1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (Мақалаға баға беріңіз)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 267 рет оқылды, 1 рет бүгін

smanov_nurzhan

Кезiнде Нұржан Сманов, Қанатбек Шағатаев, Мұхтархан Дiлдәбеков, Мырзағали Айтжанов, Вячеслав Бурба секiлдi даңқты боксшыларды дайындап шығарған бiлiктi бапкер Нұрғали Сафиуллин соңғы төрт жылын көршiлес Қытайда өткiзгенi баршамызға аян. Бүгiнде ел ағасы Қытай жерiнен Қазақстанға қайта оралып, ұлттық құрама сапында аға бапкер болып қызмет атқарып жүр. Оңтүстiк өңiрдiң боксын өрге сүйреген бапкердi әңгiмеге тарттық.

– Соңғы әлем чемпионатындағы сәтсiздiк маған өте ауыр тидi, – дедi Н.Сафиуллин. – Мұндай төмен нәтиженi көр­сетуiмiзге тек қана бiр адамды кiнәлауға болмас. Менiңше, ел боксында күрмеуi шешiлмеген мәселелер жетiп артылады. Мәселен, құрама команданың сапында ардагер боксшылардың болмауы – қазiргi күннiң ең басты қателiгi. Құрамадағы ең тәжiрибелi боксшылар деп Серiк Сәпиев пен Бiржан Жақыповты атауға болады. Ал тәжiрибелi боксшысыз бәсекеге қабiлеттi құраманы жасақтау мүмкiн емес. Әрине, елiмiзде талантты жастар көп. Бiрақ олардың дайындықтары жеткiлiксiз болып жатыр. Жалпы, Қазақстан боксшыларының дене тәрбиесiнiң дайындығы әлемдегi басқа елдердiң боксшыларына қарағанда тө­м­ен екенiн мойындауымыз керек.
– Сонда бiздiң боксшылардың дене тәрбиесiнiң дайындығы Қытай боксшыларынан да төмен бе?
– Төмен деп айтуға болады. Қытайда боксшылардың ден­сау­лығы өте мықты. Екiншiден, олардың жұмыс iстеу қабiлетi де өте жоғары деңгейде. Қытай спортшылары тынбай жаттығуға дағдыланған. Сондай-ақ, бұл елде интернаттық жүйе кеңiнен дамыған. Үй, отбасы секiл­дi шаруалардың барлығын ығыстырып қойып, боксшылар алаңсыз жаттығумен айналысады.
– Қытайда қызмет iстеген төрт жылдың iшiн­де сiз алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?
– Маған жүктелген басты мiндет – Шыңжаң-Ұйғыр автономиясындағы боксшыларды Қытай спартакиадасына дайындау болатын. Бұл мiндеттi мен толықтай орындадым деп есептеймiн. Жарысқа қатысқан командамыз екi алтын, бiр күмiс және бiр қола медаль жеңiп алып, жалпы есепте бiрiншi орынды иелендi.
– Қытайлар келiсiм-шарттың мерзiмiн ұзартуды ұсынған шығар?
– Иә, тағы да бiрнеше жыл­ға қалуға ұсыныс жасады. Бiрақ, шәкiртiм Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың бас бапкерi болып тағайындалған соң, менi жұмысқа шақырды. Содан елге оралу керек деп шештiм.
– Қытайда талантты боксшы, қандасымыз Қанат Сiләмнiң бапкерi болдыңыз…
– Қанаттың арманы Олимпиа­да чемпионы болу едi. Чикагода өткен әлем бiрiн­шiлiгiнен кейiн Қанатты 75 келi салмаққа ауыстыру керек деп ұйғардым. Қанша тырыссам да, қытайларды бұған келiстiре алмай-ақ қойдым. Сөйтiп, Қанат 69 келi салмақта бiраз жыл жүрiп қалды. Табиғи салмағы өскеннен соң, бұл оның жаттығуына да кедергi келтiрдi. Егер олимпиада ойындарында шәкiртiм 75 келi салмақта өнер көрсеткенде, кем дегенде финалға жолдама алатын едi.
– Қытайда жүргенде жа­лақыңыз қанша болды?
– Айына екi мың доллар төлейтiн.
– Ал Қытайға кетпес бұрын Қазақстанда қанша жалақы алушы едiңiз?
