1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (2 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 483 рет оқылды, 3 рет бүгін

Kajygumyr

Қажығұмар. Осы есім қазақ жұртшылығына кейінгі оншақты жылдың мұғдарында таныс бола бастады. Бұл үйірінен жастай бөлінген, бүлдіршін кезінде шекара асқан, талай зорлық-зомбылықты бастан өткерген Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы.

Қажығұмар ақсақалдың басынан өткерген тауқыметті айтып тауысу мүмкін емес. Өткенде оның «Қылмыс» атты алты томдық романы Қазақстанда тұңғыш рет жарық көрді. Ерінбей-жалықпай сол алты томдықты оқып шықтық. Бұған дейінгі қазақ әдебиетінде айтылмаған, жазылмаған дүниелер көтерілген. «Қылмыстың» тұла бойынан зор рух пен қайраткерліктің иісі аңқып тұр. Және бір айтарымыз: бұл тек Қажығұмар Шабданұлының басынан өткен уақиға емес. Жазушы өзінің өмірін өрнектей отырып Қытайдағы қазақ ахуалын, аз ұлт өкілдері зиялылыларының көрген құқайын баян етеді. Қысқасы, «Қылмыс» қазақтың Гомаиндаң өкіметінен, онан кейінгі Маузыдұң бастаған коммунистерден көрген зорлығын ашық әшкерелейді. Ойлаңыз, ешқандай кінәсі жоқ, қылмысы мойнына қойылмаған Қажығұмар туған-туыстан, қатын-баладан, дос-жараннан, қызметтен айрылып, абақтыға айдалып, Тарым шөлінде 20 жыл қамауда болады. Сол Тарымнан үш рет қашып шығады. Атыраптың бәрі шөл дала. Шөлдегі түрмеден үш рет қашып шығудың қияметін ой елегінен өткізіп көріңіз. Ешқандай кінәсі болмаса да, оны бір адамдық камераға қамап, камераның асына мұз қатырып, көк мұздың үстінде алты ай ұстайды. Адам шошырлық дүние. Тіпті, жауыңа тілемейтін қастандық. Осындай қысастықты көре жүріп, Қажығұмар «Қылмыс» романын жазады. Айта кетерлігі, «Қылмыстың» екі томы түрмеде дүниеге келген. Қапаста отырып өлең шығаруға, оны халық арасына таратып жіберуге болады. Өйткені өлең ауыздан-ауызға тарап кетеді. Ал алты томдық роман жазу, бұл – жанкештілік. Енді сол жазылған дүниені жариялаудың қияметін айтыңыз. Қытайда алты томдықтың жарық көрмейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан не істеу керек? Әлбетте, қолжазбаны Қазақстанға өткізіп, осы жақтан бастыру қажет. Қажығұмар қол жазбасын Қытайдан Қазақстанға көшкен жұрттың көшіне, киім-кешегіне, көрпе-төсегіне тығып бері қарай өткізе береді, өткізе береді. Оның бәрі Қабдеш Жұмаділовтың қолына жиналады. Қазақтың қасқа маңдай ұлы Қабдеш қолжазбаны төте жазудан кирилл қарпіне түсіріп, алты томдықты құрастырып, баспаға ұсынады. Ол да жарыққа шықты.

kylmys

«Жас Алаштың» қызметкері Ерік Рахым жақында арнайы Үрімжіге барып, ақсақалмен сұхбаттасып қайтты. Қажығұмар Шабданұлы «Қылмыстың» бірінші томын қолына ұстап, көірегіне басып, мұқабасын сүйіп, еңіреп жылапты. Бұл – қаншама жылдық қорлықта жүріп жасалған еңбектің көз жасы еді. Сол Ерік айтады «Қытайдағы қазақтар Қажығұмардың атын атауға қорқады. Ал атын айтып қалса, жан-жағына жалтақтап қарап, өзінен-өзі қуыстана береді» деп. Жалтақтықтың қаншалықты деңгейге жеткенін өзіңіз бағамдай беріңіз. Қытайда көзіне қамшы тимеген қазақ қалмаған.

