Бұл мақала 515 рет оқылды, 2 рет бүгін
Белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың «Этногарфпен әңгіме» атты кітабы қазір баспада жатыр. Қалың оқырманға жол тартуға жақын. Кітаптың қалай дүниеге келгені туралы, қандай мақсатпен жазылғанын Қасағаң сонда айқын жазған. Біздің айтарымыз бұл кітап ақын мен этнограф Жағда Бабалықұлының арасынғы сыр-сұхбатқа құралған. Қазақтың салт-дәсүріне, әдет-ғұрыпына қатысты дүниенің бәрі қозғалған. Біз бүгін Қасымхан Бегмановтың кітабындағы Қажығұмар Шабданұлына қатысты жерін ғана жариялап отырмыз.
Айта кетер бір дүние бар. Қажығұмар ақсақалдың «Қылмысын» оқып отырсаңыз, Жағда Бабалықұлының атын бірнеше жерден кезіктіресіз. Сондай-ақ, шығармада барлық кейіпкерлердің аты-жөні өзгерген. Аттары өзгермеген екі-ақ адам бар. Оның бірі осы Жағда ақсақал болса, екіншісі ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшысы Оспан батыр.
– Аға, бір кездері тағдырдың жазуымен аспан асты елінде дүниеге келіп, сонда өмір сүрдіңіз? Сол кезеңдерде біз көп біле бермейтін қазақтың жазушысы, Қажығұмар Шабданұлымен де заманында бірге жүрдіңіз. Осы кісі жайында айтып беріңізші?
– Ол қырық бір жыл абақтыда, бес жыл үй қамақта отырды. Мұның өзіне де бірнеше жыл толыпты. Қазірдің өзінде бес жылдан асып кетті үй қамақта отырғанына. Қажығұмарды Шәуешектен әлі де шығармай отыр. Өмірінің аяғына дейін үй қамақта отыратын сияқты. Әлі де босатпай отыр ғой. Ол ешқашан қолына қару ұстаған адам емес. Осы жерде туыстары бар. Солармен де көрісуге шамасы жоқ. Үнемі қатаң бақылауда. Нендей қылмысы бар? Оны тек Қытай жағы біледі. Менің ойымша Қытайдың мұнымен шаруасы жоқ. Жергілікті «ҰҚК» секілділер ортада нан жеп отыр. Сол қызметшілер Қытайға қарсы шыққан адамды бақылап отырмыз деп мәлімдеме жасайды. Мұның еш кінәсы жоқ. Қажығұмар менің туысым болып келеді. Оның түрмедегі қатаң жазалау мерзімі 2005 жылдың наурызында аяқталған. Жаңа айттым ғой, бірақ, әлі де Шәуешекте үй қамақта отыр.
– Қажығұмармен қай жағынан туыс болып келесіздер?
– Қай жағынан дегенде жалпы біздің Семізнайманның ішінде Қасқа деген ру беске бөлінеді. Соның біреуі ғой Қажығұмар. Олар Қожан. Біз Қасқамыз. 1990 жылы Алматыда «Невада-Семей» қозғалысына орай үлкен жиын болды. Соған мені де шақырған екен. Бардым. Маған сөз де берілді. Сөзім аяқталған соң, «Қазақтың Қажығұмар деген жазушысы бар, отыз алты жылдан бері түрмеде отыр, әлі бостандыққа шыққан жоқ, қай уақытта босап шығатыны белгісіз, осыны естіп кетіңдер. Оның он томдық «Қылмыс» деген романы бар» деп айқайладым. Ел естіді. Содан мен төменге түсіп кеттім. Әлгі жиын өткеннен кейін екі-үш айдан соң маған Лондоннан хат келді. Сол кісінің өмірбаянын жіберсеңіз депті. Мен Қажығұмардың толық өмірбаянын жазып жібердім. «Қылмыс» романының ІІ-томы бар еді, арабша жазылған, соны қоса жібердім. Үш-төрт ай өткен соң жауап келді. Біз сұрастырып көрдік. Қытайға талап қойдық. «Егер Қажығұмар Шабданұлының қылмысы бар десеңіздер, онда Халықаралық сотқа арыз беріп, мәселенің ақ-қарасын шешіңдер деп Қытай Үкіметіне шарт қойдық»,– деп жазылыпты хатта. Соны осындағы газет беттерінде жарияладым.
