1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (3 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 532 рет оқылды, 3 рет бүгін

Kylmys 1

«Құдіретті тергеушім! Өті­рік қоссам, тас төбемнен ұры­ңыз!..»
Құдіретті қазақ оқыр­ма­ны!
Құдіретті Мемлекеттік сый­лық тағайындау комиссия­сы!
Құдіретті Қазақ Үкіметі!
Өтірік қоссам, тас төбемнен ұры­ңыз!
Жат жерде жатып, ол қо­ғам мен бұл қоғамның қыл­мысын аш­қан Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» – Мемлекеттік сый­лық­­қа лайық «қылмыс». Романды бір деммен оқып шықсаңыз, бұ­ған өзіңіз де көз жеткізе­сіз…

Өз басым, Қажығұмар Шаб­да­нұлы­ның «Қылмысын» оқы­ғанда, ұлы Мұқаңның «Абай жо­лымен» пара-пар екен де­ген ой түйдім. Әрине, екі шы­ғар­­маның көркем­дік деңгейін, екі жазушының ше­берлік бол­мы­сын салыстырсақ әді­лет­сіз­дік болар. Екеуі екі түрлі жағ­дайда, екі түрлі ортада өмір сүр­ді, мүмкіндіктері де әр бас­қа бол­ды. Мұқаң баршылықта, мол­шылықта, кеңестік «комму­низм» дәуірінде шығармашы­лық­пен алаң­сыз айналысса, Қа­жығұмар өмі­рінің жарты­сын – 42 жылын абақтыда өт­кізді.
Әрине, ұлы Мұхтар Әуе­зов­тің суреткерлік шеберлігіне же­ту мүмкін емес. Ол кісінің пей­заждары, ол кісінің порт­рет­тері, ол жасаған мінез бен бол­мыс хас суретшінің үшкір ұш­талған қаламынан туған кар­тинадай. Қажығұмар Шаб­данұлы бұл жағынан Мұқаңа орын беретін болар, бірақ романның көлемі жағынан әлем әдебиетінде ол кісінің алдына шығар ешкім жоқ. Білетіндер осылай дейді. Шы­ғар­маның саяси, қо­ғамдық, әлеуметтік жүгі де «Абай жо­лынан» бір мысқал кем емес. Әдебиетшілер «Қыл­мыс­ты» жанры жағынан ме­муарға жатқызады. Жарты ғасырды қамтыған «Абай жо­­­­лынан» кейін қазақ өмірінің осын­шама ұзақ мерзімдік тағдыр талайын суреттеген шы­ғарма жоқ. «Қылмыс» ро­маны қазақ­тың жүз жылға жуық кезеңдегі тағдыр та­лайын көзіңнен жас, жүре­гің­нен қан ағызып отырып су­реттей­ді. Жазушы бұл шы­­ғар­масын 1968 жылдың ба­сында бас­тап, тек соңғы жылдары ғана соңғы нүктесін қойған. Отыз жылдан астам уақыт жа­зылған бұл туын­ды – қазақ әдебиетіне, қа­зақ руханиятына қосылған сү­белі шығарма. Өзі­нің зын­дан­нан шығар-шық­па­сы екіталай бо­ла отырып, бо­лашаққа ар­нап шығарма жазу, өз зама­ны­ның қасіретін шерту оңай емес. Осы тұрғыдан ал­ған­да, Қа­жығұмар Шаб­данұлының бұл жанкештілігін ерлікке ба­ға­лар едік. Әдебиет­ші қауым мұндай туындының көптен жазылмағандығын ал­ға тар­та­ды.
Бұл шығарманың тағы бір ерек­­шелігі – роман бірін­ші жақ­­та баяндалады. Бірінші жақ­­та алты томдық еңбек жа­зу – кез келгенге бұйыр­­май­тын сыбаға және азап­ты жұ­мыс. Әр бөлімнің, әр тараудың соңы­на нүкте қояр­да автор тың­­даушысын «мақтамен бауыз­­­­­дайды». Тыңдаушысы – әрине, «құдіретті тергеуші». Ро­манды араб жазуы үлгі­сіндегі төте жазудан кирил­лица­ға түсіріп, баспаға әзір­леген Қабдеш Жұмаділов: «…Жа­зушы бұл