О заман мен бұ заман

29 - Қаңтар - 2010
1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (1 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 361 рет оқылды, 4 рет бүгін

flag_ussr

flag kaz

Кейінгі кезде кеңестік кезеңді аңсайтындар көбейіп бара жатқан сияқты. Байқайсыз ба? Сандықтың түбінде жатып шаң басқан партия билеттерін шығарып, ара-кідік сипап қоятындар да бар екен.

Бағамдасақ, кеңесті көксеушілерді де түсінуге болатын сияқты. Неге? Назар салыңыз.

О заманда тегін білім алу, тегін емделу деген проблема емес еді. «Өкімет өлтірмейтін», қысқасы. Ал қазір ше? Бұ заманда ретсіз жасалған реформалардан білім саласы әбден әлсіреп бітті. Білім беруінен ақша жинауы көп мектептерден ата-аналар жалықты. Оқу құралдарының сапасы да сын көтермейді. Әрі-беріден соң қазақ тарихын дұрыс оқи алмай жүр балаларымыз. Басқаны айтпағанда… Десаулық саласының да сын көтермейтіні белгілі. Ақшаң болмаса, соқыр шегің мен жүрегің қатар жарылып кетсе де, қызмет көрсетуі қиын.

О заманда білімің болса, білігің жетіп тұрса, қарым-қабілетің бар болса, жұмыссыз қалмайтын едің. Білімсіз болған күннің өзінде де механизатор немесе шопан болып күнелтуге болатын. Бұ заманда білім-білігің, қарым-қабілетің жетіп тұрғанмен, тамыр-танысың болмаса жөні түзу жұмыстан дәме ету қиын.

Өткенде Елбасы үлкен жиналыс өткізді. Сонда мемлекеттік қызметте тәжірибесіз жастардың қаптап бара жатқанын сын сыдағына ілді. Енді қараңыз, мемлекеттік қызметтің кілтін ұстап, қайыс креслода отырған қай қойшының баласын білесіз? Я болмаса, ауылдан шығып, білімін алып, аттай қалап жылы орын беріп, жұмсағын ұсынып, оның білігін пайдаланған адам бар ма? Әй, қайдам? Бүгінгі билікте жүрген шонжарлар өздерінің тамыр-танысын, туған-туысын, сол билікке тартып жатыр. Бұл – олар өздеріне ізбасар дайындап жатыр деген сөз. Сен қанша жерден талантты болсаң да, мемлекетіңе орасан зор пайда келтіретін шамаң болса да, мемлекеттік қыметке алынбайсың. Өйткені онда шіреп тұрған көкең жоқ.

Қазіргі қазақ билігі бірнеше кланнан, бірнеше қаржылық топтан құралған. Осы кландар мен қаржылық топтар болашақта көздеріне қара шыбын үймелемеуі үшін қазақтың қара баласын билікке жібермеуге, қайта байыған үсіне баю мақсатында, үздіксіз билігін жүргізе беру үшін өзінің туыстарын айналасына жинап жатыр. Бақсақ, енді қарапайым қазақтың баласы билікке өрмелеп шыға алмайтындай екен. Пәленше мен түгеншенің туысы болмай, бақ та, тақ та жоқ.

Әдетте, ағаларымыз «Тәуелсіздік маған не берді демей, Тәуелсіздікке мен не бердім деп ойлауың керек» деп жатады. Дұрыс шығар. Бірақ деймін да, бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздікке еңбек етуі үшін, сол Тәуелсіздік соған орай жағдай туғызуы керек шығар. Тәуелсіз еліңнің билігіне өзіне емес, көкесіне сенгендер қапатап жатса, ауыл баласы қалайша Тәуелсіздікке қызмет қылады? Еліне еңбегін қалай сіңіреді? Күзетші мен арбакеш Тәуелсіздікті керек ете ме?

О заманда өзгеге бағынғанмен Қонаевтар қазаққа қызмет қылып еді. Бұ заманда қарапайым қазақ өз билігінен қол үзіп барады… Қызық…

Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.

2 пікір - “О заман мен бұ заман”

  1. Серікжан:

    Тәуелсіздік деген аты ғана. Біз бір адамға және оның айналасындағыларға тәуелдіміз.

  2. Серік:

    Сандықтың түбінде жатып шаң басқан партия билеттерін шығарып, ара-кідік сипап қоятындар да бар екен дегенді теңеу сөз деп түсінген жөн. Батыстың жоспарлы экономикаға бет бұруы, жергілікті өзін-өзі басқару үлгісін Кеңестік елден алып 1985 жылы Хартия қабылдауы, сөйтіп демократиялық жолға бастама алуы, одан қалды Маркстың “Капиталын” қолға алып, түптеу талдауға мәжбүр болғандарын ешкімде жоққа шығара алмайды. Жалпы заманды қойып, теңеуге келсек, күні кешегі ғасырмен бүгінгі ғасырыңды толық талдап, осы екі аралықта нендей құндылықтарды жоғалттық? Елге тиімді не ұсындық? Не алып бердік? Осы тұрғыда екі жақты салыстырмалы түрде салмақтап, адами, рухани тұрғыда ұлтыңа, ұлтыңның болшағына мұра етер нең бар? Мәселе заман да емес. Күн де, ай да, аспан да бұрынғы орындарында. Сылдырап ағып түсіп жатқан жұлдыз, қаңырап қалған аспан жоқ Бар мәселе адамда және сол елді мекендейтін елдің болмысында. Әрине бұл жеке пікір. Әркімнің тіршілікке деген көз қарасы әр түрлі десекте сынып бағанасын ауытқудың қажеті жоқ та тәрізді. Себебі біздің ел ауыз әдебиетін жоғалтқан жоқ. Теңеуді де астарлауды да білетін елміз ғой. Асылық болса айып етпессің бауырым.

Пікір жазу

Серіктестер