– Бұл қай жылдары еді?
– 1990 жылдар ғой. Бұл әлі де болса шешілмей тұр. Президенттің өзіне хат жаздық. Ол кісі бұған көңіл аудара қойған жоқ. Жақында ғана сөйлесіп, хабар алдым. Аман-саулығын жеткізді.
– Қазір ол кісі қазір қайда тұрып жатыр?
– Шәуешекте.
– Ол кісіден ұрпақ бар ма?
– Бала-шағасы бар. Осы жақта бір-екі баласы бар. Екінші әйелінің балалары ана жақта. Туған ағасы Мақаншыда тұратын еді, жуырда арманда көз жұмды. Өйткені бауырын бір көруге зар болып, құсадан кетті. Қажығұмар Шабданұлы биыл сексен бес жасқа толады. Қаршадайынан тағдырдың тәлкегіне тап болып, 1932 жылы жеті жасында ашаршылыққа ұшыраған жұртпен бірге Шәуешекке өтуге мәжбүр болған. Жазушылықты арман еткен өзінің ізденімпаз қасиетінің арқасында біржола шығармашылық жолға түсті. 1933 жылдан бастап бастауыш мектепте, 1937-1941 жылдар аралығында мұғалімдер даярлайтын мектепті бітіріп, әдебиетпен шұғылданды. Қателеспесем 1950 жылдардан бастап жазушылықпен түбегейлі айналысып келеді.
– Қандай еңбектері бар?
– Енді алғашқы жылдары жазғаны «Өлеңдер мен дастандар» және «Бақыт жолында» атты романы Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан жарық көрді. Қажығұмар 1944-1945 жылдары мұғалім болып жүрген шағында жазықсыз қамалып, бір жылдан соң Гоминдаң абақтысынан ақталып шықан болатын. 1946 жылы Үрімжі қаласынан Құлжаға келген сапарында, Шығыс Түркістан Үкіметінің сақшылары Қажығұмарды «Гоминдаң жансызы» деп тағы да қамап тастап, жарты жылдан соң ақтап шығарады. 1957 жылдан 1975 жылға дейінгі он сегіз жылдық ғұмырын Мао Үкіметінің «Тарым» дейтін лагері болған, сонда өткізді. Қытайдағы «төрт банданың» кесірлі дәуірі аяқталған соң 1975-1986 жылдар аралығында ол бостандықта болды. Сол уақытта «Қылмыс» романынының алғашқы томдарын жаза бастады-ау деймін.
– Содан?
– 1986 жылы тағы да қамауға алынады. Қандай жазығы бар екені бізге мәлім емес. «Кеңес Одағының жансызы» деген айып тағылған көрінеді. Оған біз әрине сенгеніміз жоқ. Осындай қиын тағдырына қынжыла қалам тартқан белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов «Кезінде барлық жанрда қалам тартқан Шыңжаңдағы жаңа әдебиеттің негізін салушылардың бірі, алты томдық қылмыс романының авторы, бір сөзбен айтқанда Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің маңдайға біткен жалғыз классигі 1986 жылдың ақырында қайтадан қамауға алыныпты. Бұл жолы он бес жылға кесілген. Таққан айыбы не дейсіз ғой? Анау-мынау емес, «Кеңес Одағының тыңшысы». Осылай деп көше аралатып, мойнына тақтай іліп, айдай әлемге жариялаған. Ендігі айтар сөз біздер – Қазақстан жазушылары өзіміздің қандас, қаламдас бауырымызға қалайда қол ұшын беруіміз керек. Кейде айдаладағы Африканың қара нәсіліне де бостандық берілсін деп жатамыз ғой. Ал қазақ әдебиетіне қырық жыл бойы талмай еңбек еткен талант иесі, бір халықтың маңдайына басар жұлдызын тас түрмеде тарықтыру қай-қайсымыздың да қабырғамызға батар деп сенемін. Екінші тілек мемлекеттік бақылаушы органдарына қаратылмақ. Меніңше, мұндайда шешуші сөзді солар айтуға тиіс. Біздің барлау органдары өздерінің ақтығын, өз қызметтерінің Қажығұмар Шабданұлына ешқандай қатысы жоқ екенін көрші елдің алдында дәлелдесін. Ал егер дәлелдей алмаса көршіден кешірім сұрай ма, айып төлей ме, әйтеуір қазақтың үлкен жазушысын қамаудан босатуға көмектесулері керек» деді бір кездері жаны күйзелген Қабдеш бауырым. Қай халықтан болса да жазаланып өлімнен аман қалғандар саны аз емес. Солардың бірі – өмір бойы ұлттық бостандық, ой азабын, ұзақ мерізімді абақты азабын, тағдырдың өте ауыр тақсіретін тартсада, қара нардай қайыспай алты томдық «Қылмыс» атты роман жазған атақты Қажығұмар Шабданұлы ғой ол.