– Үш жүз доллардан аспайтын. Қытайға кетуiмнiң себебiн ендi түсiнген боларсыз.
– Ал қазiргi еңбекақыңызға көңiлiңiз тола ма?
– Қазiргi табысым, (күлiп) Қытайда алып жүрген жалақымнан да жоғары.
– Сiздiң шәкiртiңiз Мырзағали Айтжанов ұлт­тық құраманың бас бапкерi болып тағайындалды. “Ұстаздан шәкiрт озар” деген осы шығар. Ал өзiңiздiң ұлттық құраманың бас бапкерi болу ойыңызда болған жоқ па?
– Маған осы жұмысым ыңғайлы. Мен бас бапкер бола алмаймын. Мен тек жаттығу жұмыстарын жүргiзумен ғана айналысқым келедi. Сонау 90-жылдардың басында, Әбдi­салан Нұрмахановтың кезiнен берi ұлттық құрамада қатардағы бапкер қызметiн атқарып келдiм. Қазақ боксының тасын өрге домалатқан Тұрсынғали Едiловтiң тұсында жемiстi жұмыс атқардым. Ал бас бап­кердiң мойнында ұйымдастыру жұмыстарымен қатар қағаз толтыру, есеп беру секiлдi жұмыстар қыруар. Мен олардың бiреуiн де атқара алмас едiм.
– Сiз осы уақытқа дейiн талай-талай шәкiрт тәрбиеледiңiз. Солардың iшiнде кiмдi мақтан тұтасыз?
- Мен ең әуелi Нұржан Смановпен мақтанар едiм. Ол көп жылдар бойы ұлттық құрамада нөмiрi бiрiншi боксшы болды. Өзiне артылған үмiттi ақтамаған кезi болған жоқ. Мұны бапкер ретiнде айтып отырмын. Алайда, Нұржанның өсiп-өрлеуiне жарақаттар мен денсаулығының нашарлауы кесiрiн келтiрдi. Бiрiншiден, Нұржан жас кезiнде қатты суықтап қалды. Бiрақ, бiз оны аяғына дейiн емдеместен жарысқа қатыстырдық. Қатыстырмақ түгiлi алдына “чемпион болуың керек” деген талап қойдық. Нұржан бұл талабымды орындады. Иркутскiде өткен КСРО чемпионатына қатысып, ауырғанына қарамастан чемпион атағын жеңiп алды. Екi кездесу барысында температурасы көтерiлiп, жөтелiн баса алмай жүрдi. Әрине, мұндай ауыртпалық Нұржанның денсаулығына керi әсер еттi. Тұмау артынша бронхитке ұласып, ауруы асқынып кеттi. Бiр жыл бойы емдедiк. Тiптi емделген соң да Нұржанның белгiлi деңгейде әлсiрегенi айтпаса да түсiнiктi. Екiншiден, арада бiраз жыл өткен соң Пәкiстанда өткен жарысқа ұлттық құраманың сапында 5 боксшыны апардық. Қо­нақ үйде сапасыз су iшкен олардың барлығы сары ауру жұқтырып алды. Бұл да Смановтың денсаулығын нашарлатты. Қазiр ойлап отырсам, Нұржанды дұрыс баптай алмаппыз ғой.
– Олимпиада ойындарына әлi екi жылдай уақыт бар. Дайындықты осы бас­тан-ақ қолға алған шығарсыздар?..
– Лондон олимпиадасына дайындықты қазiрден бастап кеттiк. Олимпиадаға дейiн де дүбiрлi додалар күтiп тұр. Мәселен, осы күзде Азия ойындары, келесi жылы әлем бiрiншiлiгi дегендей. Әрине, бұрынғы биiктерден көрiну оңайға соқпайтынын бiлемiн. Дегенмен, кү­дiктен гөрi үмiтiмiз басым. Әзiр­ше спорттан кету ойымда жоқ. Менiң шамам әлi үш олимпиадаға еркiн жетедi. Алдағы уақыттарда жаңа чемпиондарды тәрбиелеп шығару ойымда бар.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен – Ғалымжан ЕЛШIБАЙ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
“Жас Алаш” газеті.
Ескерту: мақаланың негізгі тақырыбы Нұрғали САФИУЛЛИН, бокстан Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы: Менiң шамам әлi үш олимпиадаға еркiн жетедi деп аталады.

1 пікір - ““Нұржанды дұрыс баптай алмадық””

  1. Аноним:

    мқала өте жақсы

Пікір жазу

Серіктестер