1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (1 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 626 рет оқылды, 3 рет бүгін

Iзбасар ОРАЗБАҚҰЛЫ, Халықтық және ұлттық спорт түрлерi мен жаппай сауықтыру және дене тәрбиесi клубының директоры:

БIР ЕМЕС, БIРНЕШЕ ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТIП ЖАТЫРМЫЗ


Ұлттық спортты ұмыт қалдыруға болмайды. Баға жетпес құндылығымыз деп бiздер осы ұлттық ойындарымызды есепке аламыз. Алайда, осы ұлттық ойындарымызды насихаттау жағдайы қалай болып жатқандығы бiзге беймәлiм. Бүгiнде осы жағдайды ескерiп отырған бiр ғана орынның болуы басты қателiгiмiз екендiгi де рас. Алайда, 200-ге жуық ұлттық спорт ойындарымыздың екеуi де әлi әлемдiк жарыс қатарына iлiккен жоқ. Себебi, онымен айналысатын спортшыларымыздың қатары сирек. Ұлттық спортымыздың насихаты аздығынан болса керек осының барлығы. Бүгiнде халық арасында басқа елдiң ұлттық ойындары мен өзiмiздiң төл спортымызды насихаттап жүрген Алматы қаласы Халықтық және ұлттық спорт түрлерi мен жаппай сауықтыру және дене тәрбиесi клубының атқарып жатқан еңбегi ұшан-теңiз. Аталмыш клубтың iргесi қаланғанына да биыл бес жыл толып отыр. Сол себептi Халықтық және ұлттық спорт түрлерi мен жаппай сауықтыру және дене тәрбиесi клубының директоры Iзбасар Оразбақұлымен әңгiмелескендi жөн деп таптық.

ӘЛЕМДЕГI ТЫҢ БАСТАМА

– Биыл Халықтық және ұлттық спорт түрлерi мен жаппай сауықтыру және дене тәрбиесi клубының құрылғанына бес жыл толып отыр. Осы бес жыл сiз басқарған клубтың аяғынан тiк тұруына көмегiн тигiздi ме?

– Әрине. Ең басында бiздiң клубымыз Алматы қаласының шеңберiнен аса алмайтын. Бiздiң атқарып жатқан жұмыстарымызды бiлсе, тек осы алматылықтар бiлушi едi. Қазiр жағдай бiршама жақсарды. Қазiр Алматы облысы көлемiнде бiрнеше рет спорттық iс-шаралар өткiздiк. Соның бiрi жыл сайын өткiзiлiп келе жатқан «Жамбыл мұражайына» шаңғымен жорық жасау. Бұйыртса, келер айдың 14-15 күндерi аталған жорығымызды бесiншi мәрте өткiзгелi отырмыз. Республикамыздың басқа да облыстарында осы жоба бойынша арнайы клубтар құрылып, халықтық, оның iшiнде бұқаралық және өзiмiздiң ұлттық ойындарымызды насихаттап жатыр. Өйткенi, бұл – тың бастама. Басында, яғни Халықтық және ұлттық спорт түрлерi мен жаппай сауықтыру және дене тәрбиесi клубының құрылған кезде бiздер «Бұл ТМД көлемiндегi ашылып отырған тұңғыш бастама» деп ойлаған едiк. Алайда, осы уақыт аралығына дейiн әлемдегi ешбiр елде мұндай өзге елдердiң ұлттық спортын насихаттап жүрген клубтарды немесе басқармаларды кездестiргенiмiз жоқ. Әрине, өздерiнiң ұлттық спорт түрлерiн насихаттайтын елдер өте көп. Ал, бiздегi ерекшелiк – өзiмiздiң төл спортымызбен бiрге өзгелердiң де құндылықтарын көрсетiп, олардың ара жiгiн айыру. Қай спорт қай елге тиесiлi екендiгiн халыққа ашып көрсету. Бiз бiр емес, бiрнеше ұлтқа қызмет көрсетiп жатырмыз. Осының өзi үлкен жетiстiк деп бiлемiн.

«ЛӘҢГI» ОЙЫНЫНЫҢ ИЕСI АУЫСТЫ

– Жалпы бұл клуб көбiне қай жағына көп мән бередi? Халықтық спорт түрлерiне ме, әлде өзiмiздiң ұлттық ойындарымызға ма?

