Бұл мақала 514 рет оқылды, 1 рет бүгін
Ел газеті «Егемен» оқыс мінез танытты. Әрине, оны біреулер оқыс деп ойламайтын да болуы керек. Мүмкін ат-үсті қарар. Дегенмен «Егемен Қазақстанның» бүгінгі нөмірінде сыртты сөз еткенмен біздің қоғамның да қотырын қаситын бір мақала жарық көріпті…
Әңгіме – Татарстан хақында. Татарстан болғанда, Мінтемір Шәймиев турасында. Жалпы жұртшылық біледі. Шаймиев қызметтен өз еркімен кетті. «Егемен» соны жазыпты. Санасында саңлауы бар адамға «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей. Енді мақаладан үзінділер келтірейік. Тақырыбының өзі айғайлап тұр: «Кезі келгенде абыроймен кеткен де жөн».
«Татарстан Республикасы Ресейдей алып мемлекеттің бір нысаны деңгейінде ғана. Сол нысанның басшысын тағайындау Ресей президентінің құзырында. Сөйтсе де халықтың тілін тапқан қайраткер Минтимер Шаймиев республиканы жиырма жылдай басқарды (астын сызған – біз). Абыройлы басқарды. Кеткенің жөн ғой деген сөзді естіген жоқ». Мұны бір деп қойыңыз.
«Шаймиевтің бұл жолғы шешімі әбден ойластырған шешім болды. Отырудай отырды (астын сызған – біз), алдын алған жөн. Өткен жылдың аяғында, дәл Шаймиевтің атын атамағанмен, президент Медведевтің ақсақалдардың жастарға орын бергені жөн болар дегені бар. Атын ататпай, абыроймен кеткен абзал. Сол қадамды Минтимер Шәріпұлы дәл уақытында жасады». Бұл – екі.
«Көп жағдайда бір қайраткердің биліктен кетуі түрлі-түрлі жағдайлар тудырып жатады. Биліктен айырылған соң, кейбіреулерінің қудаланатыны да бар. Тіпті біреулері басқа елді паналайды. Құдыққа түскен құланның құлағында құрбақа ойнайтыны да кездеседі. Ал абыроймен кеткенге не жетсін! Бұл ретте Минтимер Шаймиевке көп адам қызыға қарайтыны да анық (астын сызған – біз)». Ал бұл үш.
Сонда «Егемен» Мінтемір Шәймиевке кім қызығып қарайды деп тұспалдап отыр? Кімге абыроймен кет деп отыр? Кімге өз уақытында кету керек дейді? Түсіндіңіз бе?..
Кене САРЫ.





Иә, ағайын, көкірек көзі ояу жанды ойландыратын дүние екен…
Дәл осылай жазған болса, Егемен жарады! Респект!
Жазылған, айтылған дүниені түсінетін адам болғанға не жетсін. Бұл турасында Борис патшаның, Борис Николаевичтің орны бөлек. Кейбіреулер “ішкіш” деп күстәналайтын Ельцин дер кезінде билікті аманаттай білді. Абыроймен, беделімен. Билік тұтқасын ұстаған кездегі жіберге кемшіліктері Оның ірілік қасиетімен жуып-шайылып кетті. Ельциннің ерлігін қайталау екінің-бірінің қолынан келе бермес. Ашығын айтсақ, бізден ондайды күту қиын. Ал Шаймиевке таңдануға болмайды. Ол да әу баста ұлтының мүддесін бәрінен жоғары қойған тұлға. Тіпті Шығыс әлеміндегі өзіндік орны бар саясаткер. Ол туралы айтылар әңгіме алдағы күннің еншісінде.
Егемен дұрыс жазған. Түркіменбашының арты не болды? Кім мәңгілік тақта отырды? Бірақ, шығыс елдерінде өз еркімен тағын берген ешкім болмаған. Барлығының бастары алынған. Сондай болмаса екен деп тілеймін.
Қызыңа айтасың-ау,тыңдайтын келін болса қанекей.