1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (1 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 666 рет оқылды, 2 рет бүгін

наурыз

Жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымы «Халықаралық Наурыз күні» деген қарарын бірауыздан қабылдап, аталған ұйымға мүше мемлекеттерді осы бір ежелден келе жатқан ұлық мереке туралы мағлұматтармен танысуға шақырды. Және де «Наурыз мейрамы» жөніндегі ақпараттық-танымдық материалдар таратылатын болды. Осы жаңалыққа орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Түркі  тілдес  елдердің Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Аманкелді Момышев  Қазақ ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, өз ойларымен бөлісті.

- Аманкелді Аршабайұлы, мемлекетіміздің ұлық мейрамына қатысты жаңалықты қалай қабыл алдыңыз?

 - Біріккен Ұлттар Ұйымының наурыздың 21-і – «Халықаралық Наурыз күні» деген қарар қабылдағанын ерекше қуанышпен қарсы алған жанның бірімін. Бұл – Қазақстан секілді көптеген елдердің мемлекеттік мейрамы. Біраз мұсылман елдері де, түркі тілдес халықтар да Наурызды тойлайды. Наурыз «жаңа күн» деген мағынаны береді. Бүгінгі таңда дүние жүзінің көптеген елдері жыл сайын Жаңа жыл мерекесін атап өтеді. Біз Кеңес одағы кезінде қалыптасқан жүйе бойынша Жаңа жылды бастап жүрміз. Өйткені қаңтардың 1-нен бастап жаңа жыл басталады. Әр жүз жыл сайын жаңа ғасыр бастау алады. Сол секілді Наурыз мерекесі де шығыс халықтарының ортақ мейрамы, жылдың басталуы. Мәселен, биыл наурыздың 21-і күні Сиыр жылы аяқталып, наурыздың 22-сі күні Барыс жылы басталады.

Ал енді БҰҰ өз қарарымен бекітіп отырған соң, Наурыз мейрамына кезекті бір мереке деп қарамауымыз керек. Жаңа көзқарас, жаңа бетбұрыс қажет. Бүгінгі таңда Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран мемлекеттері Наурызды ұлық мереке деп санап, Біріккен Ұлттар Ұйымына ұсыныс түсірген. Бұған Македония, Албания, Үндістан елдері де қосылып отыр. Бұдан басқа елдерде де Наурыз мейрамы аталып өтеді. Айталық, Ресейде тұратын түркі тілдес халықтар жыл сайын Наурызды мерекелеуді дәстүрге айналдырған. Еуропа елдеріндегі бауырлар да өз орталарында ынтымақ пен берекенің мейрамы ретінде атап өтеді. Жер шарының біраз бөлігі Наурыз мейрамын ерекше қуанышпен қарсы алады.

 - Сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?

  - Осы орайда алдағы уақытта біздің елде де Жаңа жылды наурыздың 22-сінен бастауды ойластырғанымыз жөн. Алғашқыда барлық ісімізді болмаса да, біртіндеп көше беруімізге әбден болады. Тіпті еліміздің әр саласындағы қорытынды есептерін де наурызға сәйкес келтіруге болады. Бұл менің жеке пікірім.

 Бұған дейін де жақсылыққа балап қазақтар жаңа істерін наурызда бастаған. Қазақтың көптеген газеттерінің алғашқы саны наурыздың 22-сі күні шыққан. Атап айтқанда, қазіргі «Жас Алаш» газетінің алғашқы саны 1921 жылы наурыздың 22-сі күні шыққаны белгілі. «Ана тілі» (1990), «Нұр-Астана» (2004) газеттері де оқырмандарға наурыздың 22-сі күні жол тартқан.

    Әр елдің, әр құрлықтың өзіндік ерекшелігі бар. Мейрамдары да соған сәйкес келіп отырады. Айталық, Қытайда, Филиппинде, Кореяда Жаңа жылды ақпан айында жұмыстарын доғарып қойып, апталап тойлайды. Ресей де «Рождество» күнін мерекелеуді бір аптаға жеткізді.