– Клубтың аты айтып тұрғандай, көбiне бұқаралық спорт түрлерiне мән берудемiз. Мәселен, барлық елдiң ұлттық спорт түрлерiн насихаттау емес. Солардың iшiнде бiздiң елiмiзге таныс спорт түрлерi және әлемде бұқаралық сипат алған спорт түрлерiн дамыту үстiндемiз. Егер барлығын қамтитын болсақ, онда мақсатымыз спорт ойындарын дамыту болып кетпек. Мысалы, өзiмiзге белгiлi «ләңгi» ойынын алатын болсақ. Бұл ойын түрi балаларға, тiптi жасы үлкен адамдар үшiн денсаулығына үлкен пайда әкеледi. «Ләңгi» тепкен адам «остеохондроз» ауруына шалдықпайтын көрiнедi. Өйткенi, ләңгi ойнау барысында адамның омыртқа сүйектерi ыңғайымен қимылдап, сүйектердi қатайтады. Алайда, осы спорт түрi негiзiнен дүнген ұлтының ұлттық ойыны болған екен. Нақтырақ айтсақ, әу бастағы тарихы осы дүнгендерден бастау алған. Осындайда «Не себептi оны қазақтың ұлттық ойыны деп атап жүрмiз?» деген сұрақтың тууы шартты. Өйткенi, дәл осы күндерi ешбiр дүнген баласы сойылған қойдың терiсiне құйылған қорғасын жабыстырущды бiлмесе керек. Тiптi, «ләңгi» ойынының қандай екендiгiн де айта алмайды. Себебi, бұл спорт түрiн одан әрмен дамытып әкеткен бiздер, яғни қазақтар болатын. Демек, «ләңгiнiң» иесi ауысты.

– Жоғарыда айтып өткендей, бiз көбiне жарыстар өткiзуге қолайлы, тәрбиелiк мәнi бар, бұқаралық сипат алған ойындарды жиi өткiземiз. Соның бiрi – «дартс» ойындары. Бұл ойынды өмiрге алып келген ағылшын балықшылары екен. Қақаған қыстың суығында күйеуi балық аулауға кеткенде, әйелi зерiгiп кетпес үшiн, бiр жағы күйеуiнiң көзiне шөп салмас үшiн аз уақыт алдана тұру себебiнен туындаған ойын түрi екен.

Дартс ойыны – бәрiмiзге белгiлi. Үшкiр найзашаларды мешенге дәлдеп қадау ойындары. Бiрiншiден, көптеген адамдар дартс ойынын ойнау арқылы құмарын басады. Екiншiден, осы ойын түрiн күнiне үзiлiссiз екi сағат ойнайтын болсаңыз, бұлшық еттерiңiз шыныққан адамдiкiндей қатайып отырады. Үшiншiден, ептiлiктi үйренесiз. Қолды қалай қимылдатуды меңгерiп шығасыз. Төртiншiден, әрине дәлдiктi үйренiп шығасыз. Бесiншiден, уақытыңызды бос өткiзбейсiз.

БҰҚАРАЛЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ НАСИХАТТАУШЫСЫМЫЗ

– Менiңше, сiздер өзiмiздiң төл спортымыздан қазақша күрес, тоғызқұмалақ, тымақ ату секiлдi ойындарды жиi насихаттап жүрсiздер. Халықтық әрi бұқаралық спорт ойындары iшiнен қай спорт түрлерiн көп қолданысқа ие.

Қазақша күрес – қазақтың ұлттық ойындарының көшбасшысы. Бiле бiлсеңiз, осы спорт түрiнен қазақтар әрқашанда дайын болған. Тойларда, жиындарда, үлкен ас берген кездерде топты жарып шыққан палуандарға кез-келген қазақ баласы қарсы тұрарлықтай жағдайда болатын болған. Әрбiр қазақ баласы күреске икемдi келген. Тiптi, қазақша күрестен аналарымсыз да кезiнде белдескен екен. Осыған байланысты, ерлерiмiз алыса кеткен жағдайда әйел баласынан жеңiлiп қалғанды ар санап, үнемi дайындық үстiнде жүретiн болған. Осы дәстүр қазiрде Оңтүстiк өңiрлерде жақсы сақталған. Әсiресе, Қызылорда облысында қазақша күрестен топ жарып жүрген қыздарымыз жеткiлiктi. Сондай-ақ, қазақтың ұлы мерекесi «Наурызда» әркiм өзi пiсiрген наурыз көжесiн бiр үйге, яғни бiр қазанға қосып, көпшiлiкке арналған дәмдi тағам ұсынады. Артынан көжеге тойған көпшiлiк қайын iнiсi мен жеңгелерiнiң арасындағы күрестi тамашалайды. Бiр жiгiтке бiрнеше әйелдi жұмылдырып, оның жiгерiн сынайды.

Бұл да болса жiгiттерiмiздiң үнемi қарулы әрi жiгерлi болатындығының белгiсi. Әйелге әлi келмеген жiгiтсымақ содан кейiн намысқа тырысып спортпен шұғылдануды бастайды.

