералдардын 87% Шапырашты руынан шыгып отыр, осынын озы улкен айгак кой, Шапырашты жыгыттерынын аскери ыске бейым екендыгынын

  7. Қазақ:

    «Абылай ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар Қаракерей Қабанбай,Қанжығалы Бөгенбай,Қаздауысты Қазыбек,Шақшақұлы Жәнібек,Көкжарлы Көкжал Барақ(жауды көп қашырады,жақсы ат Бараққа қалады делінген Барақ батыр осы), Шанышқылы Бердіқожа,Сырым Малайсары:
    Абылайдың мінген ыңғай сары,
    Айғайласып келгенде жердің тары,
    Абылайды сан қалмақ қамап жатыр,
    Туынды ала шаба гөр,Малайсары,-
    Дейтұғын Малайсары(бәсентиін) осы кісі .Балтакерей Тұрсынбай,Тарақты Байғозы, он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай, Малай жәдігерден Жауғаш,Биғаш, бөрі тонды бөрте атты,, бөрі бас Орманшы Ақсары, Шотана, Қозған Биікше мерген, қараулшысы Әлтеке, Жидебай, уақ Сары, Баян:
    Ғақыл тұрмас қашқанда,
    Дегбір тұрмас сасқанда,
    Баяндай ерді көрмессің,
    Бурылып жауды шанышқанда……..
    Делінген Баян батыр осы. Бұл айтылған батырлардың бәрі де .. қалмақтың қамалын бұзған батырлар.Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, Үйсін Төле биден асқан би жоқ».
    (Көпейұлы.М-Ж. Қазақ шежіресі (қолжазба нұсқасы), 71-б)

  8. Қазақ:

    Он сегінші ғасырдағы батырлардың есімдері туралы Құрбанғали Халид(татар тарихшысы) былай деп жазған:

    «Абылай заманында батыр сардар болғандар. Қаракерей Қабанбай,Алтыбай батыр,Ақтамберді батыр, Есмәмбет батыр, Матай-Шөңкей батыр, керей Жәнібек батыр, бөрі Ақпантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр,Бәсентиін Малайсары батыр, бұлардың бәрі де қолбасшы жауынгер атансада қайраттысы Қабанбай болған.Ол кезде қоршауда қалса дереу бекініс жасап, қолына не түссе сонымен жауды жасқап,бекінетін қорғанды «қамал» деп атаған. Қазақ мұндай қамалдың талайын шаңын аспанға шығарып жүрседе, бір қабат Шыңғыс тауындағы қалмақ қамалын қазақ сырттан қоршап ала алмай, ақыры Абылай хан кім қамалды алса , хандығымды беремін деп жар салады. Сонда да қорғаннан өтіп ешкім кіре алмай тұрғанда осы Қабанбай мен Есмәмбет батыр екеуі аз әскермен барып садақ ,зеңбірек оқтары өз алдына ,жаңбырдай жауған тастарға да қарамай ,қамалға еніп кетіп, қалмақты қырып шыққан.» (Құрбанғали Халид. Тауарих Хамса, 105-б)

    Түсінбеушілік болмас үшін әйгілі тарихшы Манаш Қозыбаевтың «Жауды шаптым ту байлап»(А.1994,Қазақстан 69-70 бб) атты кітаптан алынған түсініктемелер:
    «Әділ шындық сөздер.Бірақ осындай пікірлерге түйін боларлық қосымша керек сияқты.Батыр Бөгенбай Қабанбай батырдан 11 жас үлкен ; ол қазақ қолының бассардары боп сайланғанда ,Қабанбай батыр есімі елге беймәлім болатын.Бұл бір. Құрбанғали Халиди айтқандай ,әскер басы болған батырлар аз емес.Және 1607-1608 жылдан бастап 1750 жылға дейін бір сәт тиылмаған шайқастар әртүрлі деңгейде өтті. Бұл екі. Қазақтың қалын қолын бастаған сардар Бөкең қарт бола бастаған кезде аға жүгін жеңілдетер Қабанбай шықты. Екі қолбасшы қазақ халқының бағына туған қос жұлдызы болды ,олардың орны Абылайды қоршаған батырлардың ішінде ерекше еді.Сондықтан да мен өз басым Бөгенбай мен Қабанбай аталарымызды бөлмес едім, бір-біріне қарама-қарсы қоймас едім, бақталасбатырлар есебінде санамас едім.Бүкіл халықтық дәрежеге қарадан шығып көтеріліп ,ханды аузына қаратқан ,әскери өнерімен тамсантқан ұлы қолбасшылар ,мемлекеттік қайраткерлер санатына екеуін де бірдей көтерер едім. Алатаудай асқар таудың биік шыңдарына тұғыр етіп екеуіне де бірдей қатар ескерткіш қондырар едім.»