Бүгінде ақсақал сексеннің сеңгірінде. Жалғыз-ақ арманы бар. Ол – туған жерге келіп өлу. Туған жердің топырағын жастанып жату. Ал ақсақалды Қазақстанға қайтару жолында біздің билік әлі бір рет әрекет те жасаған жоқ. Қазақтың маңдайына біткен талантты бір ұлы жат жерде туған топырағын аңсап отыр. Қазақ билігі ақсақалдың соңғы арманын орындауға тиіс.

Бүгін Мәдени саясат және өнертану Институтының жанынан құрылған «Тағылым» клубында Қабдеш Жұмаділов, Ғаббас Қабышев, Оразбек Сәрсенбай, Ерлан Саиров, Айдос Сарымдардың қатысуымен журналистерге арналған брифинг өтті. Институт өз атынан Қажығұмар Шабданұлын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Құптарлық бастама. Жат жерде жүрсе де жасымаған, қырық жылға жуық өмірін түрмеде өткізген, қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет алты томдық роман ұсынған қайраткер, күрескер Қажығұмар Шабданұлы Мемлекеттік сыйлықты алуға тиіс. Туған елде болса, «Халық қаһарманы» атағын берсе де болатын еді. Ал сыртта жүрген кезінде Тәуелсіз Қазақ елінің Мемлекеттік сыйлығы беріліп жатса, онда ақсақал бекерге еңбек етпегенін, әрі-беріден соң бекерге өмір сүрмегенін байқар еді. Біздіңше, бастаманы барлық қазақ бір ауыздан қолдауы керек. Қажығұмар Мемлекеттік сыйлыққа лайық тұлға!

Ержан БАЙТІЛЕС.

6 пікір - “Қажығұмар Мемлекеттік сыйлыққа лайық тұлға!”

  1. Темiр:

    Усыну керек.

  2. halmurat:

    Ұсыну емес, міндетті түрде беру керек! Сосын Қажыкеңді еліне қайтару үшін қазақ болып Елбасыға хат жазсақ, ол кісі өз кезегінде Ху Жинтауға хат жазса.

  3. Насихат:

    Қазірге дейін түрмеде туған әдебиеттің көркемдік жағынан да, көлемі жағынан да(поэзиялық туындыларды айтпағанда) құнды болып табылатын “қылмыс” романы оқырман қауыммен жүздесіп отырғаны белгілі. Шинжаңның 20 ғасырдағы бар шындығын ашып көрсеткен ұлы шығарма. оның құндылығы тарихпен сабақтастығы. Алты томды толық оқып шықтым. Қажығұмардың қылмысы ұлты үшін елеулі жұмыс атқарғандығы.алты томның әр томында жазушының атажұртқа деген сағынышы еседі. қазақтың өткен тарихын елестетіп, бірігуге, қазақ топтаспай тағдырының тозаңға айналатындығын айтады. Бұл шығарма сыйлыққа ұсынуға әбден лайық. бір жазушыға екі қайтара беруді ұйғарғаннан гөрі, осындай тұлғаларға ұсынған дұрыс шығар!

  4. Насихат:

    Қазірге дейін түрмеде туған әдебиеттің көркемдік жағынан да, көлемі жағынан да(поэзиялық туындыларды айтпағанда) құнды болып табылатын “қылмыс” романы оқырман қауыммен жүздесіп отырғаны белгілі. Шинжаңның 20 ғасырдағы бар шындығын ашып көрсеткен ұлы шығарма. оның құндылығы тарихпен сабақтастығы. Алты томды толық оқып шықтым. Қажығұмардың қылмысы ұлты үшін елеулі жұмыс атқарғандығы.алты томның әр томында жазушының атажұртқа деген сағынышы еседі. қазақтың өткен тарихын елестетіп, бірігуге, қазақ топтаспай тағдырының тозаңға айналатындығын айтады. Бұл шығарма сыйлыққа ұсынуға әбден лайық. бір жазушыға екі қайтара беруді ұйғарғаннан гөрі, осындай тұлғаларға ұсынған дұрыс шығар!

  5. Насихат:

    Қажығұмар атамызды елге қайтару өте орынды іс. “Өкінішпен өтпесін күніміз” десеңіз бір ауыздан келісіп, елге қайтаруға атсалысқан өте орынды мәселе!!!

  6. Алтай:

    Мақалада айтылған ұсыныстарды түгелімен қолдаймын

Пікір жазу

Серіктестер