Ал, бұқаралық спорт түрлерiне келер болсақ, «қол күрес» ойынына тоқталмай өтпеске болмайды (Халықаралық аталуы – армрестлинг). Жас кезiмiзде бiздер де бiр-бiрiмiздiң қаншалықты мықты екендiгiмiздi қол күрестiру арқылы байқайтынбыз. Осы спорт түрiнен бүгiнде көптеген жарыстар өткiзiледi. Алайда, бұл ойын түрi қай елдiң ұлттық спорт екендiгiн ешкiм де кесiп айта алмайды.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын қазiргi ХХI Қысқы Олимпиада ойындары өткелi отырған Канада елiнiң Ванкувер қаласында болдым. Сол жақта осы армрестлинг спортынан 42 мемлкеттен мың жарым спортшы арасында жарыс өттi. Армрестлинг ойынының бұқаралық сипаты бар екендiгiн сол жерде түсiндiм. Алматыға орала салысымен осы спорт түрiн тiзiмге қостым. Бiр жағынан, бұл спорт түрiнен жарыс ұйымдастыру да оңайға соғады. Оған үлкен ойын алаңдарының, арнайы спорт залдарының болуы шарт емес.

Одан кейiнгiсi – «Бұқа тартыс». Бұл ойын түрiн басында барлығы балаларға арналған деп қана қарайтын. Бертiн келе үлкендер жағы да қызығушылықтар танытып жатыр.

СОҢҒЫ КЕЗДЕ ҚАЛЫПТАСҚАН ОЙЫНДАР ҚАЙТА ЖАҢҒЫРМАҚ

– Этнографтарымыздың айтуы бойынша, қазақта 200-ден астам ұлттық ойын түрлерi бар көрiнедi. Осылардың барлығын наихаттау алдағы жоспарларыңызда бар шығар…

– Менiң бұрыннан айтып келе жатқан дүнием, ол қазақтың бiрнеше спортын өз елiмiзде кеңiнен насихаттап, оны Олимпиада деңгейiне көтеру. Оған бiздер әрине, тоғызқұмалақ пен қазақша күрес ойындарын таңдап алдық. Ал ендi басқа да ұлттық ойындарымызға келетiн болсақ, оның iшiнен қызықты деген ойындарды таңдап алу қажет. Мысалы, «ақсүйек» ойыны. Алматы жастарын қала сыртына апарып, түн ортасында әбден күнге күйген сүттей ақ сүйектi iздететер болсақ… Қандай қызықты ойын десеңiзшi. Сондай-ақ, ол ойынды басылым  беттерiнен телеарналар арқылы жұртшылыққа көрсетер болсақ, көпшiлiктiң қызығушылығын арттырған болар едi….

– Негiзiнде, ұлттық ойындарымыз бес түрге бөлiнедi. Соның бiрi – соңғы кездерде қалыптасқан ойындар. Сол ойындар қайта ұмыт қалмас үшiн қандай әрекет жасап жатырсыздар?

– Әр заманның өз әнi, өз ұраны болады. Ұлттық ойын түрлерi бiр уақытта пайда болған жоқ. Әр ойынды өз заманы қалыптастырды. Мысалы, «әрiп таңдау», «сымсыз телефон», «нөмiр» деген соңғы кездерде қалыптасқан ойындарымыз бар. Бұл ойындар да белгiлi бiр топтың арасында туды. Демек, ол ойындардан көз жазып қалмауға тиiспiз. Ретi келiп жатса, ол ойын түрлерiн де кеңiнен насихаттайтын күндер де туар.

•КЕРЕК ДЕРЕК

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлiнедi. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлi заттармен ойналатын, зеректiктi, ептiлiктi және икемдiлiктi қажет ететiн, соңғы кезде қалыптасқан ойындар.

Аңға байланысты ойындар: ақсерек-көкcерек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кiрпiше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр.

Малға байланысты ойындар: аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота.

Түрлi заттармен ойналатын ойындар: ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, ақшамшық, алакүшiк, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартпақ, арқан тартыс, арынды арқан, асау мәстек, асық, аттамақ, ауыртаяқ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, дауыстап атыңды айтам, ептi жiгiт, жаяу көкпар, жемекiл, жiгiт қуу, жiгiт ойыны, күзетшiлер, күмiс iлу, қамалды қорғау, қараше, қимақ, қыз қуу, лек (шөлдiк), монданақ, орамал тастау, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, тапшы, кiмнiң дауысы, таяқ жүгiрту, тепе-теңдiк, тобық, тұтқын алу, түйiлген орамал, шалма, шертпек, шiлдiк, хал қалай?
Зеректiлiктi, ептiлiктi және икемдiлiктi қажет ететiн ойындар: айгөлек, айдапсал, атқума, аударыспақ, бағана өрмелеу, балтам шап, бөрiктастамақ, бұғнай, бұғыбай, бұқатартыс, бұрыш, бiз де, егер…, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар, көршi, күрес, қарамырза, қассың ба, доссың ба?, қындық-сандық, орын тап, отырмақ, санамақ, сұрақ-жауап, тасымақ, тасымалдау, тең көтеру, тымпи-тымпи, ұшты-ұшты, үй үстiндегi кiм?, шымбике.
Соңғы кезде қалып-тасқан ойындар: әрiп таңдау, бригада, мейрамхана, нөмiр, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Бұлардың iшiнде бiрқатар ойындар спорттық, той ойындары болып саналады. Ал ендi, қазақтың ұлттық ойындарының iшiнде «қуырмаш» тәрiздi жас сәбилерге арналған да ойындар бар.

