Бұл мақала 248 рет оқылды, 2 рет бүгін
Бильярдтың аралас пирамида түрiнен әлем чемпионатының Алматы қаласында өтiп келе жатқандығына биыл үшiншi жыл. Әзiрге тақымымыз берiк, қанжығамыз майлаулы. «Үшiншi рет әлем чемпионы қазақтан шықты» деп бөркiмiздi аспанға атудамыз.
Тағы да бiр рет естерiңiзге салып өтейiк, 2008 жылы 17 жастағы қазақ спортшысы Әлихан Қаранеев финалда украиналық спортшы, халықаралық дәрежедегi спорт шеберi Александр Венокурды 6:0 есебiмен тұқыртқандығы есiмiзде. 2009 жылы сол үздiк спортшымыз финалға тағы да шығып, өзiнiң отандасы Әуез Елубаевпен сынға түстi. Ең керемет тартысты ойын деп осыны айтсақ, әбден жарасар. Екi спортшы да бас жүлдеге лайық өнер өрсеттi. Әйтсе де, бағы басымдау болған семейлiк Әуез Елубаев 23 жасында аралас пирамидадан әлем чемпионы атанды. Сол бiр дәстүрге айналаған доданың шымылдығы Алматыда биыл тағы да түрiлдi. Бұрын 30 елден 64 спортшы қатысатын болса, биыл сондай есептегi тастаяқ шеберлерi 15 елден жиылыпты. Достық спорт кешенiне бильярд сүйер алматылықтар төрт күн бойы ағылды. Жүлде қоры әдеттегiдей 30 мың АҚШ доллары, екiншi орын үшiн соның үштен бiр бөлiгi (7 мың АҚШ доллары) ұсынылды. Бiрақ, бiздiң айтпағымыз ақшасында емес, сiз бен бiзге белгiсiз болған су жаңа әлем чемпионына қатысты болып отыр.
Биыл жарысқа қатысушы спортшылардың iшiнде есiмi әлi елге белгiсiз бiрнеше спортшы қатысты. Солардың iшiнде Тәжiкстан елiнiң намысын қорғауға келген қос спортшы Алдияр Омаров пен Ернар Шымбаев болатын. Екеуi де бұрын-соңды елге таныла қоймаған, халықаралық сындарда тырнақалды ойындарын ендi ғана өткiзiп жүрген спортшылар екен. Алайда, неге екенi белгiсiз Ернар Шымбаевтың аты да, заты да қазаққа етене жақын сияқты болып көрiндi маған. Ақырында, сол спортшымыз менiң күмәнiмдi басу үшiн арнайы оқталғандай финалға шықпасы бар ма?..
Сол Ернар ақтық сынға дейiн өзiнiң жарыс жолында екi бiрдей қазақ спортшысы Дәурен Орынбаев пен Икрам Ахметовты жеңді. Одан қалды қырғыздың сақа спортшысы, бильярдтан спорт шеберi Құбанышбек Сағындықовтан 5:4 есебiмен басым түстi. Бiр қызығы, Ернар Шымбаев жартылай финалға дейiн Тәжiкстан елiнiң атынан өнер көрсете келiп, аяқ астынан финалда қазақстандық бола қалғандығында…
Оның жауабын ешкiмнен сұрап жатудың қажетi жоқ. Егер жарысты бастан-аяқ үзбей көрген болсаңыз, бұл жұмбақтың шешiмiн ойланбастан-ақ тауып алған болар едiңiз.
Биылғы жарысқа аралас пирамидадан Азия Кеңесiнде өнер көрсетететiн бiрнеше қазақ спортшыларынан бөлек Қазақстанның атынан 8 бiрдей тастаяқ шеберлерi қатысты. Олардың iшiнде халықаралық дәрежедегi спорт шеберлерi Әлихан Қаранеев, Эмиль Мударисов, Гарри Акопов, Қаныбек Сағындықов және спорт шеберi Әуез Елубаев бар-тын. Ендi қараңыз, осы аты аталған спортшылардың барлығы жартылай финалға дейiн жарыс жолынан шығып қалды. Көпшiлiк үмiт артқан Әлихан Қаранеевтiң өзi қырғыздың әккi спортшысы Қаныбек Сағынбаевтан жеңiлiс тапты. Содан бiздiң спорт басшылары украниналық Ярослав Тарновецкий мен қырғызстандық Қаныбек Сағынбаевқа қарсы тұрарлық қазақ спортшысының жоқ екендiгiн сезiп қапаланды. Соңғы үмiтi ретiнде саналған Икрам Ахметов жартылай финалда Тәжiкстан атынан шыққан қазақ Ернар Шымбаевтан жеңiлiс тапты. Осылайша, финалдық бәсекеде өнер көрсететiн екi спортшы анықталды. Оның бiрi – Қаныбек Сағынбаев, екiншiсi – Ернар Шымбаев. Осы кезде Тәжiкстан атынан тiркелген спортшы Ернар Шымбаев аяқ астынан қазақ болып шыға келдi. Неге? Өйткенi тапсырма солай болды. Жоғарыдан келген тапсырма бойынша биыл қалайда әлем чемпионы қазақтан шығу керек болатын. Оның үстiне ұлттық құрамаға iлiкпей, жарыс жолын Тәжiкстан атынан бастаған Ернар Шымбаев оңай олжа еді. Уақытында еленбей, дәл керек кезде табылған Ернар Шымбаевты «Ол неге қазақ бола тұра, Тәжiкстан елiнiң атынан шығады?» деп жанымыз мұрнымыздың ұшына келгенде байбаламға салдық. Осы ендi әдiлетсiздiк пе? Әркiм финалға шыққан спортшысын керек кезiнде өзiне қайтаратын болса, онда бiздiң Ванкуверде қол жеткiзген күмiс жүлдемiздi де орыстар иеленер едi ғой. Қазақстанның намысын ақша үшiн келiп қорғайтын қаншама шетелдік келген зiлтемiршiлер қаншалықты абырой әперiп жатқандығына көз жұма қарауға болмас. Ендеше, кешегi Ернар Шымбаев алып берген Кубок Тәжiкстан елiне берiлуi керек сияқты. Одан опа таппаспыз, ешкiмнен кемiп қалмаспыз…
Досжан ДІЛДАБАЙ


