Бұл мақала 504 рет оқылды, 1 рет бүгін
Әлі есімде. Саңлақ Саттархановтың Сидней төрінде атой салғаны… Жиырмаға жаңа ғана аяқ басқан бозбала бүткіл қазақтың үміт-арманын бір сәтте орындап, жиырма жыл зарыға күткен Олимп шыңын бағындырып, төбемізді көкке жеткізіп еді-ау… Көріністер күні кешегідей көз алдымда тұр.
Қайран, Бекзат-баһадүрім-ай! Алты Алаштың баласына жұдырығыңмен бақыт сыйлап едің-ау. Қарға тамырлы қазақтың атын бір мезеттің ішінде көкке шығарып, Қазақстан деген қарашаңырақты қуанышқа қарық қылған ең… Амал қайсы, ажал тырнағы арамыздан ерте алып кетті. Сені жұрттың бәрі жоқтады. Бірақ сол жоқтау қазір тоқтады. Көздегі жас та құрғады.
Баһадүр көзден кеткен соң, көңілден де кете ме, қалай? 2000 жылы қазақ халқы «Бекзат Саттарханов» деген есімді жүректеріне мәңгіге жазып алғандай көрінген. Қайдағы? Батырдың топырағы кеппей жатып-ақ, оның есімін қазақ қоғамы есінен шығара бастады. Тірі күнінде босағасынан адам арылмайтын шаңыраққа да адам баруын сиретті. Түркістанға бір барғанымда анасы егіліп отырып ішіндегі сырын ақтарған. Ана жүрегі езіліп отырып, баласының аты аталмай жатқанын айтқан.
Әрине, Бекзаттың атында жарыс өтеді. Шымкент, Түркістан қалаларындағы спорт сарайлары да Саттарханов есімін иеленген. Алматыда көше аты бар… Көше аты бар дегеннен шығады. «Аламан» спорт сайты кеше бір ақпарат жариялады. Саттархановтың Алматыдағы көшесіне байланысты. Енді сөзімізді сол бойынша жалғайық.
Алматы қалалық әкімдігі «Алматы көшелері» деген адам ұрса, есінен танарлықтай қалың кітап шығарыпты. Сапасы жоғары. Безендірілуі керемет. Беті жылтырап тұр. Бірақ беті жылтырағанын қайтейік, ішінде адам жүрегін езетін қателер жүр. Мәселен, Бекзат-батырға байланысты. Біреу білер, біреу білмес, Алматының «Таугүл» дейтін ықшамауданында Бекзаттың атындағы көше бар. Айналасы қозы жайылым жер. Әлгі кітапқа былай деп жазылыпты.
«Көшеге қазақ боксшысы, Сеул олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың есімі (Алматы қаласы мәслихатының 24.12.2003 №26 шешімі мен Алматы қаласы әкімшілігінің 26.12.2003 №5/764 қаулысы) берілген. Саттарханов Бекзат (1982-2000) Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында дүниеге келген».
Ахметжан Есімов бас болып, Серік Сейдуманов қос болып, Кенжехан Матыжанов дем беріп шығарған кітаптағы сорақы қателікке не деуге болады? Бекзаттың Сиднейде топ жарғанын кітап шығарушылар қалай білмейді? Ол азат қазақ тарихындағы сәулелі күннің бірі емес пе? «Оғланым озды» деп қалпағымызды аспанға атпадық па? «Саттарханов салған сара жол» демедік пе? Әрі-беріден соң өткен ғасырда емес, осы ғасырдың басындағы айтулы күн еді ғой ол. Кешегі күнді бүгін ұмытып жатсақ, онда қазақтың тарихи жадысы әлсіреген шығар. Жоқ. Олай дей алмаймыз. Қадым заманғы уақиғаны қазіргідей айтатын жад тек қазақта ғана бар. Бұл әкімдікте отырған кейбір білгіштердің білместігі ғана.