– Сұмдық-ай десеңізші. Өзіңіз сөз қылған «Тарым» лагері қайда еді?
– Енді өмірінің он сегіз жылын сол лагерьде өткізіпті. Бұл Оңтүстік Шыңжаңдағы «Такламакан» лагері. Содан елге келген соң табаны күректей төрт жыл жұмыссыз жүрді. Сол кезеңде Іле Қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағындағы бірде-бір мекеме ұлы жазушыны қызметке алмады. Жергілікті өкімет азамат, адам ретінде есепке де алмағаны ғой. Қажығұмарда «Қара шыңырақ» атанады.
– «Қара шаңырақ» дегені не екен өзі?
– Қытайда өкіметтің есебінде жоқ адамдарды «қара шаңырақ» дейді. Осындағы есепте жоқ қаңғыбастар секілді.
Жан бағу, бала-шаға, отбасын асырау қамымен төрт жыл табан тоздырып, нан іздеп қаңғырғанын ешкім көзге де ілгенде жоқ. Үрей мен қорқыныштың азабы жайлап, жүрегі әбден шайлыққан Қажығұмар өзінің үйінің тас еденінің астында талай тығылып жатқан кездері де болған. Кейін ғана үкіметтің жәрдемі тиіп, жұмысқа орналастырып, қамқорлық жасаған уақытында «төрт жыл «қара шаңырақ» атанған кезім, түрмедегі сәттерімнен де ауыр болды ғой» деп жазды өзі. Міне, отырса – опақ, тұрса – сопақ, ақырын жүрсе – балпаң, қатты жүрсе – шаңды аяқ, сөйлесе – қу ауыз, сөйлемесе – дорба ауыз атанған Қажығұмарды елге қайтарудың бір жолын қайтсек те табуымыз керек.
– Аға Қажықұмар Шабданұлының бұл күндері әлгінде өзіңіз айтқандай ел жақсы білетін «Қылмыс» дейтін алты томдық романын қалай жазды?