  9. Қазақ:

    Манаш Қозыбаевтың «Жауды шаптым ту байлап»(А.1994,Қазақстан 69-70 бб) :
    «Әділ шындық сөздер.Бірақ осындай пікірлерге түйін боларлық қосымша керек сияқты.Батыр Бөгенбай Қабанбай батырдан 11 жас үлкен ; ол қазақ қолының бассардары боп сайланғанда ,Қабанбай батыр есімі елге беймәлім болатын.Бұл бір. Құрбанғали Халиди айтқандай ,әскер басы болған батырлар аз емес.Және 1607-1608 жылдан бастап 1750 жылға дейін бір сәт тиылмаған шайқастар әртүрлі деңгейде өтті. Бұл екі. Қазақтың қалын қолын бастаған сардар Бөкең қарт бола бастаған кезде аға жүгін жеңілдетер Қабанбай шықты. Екі қолбасшы қазақ халқының бағына туған қос жұлдызы болды ,олардың орны Абылайды қоршаған батырлардың ішінде ерекше еді.Сондықтан да мен өз басым Бөгенбай мен Қабанбай аталарымызды бөлмес едім, бір-біріне қарама-қарсы қоймас едім, бақталас батырлар есебінде санамас едім.Бүкіл халықтық дәрежеге қарадан шығып көтеріліп ,ханды аузына қаратқан ,әскери өнерімен тамсантқан ұлы қолбасшылар ,мемлекеттік қайраткерлер санатына екеуін де бірдей көтерер едім. Алатаудай асқар таудың биік шыңдарына тұғыр етіп екеуіне де бірдей қатар ескерткіш қондырар едім.»

  10. Қазақ:

    Бірде Қара Қыпшақ Ерназар батыр Жәнібектен(Шақшақұлы):
    -Өміріңізде кімнің ерлігі ерен деп білесіз?-деп сұрапты.Сонда Жәнібек:
    -Өткендегі , бергідегі қазақта Қабанбайдан артық батыр болған емес.Қабанбай аруақты батыр еді, бір өзі келе жатқанда екпінінен 400-500 адамның дүмпуі білінетін еді.Қабанбай қара нөпір жауға тиіскенде , кірген жағы есік, шыққан жағы жол болып қалушы еді, -деген екен.
    (Шақшақ Жәнібек батыр.Алматы «Отау» баспасы,1993 ж, 70 б)

  11. найман:

    Қабанбайдың Талдықорғандағы ескерткіші өте тамаша салынған

  12. Серік:

    Бүгінгі мектеп бағдарламалары бойынша оқытылып жатқан әдебиет, тарих және география пәндерінде нақты зерттелген, болмысы дұрыс деректер толық қамтылмаған. Яғни айтқанда бүгінгі оқулықтар тек жүрек жалғауға ғана бағдарланған. Себебі аталған оқулықтардың қоректік сапасы жоқ. Көпшіліктің ортасында болып жатқан тартыс талдауға пән мұғәлімдерінің қатыспай бұғып қалып отыратындығы да сол “Сенген серкем сен болсаң, күйсегеніңе болайын” – деген сөзден үркітіп жалтақтыққа салып қойған оқулықтың кесірі.

  13. Balzhan a.k.a. NaimankA:

    Daaaa….. Kabanbai batyrdun Taldyktagy eskertkiwi soz jok tamawa)))

  14. Қыранбек:

    Оқулық біткеннің бәрінде қате,болмаса адам оқып,ұғып түсінбейтін сөздер. Ешқандай жауапкершілік жоқ.Сол кітапты құрастырушы,шығарушылардың балалары оқымай ма екен.

  15. Әділет:

    Қит етсе, біздің ағайын шапыраштыны жамандауға жаны құмар. Күншілдік,қызғаныш, тырнақ астынан кір іздеп, әйтеуір мұқатып қалу. Сонда, Шапырашты сол қазақтың бір тайпасы,қалың қазақ деген ұлттың бір елі. Өзімізді өзіміз іштарлықпен,көреалмастықпен өмір бойы осылай өтер ме кенбіз?! Апырай, әлгі үш батырдың алдыңғы екеуінің бірі Наурызбайдың орнында болса, оны да солай, орта жүздің немесе кіші жүздің жағымпазы әдейі жазды деп шыға келеміз бе? Түсіне білсек, әңгіме астарында кемсіту жоқ,қайта қазақ батырларының бірінен бірі өткенін, бірінен бірі асып түсетін оғыландар екенін аңғартатын градация ғана.

  16. Еркебұлан:

    Жолбарыс деген арыстан емес қой, үйірімен жүретін. Жолбарыс жалгы-жарым жүретін жыртқыш. осы тұрғыдан алып қарағанда да жоғарыдағы мәтін тек аңыз, аңыз емес, ертегі екені менмұндалап тұр.

Пікір жазу

Серіктестер