Үнділердің үні өшті

2 - Ақпан - 2010
1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (2 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 394 рет оқылды, 4 рет бүгін

02107

Ержесiз жекпе-жектiң ең күрделiсi болып саналатын «панкратионнан» Қазақстан мен Үндiстан спортшылары арасында Республика сарайында кездесу өттi. Жарысты ұйымдастырушылар бұл кездесудi тамашалау үшiн арнайы Алматыға атағы жер жарған Олег Тоқтаров пен Федор Емельяненко келедi деп халықты бiр желпiнтiп тастаған болатын. Алайда, жарыс барысында әлгi кiсiлердiң белгiлi себептермен келе алмағандығын айтып ақталды. Сiрә, бұл ойлағандары Республика сарайын халыққа лықа толтыру үшiн алдын-ала айтылған бос ақпарлардың бiрi болар…

Белгiлi бапкер Сағатбек Мұсахановтан тәрбие алған «BEIBARS PROFI»  кәсiпқой спорт клубының оғландары өз мүмкiндiктерiн тағы да бiр рет сынап бақты. WAFC тұжырымы бойынша әлемдiк деңгейдегi бәсекенiң тiзiмiне қазақ спортшыларының арасынан жаңа есiмдер тiркелдi. Бұрындары ережесiз жекпе-жектiң қас шеберлерi ретiнде тек Ардақ Назаров пен Дәнеш Дүнгенбаевты ғана бiлетiнбiз. Бертiн келе бұл қатардағы спортшылардың саны артып, сапасы жоғарылады. Оған жақында ғана WAFC (ережесiз жекпе-жектiң дүниежүзiлiк кеңесi) тұжырымы бойынша 75 келi салмақ дәрежесiнде әлемнiң абсолюттi чемпионы атанған Бейбiт Назаровты да қоссаңыз болады. Дүниежүзiлiк ережесiз жекпе-жек федерациясының президентi Георгий Кобылянский де соңғы кездерi қазақ жiгiттерiн айналшықтап жүр. Сiрә, қазақ баһадүрлерi қашан да бұл спорт түрiне жылдам сiңiсiп, толағай табыстар әкелетiндiгiн бiлетiндігінен шығар. Содан болар, Георгий Кобылянскийдiң қазақ спортшыларын «өзiмiздiң жiгiттер» деп жүргендiгi…

Өткен жолғы ережесiз жекпе-жекте Ресей, Қырғыстан спортшыларымен кездескенде әл-қуатымыздың қаншалықты деңгейде екендiгiн байқаған болатынбыз. Аса жоғары салмақта өнер көрсеткен Төлеген Ақылбековтен басқасы түгелдей рейтингтiк кездесулерiн жеңiспен аяқтаған-тын. Айыр қалпақты ағайыннан айласын асыра алмаған Төлеген сол олқылықтың орнын толтыруға қарсыласын қайта шақырып отыр. Мұнысын «Жеңiлген күреске тоймас» мағынасында емес, кеткен есенi қайыру мақсатымен жасап отырғандығын Төлеген Ақылбеков жарыс алдында тiлге тиек еттi. Бiрақ, кеткен есенi қырғыстандық Кылыч Саркарбаевтан емес, оның отандасы Азамат Барықтыбаевтан қайтарды.

Кеше шаршы алаң төрiне ережесiз жекпе-жектен алаштың арыстай алты азаматы шықты. Қуанышымызға орай, алтау ала болған жоқ, барлығы да жеңiс тұғырына көтерiлдi. Ережесiз жекпе-жектен бөлек кәсiпқой бокстан өнер көрсетiп жүрген Жанқош Тұраров та ресейлiк қарсыласынан басым түстi. Бұл кездесудегi «супер жекпе-жек» деп 60 келi салмақ дәрежесiндегi Бекнар Аманбаев пен үндiстандық Кумар Ануптың арасындағы бәсекенi атап өтсек болады. Барлығының күткенi де осы кездесу әрi дәл осы нәтиже едi. Қазақстандық қарсыласынан 8 жас кiшi үндi спортшысы бiр күн бұрын өткiзiлген баспасөз мәжiлiсiнде өзiне тым сенiмдi болатын. Қайта атағы дардай Бекнар Аманбаев қарапайымдылық танытып, қуанатын кез әлi тым ерте екендiгiн үндi спортшысына қайта-қайта ескерткендей кейiпте болды. Осы уақыт аралығына дейiн 24 кездесу өткiзiп, оның 23-iнде жеңiске жеткен Бекнар қарсыласына алғашқы минуттан-ақ мүмкiндiк бермедi. Осылайша, Бекнар Аманбаев WAFC тұжырымы бойынша 60 келi салмақ дәрежесiнде әлем чемпионы атағына таласуға жолдаманы жеңiп алды. Сонымен қатар, Қазыбек Әшiмов, Аслан Тоқтарбаев, Нариман Мұсаев, Мейiрлан Құрманалиев сынды саңлақтар үндi спортшыларын қапыда қалдырып, жеңiс тұғырына көтерiлдi. Үндiлердiң үнi өштi деген осы болар.

Жандос БАЙДIЛДА

3 пікір - “Үнділердің үні өшті”

  1. Максат:

    Alaman.kz – тен алынган такырып алыстан мен мундалап тур!

  2. Байсал:

    Күресуге үндіден басқа ешкім таппай қалдыңдар ма.Үнділерді киноға жіберсеңдерш.

  3. Раха:

    Біздің жігіттер мықты ғой.

Пікір жазу

Серіктестер