шығармада тек өмір жолын баяндап қана қой­май­ды. Көп томды кесек шы­ғарма жарты ғасырға созылған тұ­тас дәуірді қамтиды. Роман­ның алғашқы тарауларында өткен ғасырдың 30-жылдарын­дағы Қазақстан өмірінің ащы шындығы бар. 1925 жылы Ая­гөздің Таңсық да­ласында дү­ниеге келген жазу­шы 1932 жы­лы жеті жасында ашар­шылыққа ұшыраған ел­мен бірге Шәуе­шек­ке өтеді. Кейінгі тарау­лар­да жат жер­дегі босқындар тір­лігі, олардың Қытай еліне бір­те-бірте қалай сіңгені әңгі­ме болады. Келесі кітаптарда Шыңжаңдағы ұлт-азаттық кү­рес, реформалар мен төң­ке­рістер, қожайын ауысқанымен мән-мағынасы өзгермеген өкі­меттер көз алдыңыздан тіз­бектеліп өтіп жатады. Біз осы­ның бәрімен автордың екінші «мені», бас кейіпкер Биғабілдің басынан кешкендері арқылы таныса­мыз…» дейді кітапқа жаз­ған алғысөзінде.
Шығарма ащы әжуаға, қы­жыл мен кекке, мырс етер мыс­қылға толы. Жазушы мен қо­ғам арасы керағар. Тергеуші оның бүкіл тірлігінен билікке қар­сы қылмыстың ізін көреді. Ро­манды оқып отырып, Қытай им­периясына бодан елдің, бө­тен елдің босағасында жүрген қа­зақ баласының екінші ме­кені қай кезде де түрме ме деп қа­ласыз. Қазақстанда ғана жат­жұрттықтардың тайраң­дауы­на мол мүмкіндік болған, қазір де бар, ал жат жерде жүр­ген қазақтар­дың үні қашанда құмығыңқы, күні қараң бол­ғанына көз жет­кізесіз. Билік ба­сына қай өкі­мет келмесін, бә­рінің бет­пер­де­сін ғана өзгерт­кен, аты бө­­лек болға­ны­мен, заты бір, за­лым­дар мен сұрқиялар еке­ніне алғашында бас шай­қа­ға­ныңыз­бен, кейін­нен таңғал­май­сыз. Олар тек ауқат­­ты­­лардың қамқоршысы. Би­ға­біл өзі үміт еткен, құ­дайындай сенген «коммунистік партия­ның» құны көк тиын екеніне күн өткен сайын көз жеткізеді. Партияға кім қа­былданбайды, құдай-ау! Би­ға­біл «мен осын­дай әділетті ұйым­ға, маркстік жолға лайық­ты­мын ба?» деп өзін ойша сы­нақтан өткізіп жүр­генде, ке­шегі шенеуніктер мен мол­далар, алаяқтар мен сат­қын­дар, ар­сыз­дар мен намыс­сыз­дар пар­тияға баяғыда кіріп алыпты. Ен­ді өз білгендерін іс­теп жүр. Олар­ға шаруалар мен кедейлер­дің қайғы-қасіреті­нің, зар-мұңы­ның көк тиын­дық құ­ны жоқ. Өз ой-пікіріңді, көзқара­сың­ды білдірсең, сен сая­си адасқан, жат идео­ло­гияға бой алдырған, партияның ба­ғы­тына қарсы, «оңшыл», «пан­тюркист», қоғамның жауы­сың. Ол – ол ма, бұл қоғамда шо­ви­нис­тік зұлым саясат, қазақты бірі­не бірін айдап салу саясаты ашық жүргізіледі. «Ұлы ұлт» «кі­ші ұлттарға» үстемдік жүр­гізу үшін жаралған!» деп өзеу­рейді өзгелер. Қысқасы, за­ман шындығы, дәуір шындығы, қоғам шындығы еш бүкпесіз, бүркемелеусіз, артық бояусыз көз алдыңнан өтіп жатады. Қажығұмар өмір сүрген Қытай им­периясында ұлт үшін күрес­кен адамға, еркін ой, еркін пікір үшін күрескен адамға тозақтың оты дайын. «Қайда барса, Қорқыттың көрі». Жала жаба салу, әй-шәйсіз айдап әке­ту, еш негізсіз, ешбір дәлелсіз абақтыға жаба салу, ата салу, аса салу ол билік үшін түк емес.
