Бұл мақала 224 рет оқылды, 2 рет бүгін
Бұл сұраққа ардагер журналист, белгiлi спорт комментаторы Рабат Жәнiбеков «мен» деп жауап бередi. Шынында да, ең алғаш қазақтiлдi спорт комментаторы Рабат Жәнiбеков па? Сонда қазақ спорт журналистикасының дамуына үлес қосқан, телерадиодан ең алғаш қазақ тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып репортаждар жасаған, бүгiнде зейнеткерлiкке шығып отырған Сұлтанғали Қаратайұлына қандай атақ бермекпiз…
Осы бiр түсiнiксiз жәйт бiздi әрдайым мазалайды. Әрине, осы күнге дейiнгi алаш зиялыларының бiзге беймәлiм тұстары ашылып жатқанда, мұндай «қазақтiлдi тұңғыш комментатордың» есiмiн атап беру түкке тұрғысыз. Өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағы телеарналардан спорттық бағдарламаларды, көрсетiлiмдердi, репортаждарды үзбей көрген ағаларымыздан сұрар болсақ, ойланбастан қазақтан шыққан тұңғыш комментатордың Сұлтанғали Қаратайұлы екендiгiн айтып бередi. Ендеше, мұндай атаққа таласуға не үшiн Рабат Жәнiбеков белiн бекем буды екен? «Құрттың атын өзгертiп малта қойсақ та», Сұлтанғали Қаратайұлының есiмiне берлiген атақты не себептi Рабат Жәнiбековтiң тақымына салып беруге тиiспіз? Тiптi, Сұлтанғали Қаратайұлының сөзiне қарағанда, «Қазақтiлдi тұңғыш комментатор – Сұлтанғали Қаратайұлы» деген айбарлы сөз өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген энциклопедияларда да бар екен.
Осы турасында Сұлтанғали ағамызды бiраз сөзге тартқан болатынбыз. Бiздiң мiндет – тарихта жалған мәлiмет қалдырмау.
– Менiң ешкiммен атақ үшiн таласқым келмейдi. Алайда, көзге ұрып тұрған шындықтың жолында не үшiн күреспеске? Тағы бiр түсiнбейтiнiм, Рабаттың бұл атаққа не үшiн құмартқандығында болып отыр. Атақ ешқашан адамға артық етпейдi. Бiрақ, ұят деген бiр керемет қолжетпес құндылық бар адамда. Мiне, сол құндылығын атақ үшiн айырбастауға болмайды. Алғаш комментаторлыққа келген кезiмiздiң арасын небәрi бiр-ақ жыл бөлiп тұрса, бiр басқа. Мен 1963 жылы ең алғаш радиода жұмыс iстей бастадым. Одан кейiн 1965 жылы телеарнаға жұмысқа тұрдым. Бұл кезде Рабат Жәнiбековтi ешкiм де танымайтын. Содан бiрер жыл өткеннен кейiн Рабат Жәнiбеков жұмысқа алынды (Бұл кезде бiз телеарна жұмысына үйренiсiп, қалыптасып қалған кезiмiз болатын). Қарапайым қазақтың қара домалағы. Өзi тым жуас жiгiт болатын. Содан оны «Абай» редакциясына жұмысқа алды. Артынан «Әскери патриоттық» редакциясына ауысты. Бұл уақытта телеарнадағы спорттық репортаждардың барлығын өзiм жасайтынмын. Спорттық терминдердiң барлығын ең алғаш қазақша сөйлеткен де мен болатын. Мұның өзi оңай шаруа емес. Бiле бiлсеңiз, әлi күнге дейiн спорттық терминдердiң барлығы қазақшаға толықтай аударылып бiткен жоқ. Орыс комментаторларының барлығы бұл кезде қалыптасып үлгерген. Ендi, осындай қиындықтарды бастан өткере отырып, мен не себептi өзiмдi «тұңғыш қазақтiлдi комментатор» деп есептемеймiн? Оның үстiне арнайы репортаждар жасау барысында Хрущевтi көрсетудi бiр-екi рет ұмытып кетiп, КГБ-ның адамдарынан таяқ жегенiм тағы бар. Ендi мiне, осы жәйттiң барлығына көз жұма қарап, бәз бiреулер өзiн «тұңғышпын» деп, жер жаһанға жария етiп жүр. Ең болмаса, менiң жасымды да сыйлауына болатын едi ғой!.. Осыған байланысты Рабат Жәнiбеков туралы эссемдi жақында басылым беттерiнен жариялағалы отырмын. Мұндай «ашық шайқасқа» бармаушы да едiм. Бiрақ, шындық iшiмдi өртеп барады. Қысқасы, мен ең алғаш 1964 жылы радиодан тұңғыш тау-шаңғы спортына байланысты репортажымды жасадым. Аты нақты есiмде жоқ, бiрақ фамилиясы Шалабаев дейтiн кiсi алғаш комментаторлық штат ашып, мен соның алғашқы түлегi болдым. Мiне, ең басты мәселе осында болып отыр.
Бiз 1964 жылдан бастап алғашқы ойынды көрсете бастадық. Ал, Рабат Жәнiбеков көп болса 1972 жылы спорт комментаторы болып жайғасқан шығар, – дейдi ардагер журналист, белгiлi комментатор Сұлтанғали Қаратайұлы.
Мақсатымыз – бiреудiң арасына жiк салу емес. Бiрақ, басында айтып өткендей, тарихқа қиянат жасағымыз келмейдi. Дегенмен, «бiр бұтақтың басында екi бұлбұл сайрамас» деген тәмсiлге келер болсақ, қазақтiлдi тұңғыш комментатордың да тек бiреу ғана екендiгiн бiлемiз. Ол кiм?
Ернұр НҰРЛЫАХМЕТҰЛЫ.