ҚАЗАҚТАР КӨКПАРҒА СЕРКЕ ЕМЕС, ТАНА ТАРТҚАН

Бұрындары қазақ жiгiттерi атпен шауып келе жатып қолындағы қылышымен жерде жатқан тезектi түйреп алып көкке лақтырып жiберiп, оны жалма-жан қылышымен екiге бөлiп шауып түсiретiн көрiнедi. Қазiр оны «теңге алу» ойыны етiп атап кеттiк. Осындай ойындардың әу бастағы қалпынан айырылғаны сiздiңше қалай?

– Осыған байланысты кезiнде қазақтар көкпар ойынында серке емес, тана тартатын болған. Ал, қазiр көкпаршыларыммызға тана тарттырып көрiңiзшi. Астындағы атымен бiрге қопарылып түссiн. Менiң ойымша, «теңге алу» ойындары да сондай қиындықтардан туындаса керек. Сонымен қатар, бағзыда атам қазақ аламан бәйгеде ат басын қырық, елу шақырымнан жiберетiн болған. Тiптi, әлденеше күндiк жерлерден тартатын аламан асыр да өткiзiлiп тұрған. Мiне, қазiргi күнде шеңбермен шабу дәстүрге айналды. Көпшiлiкке аттың шабысын өз көзiмен көрiп отыруына тиiмдi әрi қашықтығы да есептеулi. Бұл қырынан алғанда осы да өте дұрыс деп ойлаймын. Бiр өкiнiштiсi, ат спортының елуге тарта түртi болғанымен, олардың бiрде-бiреуiн насихаттай алмай келемiз. Сондықтан бiз «жаяу көкпарды» өмiрге алып келдiк.

АҚ АЗИАДАНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНДА «КӨКПАР» ТАРТУ МЕН САЯТШЫЛЫҚ ӨНЕРIМIЗДI КӨРСЕТУ КЕРЕК

– Алда Қысқы Азия ойындары келе жатыр. Қазақ даласында, Алматы мен Астана қалаларында жарыса жүлде таратқалы жатырмыз. Осыған байланысты газетiмiзде «Азиада әнұраны қандай болуы керек?» және «Ақ Азиаданың ашылу мен жабылу салтанаты қалай өту керек?» деген тақырыптарды қозғаған болатынбыз. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Әрине, мұндай iрi халықаралық жарыстардың әнұраны гимн жанрында болғаны дұрыс. Оған қоса, онда қазаққа тән бiр ырғақ болса тiптi жақсы болар ма едi?! Әнi мен сөзi қазақтың дархандығын, қонақшылдығын меңзеп тұрса игi едi. Ал, ашылу және жабылу салтанатына ұлттық спортымыздың бойтұмарына айналған «көкпар» ойынынан бiр үзiндi көрсетсе деймiн. Өйткенi, бiзде өткелi жатқан жарыс қысқы спорт түрлерiнен өтедi. «Көкпар» ойыны да қысқы спорт түрiне жатады. Қазақ көкпарды қара күзде, яғни қыс мезгiлiнде тартатын болған. Бүгiнде көкпар ойындары тек қазақ және қырғыз елдерiне ғана таныс. Сонымен қатар, қанымызға сiңген саятшылық қасиетiмiздi бiр танытсақ. Қазақ саятшылыққа қыстың қақаған суығында шығатын болған. Абай Құнанбаевтың «Қан сонарда бүркiтшi шығады аңға» дейтiн өлең жолдары осы айтпағымыздың дәлелi.

– Сiз басқарған клуб қаладағы бiрнеше дәстүрлi жарыстарды өткiзiп келедi. Биылғы жылы тағы да жаңадан бастау алатын жарыстар тiзiмге ене ме?

– Осыдан 20 жыл бұрын басталған «Баспалдақ» жарысы бiздiң клубымыздың басшылығымен жаңа қырынан табылды. «Сымбат», «Жамбыл мұражайына жорық» секiлдi жарыстар жыл сайын өткiзiлiп келедi. Биыл, мiне «ақсүйек» секiлдi қызықты ұлттық ойындарымызды өткiзу жоспарға енiп отыр.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен –

Жандос БАЙДIЛДА

Пікір жазу

Серіктестер