Қызықты сюжеттер мен жан түршіктірер оқиғалар тіз­бегі, махаббатқа деген адалдық пен туған-туыс, аға-қарын­дас­қа деген сүйіспеншілік, ел-жұртқа, ұлтқа деген перзенттік борыш пен салт-дәстүрге деген құрмет шығарманың өн бойынан орын алған.
Ойлағаны – жақсылық, іс­те­­гені – жақсылық, ары мен има­­ны тасып төгілген Биға­біл­дің прототипі – Қажығұмар Шабданұлының өзі еді…
Биғабілдің өмірі мен оның басынан өткен қиыншылықтар – жетпіс пайыз Қажығұ­мар­дың өз өмірінен алынған, өз ба­сынан өткен оқиғалар…
Қажығұмардың қиялынан ту­ған бір сюжет – романның соңын­да Биғабілдің туған жер то­пырағына, қазақ жеріне, ата­мекенге аман-есен оралуы. Бұл – Қажығұмар ақсақалдың 77 жылдан бергі арманы. Ол же­ті жасында, 1932 жылы ашар­шылық кезінде Таңсық да­ласынан арғы бетке бір үзім нан іздеп өткен еді…
«Құдіретті тергеушіге» та­рау-тарау, том-том «қыл­мы­сын» рет-ретімен баяндап отыр­ған Биғабілдің шын мә­нін­де қылмысы не? Қылмысы бар ма? Мәселе сонда – «Қыл­мыс­тың» өн бойы қылмысқа толы болғанымен, Биғабілге тән қылмыс таппайсыз. Тіпті, тыр­нақтың жасуындай жа­зығы болмаса да, оның сынып кет­пей, сон­ша­лық азап пен то­зақ­қа төзуі – ер­лік еді. Батылдық пен батыр­лық­тың осын­ша­лық­ты азапты үлгі­сін көрсету құ­мырсқадай құ­жы­наған мил­лиард­тың ішінде қа­зақ аза­ма­тының маңдайына бұйырыпты. Ал нағыз қанішерлер мен қыл­мыс­керлер – басқалар еді. Сол қылмыскерлердің қақпа­ны­на, қасқырлардың апанына Би­ғабілді өз қандастары, өз қа­зақ­тары қайта-қайта итеріп, құ­латумен болады…
Романның әр бөлімі «Құ­дірет­ті тергеушім! Өтірік қос­сам, тас төбемнен ұрыңыз!» деп басталса, оның соңғы нүк­те­сі «Қисық көз, қытымыр тер­геушім!» деп қойылуы да заңды. Бұлай деуге Биғабіл-Қажығұмардың моральдық қақысы бар. Былай дейді:
«Қисық көз, қытымыр тергеушім! Сенен құтылдым ғой, мысқылсыз, сықақсыз, қы­сы­лыссыз-қымтыры­лыс­сыз, айта алатын өз шындығымды айтайын: осы аяулыларымның да, менімен байланысты деп өлтірілген мыңдаған таныс, бейтаныс марқұмдардың бәр­і­нің де өліміне мен себепкер болдым. Бәрі де менің атыма таңылып, азапты жолымда өл­ді. Сондықтан қылмыс­сыз­бын дей алмаймын. Бірақ сол не­мемнің қай жерімде, қай ісімде екен­дігін жиырма неше жыл із­деп, тауып бере алмадым. Кеңір­дегіңіз шақылдап, ши­қыл­дап өндіршектей берге­ніңіз­бен, өзіңіз де ешқандай шындыққа үйлесе алатын мә­селе таба алмадыңыз…
Мұнан соң адал еңбегім мен ақылы талабымды ешкім қойын дәптеріне қара бояумен қыл­мыс етіп жаза алмайтын­ды­ғы анық. Олай болатыны, мен енді өз Отанымдамын! Дү­ниеде өз Отанынан айырылу­дан зор қылмыс жоқ екен!» деп түйеді жазушы.
Қытай империясына кіріп­тар ұлттың азаматы ұлт үшін күресті. «Қисық көз, қытымыр тер­геуші» бейнесіндегі Қытай им­периясының алдындағы оның бар қылмысы сол еді…
Сәуле ӘБЕДИНОВА
“Айқын” газеті