Саңлақ Саттархановты 1982 жылы туды деп көрсетіпті (дүниеден озған жылын біледі екен әйтеуір). Айналайындар-ау, Бекзат-батыр 1980 жылдың 4 сәуірінде дүние есігін ашпап па еді? Серік Қонақбаев Мәскеу Олимпиадасында жасындай жарқырап жүргенде, Бекзат бесікте жатып еді ғой… Сол жылы Сырдың бойында безгек ауруы бар баланы шарпып, 80-ші жылы туған түлектердің бәрі шетінеп, Бекзат та сол дертке шалдығып, дәрігер «дайындалыңдар, өледі» деп диагноз қойғанда үш күн бойы нәр тартпаған бала батыр төртінші күні көзі жылтырап бесікте үн шығарып жатқан-тын. Таң сәріден тұрған анасы баласының дауысын естіп, егіліп жылаған. Құдайдың құдыретімен Бекзат аман қалған. Сол өлімді жолды өткеріп, қазаққа Олимпиада алтынын алып беріп, құйрықты жұлдыздай төбемізден ағып түскен. Осыны да білмей ме бейбақтар?!
Қазақта Олимпиада чемпионы көп емес. Саусақпен санауға болады. Естеріңізде жоқ болса, қайталап тағы да айтайық. Тәуелсіздік алғаннан бері Атлантада Василий Жиров, Сиднейде Бекзат пен Ермахан Ыбырайымов, Ольга Шишигина, Афиныда Бақтияр Артаев, Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев пен Илья Ильин Олимпиада шыңын бағындырды. Ең болмаса, осы есімдерді ұмытпайықшы…
З.ЗОРКЕ.



Саттархановка деген сорақы сый деген макала авторын жазу керек еді. Бұл этика. Сондай-ақ, бір қуантарлығы заманның қолдау. Осылай, барлық қазақ журналисттері көтеріп, тоқтамай көтере беру керек. Өйткені бұл бәрімізге ортақ шаруа.
Жаксы жазылыпты! Жировтыда киргизип койу керек
Кім жазса да, Бекзатты бір адамдай біледі екен. Өз басым оның жаман аурумен ауырғанын естімеппін. Ал Алматы қаласының қателігі таза білімсіздіктен болған. Сосын ана Саттрхановқа деген сорақы сый деген мақаланың авторын атамағанмен, оның қайда жарияланғаны жазылыпты ғой. Сондықтан автор ренжімейтін шығар. Бастысы қазақ сайттарының бірлесіп, бірінің айтқанын бірі іліп әкетіп жатқаны. Анау абай, мінбер дегендер де осыны жазуы керек.
Томановты ерте тудырып, кеш олтiрген кiтапка жауапты адамдар туралы не айтуга болады екен?….Кызык!
Бар бәле жауапты қызметке не мамандығы келмейтін не сауаты жетпейтін, көкелерінің арқасында отырған қисық ауыздардың шексіз етек жаю нәтижесінен болып жатқан дүниелер.Қуырдақтың көкесі қай жерде де жетеді. Қалжыңға үйір ортамыз “Қызықстан” деп бекер айтып жүрген жоқ. Қазақ десе ішінде бәріміз бірге кетеміз. Мәселен полицияны алалық. Ол мекемеде заң деген сөзден болмысы алшақ зоотехник, веттехник, электрик, инженер, механик, сержант қатарында тракторист, автокөлік жүргізушісі тағысын тағы толып жатыр. Жазған хаттамаларының өне бойы толған қате. Сол қатемен прокуратура, одан әрі соттан өтіп архивке кетіп жатыр. Кез келген мекемеге барып көрсеңіздер ұзыннан шұбақ саяси және тарихи қатені шаш етектен табуға болады. Ал мамандық алған, тек сүйенері жоқ сауатты жастар босып жүр.
Біртуар ұл Бекзатым-ай.Сені де ұмытайын деген екен.
Қате жібергендер жауап берсін.