Біз шығыстық елміз. Шығыстың Еуропаға сәйкес келмейтін өзіндік ерекшеліктері мол. Жастарымызды Наурыздың ұлық мереке, жылдың бастауы екеніне бейімдеуіміз керек. Өткен жылы заңға өзгерістер енгізіліп, Наурыз мейрамы үш күн аталып өтетін болды. Халқымыз осы күндері көктемнің басталуын, дүниенің жаңаруын сезініп, ертеңге деген сенімдері нығая түседі. Мағынасыз той-думан өткізбей, әр адам: «Өткен жылы қол жеткізген табыстарым қайсы, қандай істерімді жүзеге асыра алмадым? Алдағы жылға деген басты жоспарларым қандай болмақ?» деп өз-өзіне есеп беріп, өткен күннен сабақ алып, алдағыға көз жүгіртуі қажет деп ойлаймын. Тәуелсіз Отанымызға қызмет етіп жүрген әр азамат «Мен Наурызға қандай табыспен келіп отырмын?» деп ойлануы керек.

 Наурыз бір ұлттың мерекесі емес. Қазақстан сияқты көптеген ұлт өкілі қоныстанған мемлекеттерде тіліне, дініне қарамастан, ол жалпыхалықтық ортақ мейрам ретінде аталып өтуі қажет. Бізде солай тойлаудың дәстүрі қалыптасып келеді. Өйткені Наурыз – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі. Наурыз халықтарды бірлікке шақырады.

 Өткен жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес Наурыз мейрамы наурыз айының 21-і, 22-сі және 23-і, яғни, үш күн аталып өтетін болды. Осы толықтырулар енгізілген кезде депутаттар да қызу қолдаған болатын. Мемлекет басшысы бұл заңға 2009 жылы сәуірдің 22-сінде қол қойды.

Түркі тілдес және Наурызды тойлайтын ислам дінін ұстанған елдермен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынасымызды, соның ішінде экономикалық, мәдени-рухани саладағы байланысымызды дамытуымыз қажет. Осы мақсатқа жету жолында Наурыз мейрамының рөлі зор. Наурызда ел мен елдің арасына делегациялар жіберіп, өз мемлекетіміздің жетістігін, халқымыздың ізгі салт-дәстүрін өзге елге танытуымызға толық мүмкіндігіміз бар. Әр елде Наурыздың тойлануы туралы отандық сайттарға, газеттер мен журналдарға оқырмандар сүйсініп оқитындай материалдар мен фотосуреттер жарияланса, телеарналарымыз деректі фильмдер түсіріп көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді! Мұндай игі істер де халықтарды жақындастыруға, мемлекетаралық байланысты арттыруға, бейбітшілікті сақтауға бағытталатыны анық.

- Наурыз мейрамы да жақындап келеді. Сайлаушыларға, ел тұрғындарына айтар тілегіңіз қандай?

  - Осындай ақжолтай жаңалыққа орай елдің қарапайым бір азаматы ретінде Қазақстан халқына айтар тілегім – Наурыз елімізге және әр шаңыраққа құт-береке әкелсін! Алдымызға қойған мақсаттарымызға қол жеткізейік. Мемлекетіміз биылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауына сәйкес 2020 Стратегиялық жоспарын белгілеп отыр. Биік межелерден көрініп, әлемдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зор, бәсекеге қабілетті елдің бірі болу туралы мұратымыз орындалсын. Еліміз көркейе берсін!

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы құрылды. Оның құрамына қазір Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз елдерінің парламенттері еніп отыр. Мен осы халықаралық ұйымның мүшесімін. ТүркПА қазір бауырлас мемлекеттер арасын жақындастыру мақсатында көп жұмыстар атқаруда. Осы ТүркПА-ның негізгі көздеген мақсаттарының бірі – түркі тілдес халықтардың өнері мен мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосу, ұлттық құндылықтарымызды бағалап, бір-бірімізге таныстыру. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының биылғы ақпандағы айтулы шешімі халықтық қуанышқа айналды. Барша қазақстандықтардың елдік мақсаттарға жету жолындағы қызметтеріне,бір Алла, береке бергей!