9 пікір - “Қажығұмардың «Қылмысы»”

  1. Гулжан:

    Бұл кісінің кітаптарын қайдан алуға болады.Біздің Ақтаудың кітап дүкендерінде қашан сатылады екен.Меніңше бул роман Республиканың барлық аймактарында сатылуы керек деп ойлаймын.Әсіресе біздің батыста.Көп жерлерді Кытайга сатып жібердігой.Мангыстаумунайгазды,Актобемунайгазды.Халық бұрыннан біліп жур ғой қытайлардын кандай екенін.Осы роман арқылы тереңірек біле туссе екен деймін кытайлардың қауіпті халық екенін.Қайран Манғыстаумунайгаз Кытайларга кор болдын ау.

  2. Дариға ДӘУРЕН:

    Қажығұмар ақсақалдың атын бұл күнде жиі естиміз. Тар қапаста тірлік кешіп, осындай роман жазып шығу ерекше болмыс иесінің қолынан келсе керек. Рухы биік адамның адамның бір ғана арманы – атамекенінің ауасын жұту, оралу… Мақала сәтті жазылған. Аннотациясының өзі ғана бүкіл мақалаға беломыртқа боларлық. Журналистің парызы – қоғамдық пікір қалыптастыру, көзі қарақты оқырманға ой салу. Бұл тұрғыдан алғанда автор өз міндетін толық атқарған деп сеніммен айта аламыз. Қаламы қарымды журналист бұдан былай да салмақты сұхбат, маңызды мақалаларын көптеп жазса деген тілек…

  3. Арман:

    Гулжан, кітапты алу үшін, өкінішке орай, Алматыға бару керек. Немесе, келген-кеткендерден алдыру керек. Ақтаудағы қазақша кітап саудасында жүргендерге арнайы тапсырыс берсеңіз де, алып келеді деп ойлаймын.

    Ал “Қылмыс” романы мен жазушы Қажығұмар Шабданұлы туралы мәліметтер орта мектептегі және жоғарғы оқу орындарындағы “Қазақ әдебиеті” пәнінің мемлекеттік бағдарламасына енгізілуі қажет деп ойлаймын.

  4. қажы мұқамбет қаракедей:

    Мен Иранда жүрген қазақ диаспорамын . Бұл жердегі қариялардан қалайша босып келгені туралы өте ащы әңгімелерін естігенім бар .Оларды жазып алудың өзі қиындау көрінеді . ” Қылмыс ” сияқты өнегелі туындылар біздей қариптарға өз қайғы – қасыреттерімізді анық сезініп баяндау үшін өлшеу болар деп ойлаймын . Сондай – ақ
    діні бір мемлекет пен идеялогиясы басқа ұлттарды салыстыру мүмкін болар еді . Қазақстанда болып өткен жасанды ашаршылық пен жатжерлердегі босқындықтардан ғибрат алуға осындай романдар септігі тиері сөзсіз .

  5. Таубаласы:

    Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары Талғат Мамашев: “Атамұраның дүкендеріне бірнеше данасын апарып қойғанбыз, бірақ алып жатқандар жоқ екен” деп еді. Негізі өзін қазақпын дейтін әр азамат бір рет оқып шығатын-ақ дүние екен. Мен қазір 4-томына келдім. Биғабілді алдыда не күтіп тұр екен деп, күнде үйге жетуге асығамын.

  6. Байсал:

    Кітапты қайдан алуға болатыны жөнінде сілтеме болса.

  7. Семсер:

    Президент Н. Назарбаевқа Қажығұмарды ата-жұртына алдыру арқылы ғана тарихта қалуына әбден болады. Өкінішке қарай ол кісі ертеңді емес, бүгінді ғана ойлайтын секілді. Ал Қажығұмардай қазақтың қайсар ақсақалына айтарым: Ардақты аға! Ендігі жерде қазақ билігіне жалына көрмеңізші. Бәрін бір Аллаға тапсырыңыз.

  8. Ержан:

    Қажығұмардың “Қылмыс” романындағы кейіпкерлердің суреттерін көргіңіз келсе, мына сілтемеден қараңыздар:
    http://www.yesteu.kz/2010/06/arxivten-alyngan-suret-turaly/

  9. Қайрат:

    Бұл кітапты Алматы қаласында Көкбазарға таяу орналасқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесінде (”Атажұрт” баспа орталығында) сатып алуға болады. Ал кітап дүкендерінен мен бұл кітапты “Атамұра” дүкенінде (Абылайхан мен Гоголь көшелерінің қиылысында) және “Книжный город” (”Самал” м-ауданда, Жолдсабеков көшесінде) дүкенінде көрдім.

Пікір жазу

Серіктестер