1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (1 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 476 рет оқылды, 3 рет бүгін


Қулығына құрық бойламайтын түлкінің өзі біздің биліктің қасында жіп есе алмайтын шығар-ау. Қырық құйрығын қатар бұлғақтатқанда, билік екі жеп биге шығатын әдетті ә дегеннен-ақ білетін. Заман өте келе, оны тіпті меңгеріп алды. Қазір оның қулығы қағынып-ақ тұр.
Билік өзінің мақсатын іске асыру үшін қоғамның назарын әлдеқайда аударып, мойнын басқа бағытқа бұрып жіберетін әдетін әзелден білеміз. Бұрнағы күні «Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» дайындау жөніндегі топтың отырысы өтті. Оған қазақтың сөз ұстаған қаламгерлері де, қоғам қайраткерлері де, оппозиция өкілдері де, қысқасы, барлық қасқа маңдай шақырылыпты. Төрде қос Мұқаң (Шаханов пен Құл-Мұхаммед). Ал енді «аяқ астынан осы бағдарлама неге талқыланып жатыр?» дегенді ойлаған адам бар ма?
Билік белгілі бір қулығын асырар кезде тіл мәселесін алдымызға тоса қояды. Жаңа піскен бас сияқты буы бұрқырап, қазақ тілінің тілі салақтап келгенде, қалғанымыз далақтап шыға келеміз. Бәріміз тілдің жайын айтып, мұңын шағып, қызыл кеңірдек болып жатқанда, билік мысық көмбесін ақтарып, басқа бір қулығын іске асырып жатады. Есіңізде ме, жоқ па, жер сататын кезде де қоғам алдында тіл мәселесі шыққан. Жалғыз бұл емес. Біраз әттеген-айлар осы тілдің тасасында жасалды. Бұл не? Сәйкестік пе, жоқ әлде «тарихтың қайталануы» ма? Біздіңше, билік тағы бір сұмдықты жасағалы жатыр. Ол не болуы мүмкін?
Өткен жылды сарапқа салып, санамызда тағы бір рет жаңғыртып көрсек. Мәртебелі президентіміздің өзі былтыр қытайдың 1 миллион гектар жерді жалға сұрағанын өз аузымен айтты. Артынан айдаһар көршіміз жер сұрамағанын айтып ат-тонын ала қашса да, оған сенген адам болған жоқ. Билік халықтың қалай қабылдайтынын байқап көрді алдымен. Қытайға жерді жалға беруге бола ма, болмай ма деген оймен. Қазақ жұртшылығы үдере көтерілгенде, ол тақырыпты тып-тыныш жауып қоя салды. Бейресми дерек бойынша, қазір қытайдың ішкері жағында қазақ тілін оқытатын арнайы орындар ашылыпты. Қазірдің өзінде бірнеше миллион қытай қазақ тілінде сайрап тұр дейді. Бұдан біз қытайдың қазақтың жеріне, байлығына біржолата мойын бұрғанын байқаймыз. Шамалары келсе, жерімізді иемдену ойлары да жоқ емес сияқты. Оған мектептерінде біздің жеріміз деп картасына Шудан бері қарайғы аймақты көрсететінін қосыңыз. Сонда қытай Қазақстанды меншіктеуді бастағанын, ешкіммен бөліспей, өздерінің қолына алу мақсаты бары айқындалады. Ал біздің билік олардың ойын өз қолдарымен іске асыруы мүмкін бе? Мүмкін емес деп ешкім кесіп айта алмайды. Жан тыныштығынан басқа ештеңені ойламайтын біздің билік оған қарсы қауқар таныта қояды дегенге, әй, сену қиын. Сонда мәселе өзінен өзі анықтала түскендей. Қытайға жер беруді біздің жақ мықтап ойлап жатқан сияқты. Қазақ зиялылараның басын қазақ тілімен шырмап қойып, өздерінің түпкі ойын асырмасына кім кепіл?
Екінші, мәселе. Ел ішін алатайдай тулатқан «Ел бірлігі» доктринасы. Доктринаны талқыламайтын уақыт бітті. Ұлтшылдар дүмпуі біршама басылды. Қысқасы, екпіні қайтты. Енді тағы дүпу басталып, қазақ жұртшылығы түгелімен атқа қонуы мүмкін. Осы арада тіл мәселесін тағыда алдымызға тосып, назарды басқа жаққа бұру мәселесі басталғандай. Аштық жариялаймын деп қорқытқан шахановшыларды қазақ тілі деген айдар тағып, бағдарлама талқылатып, Мұхаңның өзін төраға орынбасары етіп, қазаққа пайдасыз доктринаны ың-шыңсыз қабылдатып жіберуі бек мүмкін.
Үшінші, өткен жылы «ышқырдағы» Парламентіміз «Босқындар туралы» заң қабылдады. Сол заң бойынша, Қазақстан қияннан босып шыққан босқындарды қабылдауға қақылы. Бұл жерден де қауіптің иісі шығады. Қазір «Қазақстанды 130 ұлт мекендейді» деп бөсіп жүрміз ғой. Босқын қаптаса, олардың саны арта түседі. Сосын олардың әрқайсысына мәдени орталық ашып беріп, Ассамблея арқылы Парламентке депутат сайлаймыз. Демек, қазақ билігінде өзге ұлыстың өкілдері көбейеді деген сөз. Бүгіннің өзінде биліктің шылбыры қазақтың қолында емес. Ал ол кезде жағдай тіпті қиындай түседі.
Айналып келгенде, қазақ тілі қазақтың ұлт ретінде әлсіреуіне (жойылуына деген сөзді айта алмай отырмыз) алып келетін құралдың рөлін атқарып отырған жоқ па?
Міне, мәселе қайда жатыр жолдастар (?!), тойыс, мырзалар…

Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.

3 пікір - “Тіліміз салақтап, өзіміз далақтап қалмайық”

  1. Намазхан:

    Кытай алса жерiндi, араб казар корiндi….

  2. Серікжан:

    Билік қазақ ұлтын басқа ұлттың есебінен басып, өздерінің жымысқы тірліктерін жалғастыра береді.

  3. ауылдан:

    Кул мухамедтін кызылордада алган атагы БҰЛБҰЛ

Пікір жазу

Серіктестер