- Рақмет әңгімеңізге, айтқан тілегіңіз қабыл болсын!

“ҚазАқпарат” агенттігі

Мақаланың негізгі тақырыбы: “БҰҰ мәртебесін көтерген Наурызды ресми жыл басы қылсақ жарасар еді” деп аталады

6 пікір - “Наурыз – ресми түрде жыл басы болса”

  1. Байжұма:

    Наурызды жыл басы қылу дұрыс.
    Бірақ біз сол наурызды дұрыстап тойлап жүрміз бе.
    Наурызды тойлағанда таза қазақтың иісі шығып тұру керек.Таза қазақтың киімі киіліп,ән-жыры шашу боп шашылу керек.Таза қазақы рух керек.89-шы жылғыдай.Әйтпесе біздің алаңдағы өтіп жатқан тойлардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ.

  2. Жұмабай:

    Депутат боп өзіңіз бастама көтермейсіз ба парламентте.

  3. Есентай Қосмағамбетов:

    БҰҰ-ның “Халықаралық Наурыз күні” деге қарарының түркі елдері үшін ешбір ықпалы жоқ. Ондай қарар болмаған күндері де, социалистік жүйе ресми мойындамаған кезде де ата-баба салтын қуған қара халық өзінше мейрам етіп, мерекелеп келді. Тәуелсіз Қазақстан бұл күн айналасында даңғырамалықты көбейтті. Жыл басы қылғысы келсе Парламентте отырған депутаттар мәселені күн тәртібіне қойып шешпей ме?! Халық қарсы болады деп сескеніп отыр ма? Халықта қарсылық жоқ. Неше түрлі ассамблея, парламенттер аттарын мақтан қылғаннан ғөрі, ауыз тұшырлық бірдеңе бітірсе екен.

  4. Серік:

    Наурызды жыл басы етудің еш бір қиындығы жоқ. Қаңтар айының 1-2-3 күндерін мерекелі күндерден мүлде алып тастасаң болды да қойды. Оған БҰҰ бұларың не деп айта алмайды. Шығыс елдерінің жаңа жылы бөлек. Тоқ етер шешімге бет бұрар біздің өзімізде ниет жоқ. Мұндай жалтақтықпен ертеңгі күні мүшелі жасымызды тойлауды БҰҰ – да заңдастыруды сұрасақ қәйтеді деп тағы бір Қожанасыр шықпасына кім кепіл?

  5. Лаура:

    НАУРЫЗ – РЕСМИ ТҮРДЕ ЖЫЛ БАСЫ ЕТЫП ТОЙЛАНСА,АРИНЕ БІЗ ЖАСТАР ҚОЛДАЙМЫЗ, БІРАҚ ЖОҒАРЫДА ОТЫРҒАН АҒАЛАРЫМЫЗ БЕН АПКЕЛЕРІМІЗДІҢ ҚОЛДАЙТЫНЫ КҮМӘН ТУДЫРАРЛЫҚ ЕМЕС ПЕ?

  6. Жаңылған:

    Наурыз-бұрынғы бабамыздың қазақилығын қайтарып,күллі қазақ жұртын қоңыр үнді сазды аспаптарымен,мәдени салт-саналарымен аңқылдаған ақкөңіл,меймандос мінезімен қайта қауыштырат деген үміттемін.Шат шадыман шаттық әр шаңырақта шалқи бергей! БҰҰ-ның үлес қосқаны қуантарлық жағдай,бірақ,бұл қағаз жүзінде ғана емес іс жүзінде үлкен дәрежеге жетсе игі.Бағалай алсақ бұл біз үшін өте тиімді болмақ…

Пікір жазу

Серіктестер