– Ол көп шығармасын түрмеде жазды. Мына «Қылмыс» романының алғашқы екі томы бостандықта жазылса, қалған төрт томын тар қапаста жазуға мәжбүр болды. Дүние жүзінде ешбір елде дәл осындай тағдырдың теперішіне ұшыраған бірде-бір жазушы тарихта болған емес. Осы алғашқы қос томы он бес мың данамен шыққанда халық кезекке тұрып, талап кеткен. Бүгінде сол жақтағы қазақтың әрбірінің үйіндегі кітап сөрелерінде қасқайып тұр. Бұл шығарманы ол отыз жылдай уақыт жүріп соңғы нүктесін қойды. Ол қазақ елінің тәуелсіздігі жолында анау Қытай жерінде жүріп күресті. Бүкіл халық болып елге алып келу ісімен шұғылданып жатыр. Елге келгені дұрыс деп санаймын. Ол жақтағы күнкөрісі де оңып тұрғаны шамалы. Өзінің зейнетақысы да, алып отырған жалақысы да жоқ. Кемпірінің біздің теңгеге шаққанда сегіз мыңдай зейнетақысымен күн көріп отыр. Қажығұмардың еңбектерін жарыққа шығаруға көп күш жұмсадық. Осы «Қылмыс» романының төртінші томы біздің шекараға үш рет келіп, үш рет ары қарай қайта кетті. Төртінші рет келгенде барып, әрең бергі бетке өткіздік. Түн ішінде Құмар дейтін жігіт бар еді, сол телефон шалып, «Жәке, төртінші том қолымда» – деді. Сағат түнгі он бір болып қалған. Дәл қазір алып кел дедім қуанғаннан асып-сасып. Кітап қолыма тие сала, дереу Қабдешке хабарладым. «Міне, төртінші том қолымда тұр» деп едім, «ойбай қазір барайын ба?» деді. «Жоқ, таңертең кел» дедім оған. Таң атысымен ерте келді, мен қолжазбаны Қабдештің қолына тапсырдым. Қажығұмардың шығармаларының жарыққа шығуына осы жігіттер көп еңбек сіңірді. Әсіресе өзі де мықты жазушы Қабдеш Жұмаділовтің көп уақыты кетті, еңбегі көп сіңді. Алты томдығын өзі бастырып, кириллицаға аударды. Әділдік үшін айтып отырмын. Ел білсін деп айтып отырмын мұны. Осы біз сөз қылып отырған «Қылмыс» дейтін романның соңғы жағында «Дүниеде өз отанынан айырылудан өткен үлкен қылмыс жоқ екен» дейді Қажекең. Мүмкін мұны көзіне жас алып отырып жазған болар. Әйтседе осы сөздің ар жағында ауыр нәрсенің жатқаны рас.
Қасымхан БЕГМАНОВ.



Қазақ бауырларым.20-шы ғасырда алаш баласының көрмеген тауқыметі қалмады.Енді бас көтеріп болашақ ұрпақ үшін,осы кісілердің көрген қорлықтарын көрмейтіндей қоғам құрып,бес күн өмірімізді дұрыстап өткізу үшін оянайық.Міне МЕН қазақтың баласы танып қой деп айқайлайтын күнге тезірек жетейік.
Ағамызды елге қайтару ерлік болмақ.
О заман да,бұ заман өз еліңді сүйгенің қылмыс болған соң бұл фәниге не щара.
“Қылмыс” романын Иранда жүрген шашыранды қазақ қалай алып оқи алар екен ? Ал өз отанынан айрылу қылмыс десек оның обалы кімнің мойнында дейміз ? Құранға көре адамдар тіршілікте қорлыққа мойын бермелі емес . Тіпті болмаса қорлық көріп жата бергенше көшу керек . Әйтпесе жүрген жері тамұқтың өзі болмақ . Не дегенмен шарасыз шал – кемпір мен нашар бала – шағаның жайы басқа . Құдай деп мұсылман елдерге көшкендер кеңшілік көріп ең азы ата – баба жолынан адаспай жүреді деуге әбден болады . Тағы бір қосарым :Қазақстандағы бүгінгі қазақтар өз тіл , дін мен ділінен айырылып кез келген миссионерлердің ойыншығы болып енді түрлі – түрлі секткларға бөліпіп мәденитінің парша – паршасы щығып отырғаны баяғы қасіретті нәубетте құдайдан да күдер үзгендерінің салдары болмасын . Сонымен Қажекеңнің әлгі сөзінің астары белгілі болады -ау . Алла тағаладан медет болғай . Бірақ құдайдың жәрдемі біздің жігерімзге байланысты .
Қазақты қазақ қылатын, ұлтты ұйытатын бір жан болса қанекей.
Өз қолың өз аузыңа жететін күн болар ма екен.
Арман ғой бұл, шіркін. Қазақ қайтсек төрт құбыласы түгел ел болар екен…
2030-ға жақындап келеміз. Сол кезде……………
Ұлы адамнан үлкен сыр сұхбат алып қалған азаматқа көп, рахмет. Ол қашан кітап боп шығар екен, іздеп жүрмін! Оқу керек!
аспан асты елі демейақ қытай елі дей салса болдығой
Керемет, өзіме ұнады, кітап боп шықса, қайдан алуға болады?