1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (4 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 479 рет оқылды, 3 рет бүгін

rustem_resize

Осыдан оншақты жыл бұрын болар, бір газеттен жастардың топтама өлеңдерін көзім шалды. “Тақия” деген шап-шағын, шымыр өлеңді бірнеше қайтара оқыдым. Жүрекке жылы тиді. Нағыз қазақы өлең. Күре тамыры бүлкілдеп тұр. «Ойпыр-ай, мына социализмнен, капитализмге көшкен кезде ұлттық дәстүрді білетін бұл қай жігіт». АвторыРүстем Есдәулетов.

“Ой, біздің шалдың кіші ұлы ғой” деппін. “Біздің шал” деп меншіктеп айтып отырғаным, Ұлықбек ағамыздың әкесі Оразбай ақсақалды
бір көрген адам көптен білетін жақынындай бауыр басып кетеді. Адамгершілігі мол, қолы ашық, көкірегі ояу ақсақалды ақын-жазушылардың бәрі ерекше құрметтейтін.

Жазушылар одағына бардым. Көзім баспалдақпен төмен түсіп келе жатқан қаршығадай жас жігітке түсті. Ол Рүстем болатын. Амандық-саулықтан кейін өлеңі жайлы пікірімді айттым. Сондағы қуанғанын көрсеңіз! “Аға, жүріңіз, тәтеме осы сөздерді өзіңіз айтыңыз, қуанып қалсын”.

Бір сағаттан соң әуежайда болуым керектігін, Астанаға бара жатқанымды айттым. “Тәтеме сәлем айтарсың” деп жылы қоштасып едім сол жолы…

Арада біраз жыл өтті… Біздің өмір басқа арнаға бұрылып кетті.

Ауруханадан аман-есен шыққаннан кейін бір аяқ, бір қолымды сүйретіп облыс орталығына, яғни Өскеменге келдім. Ондағы ойым – жұмыс іздеу. Рүстем мені танымай қалды. “Аға, бұл сіз бе?” деді.

Сол күні бірге түстендік. Оралхан аға Бөкеевтің “Бес тиын” әңгімесі желісінде сценарий жазуымды сұрады. Жазған болдым. Рүстем керемет қылып қойды. Жаманымды жасырды, жақсымды асырды. Жаным жүдеп, жағам жұқарып жүрген кезде ол маған «аванс» жасады. Кейіннен “Бес тиынды” небары 200 мың теңгеге (продюсерлер оны алдап кетті) кино түсірді.

Бәрі-бәрі көз алдымда…

…Таң атар-атпастан телефон шыр етсін. Көтердім. Рүстем екен. Дауысы сондай сергек.

- Аға, Урицкий, 40-шы үйге қарай бара жатырмын.

- Ол көше біздің үйдің маңайында. Сен қайдасың өзі?.. Қашан келдің? – деймін.

- Семейдемін, аға. Бір “корпоративтік” кешке келгенмін. Сізді мазаламайын дедім.

Айтқан жерде кездестік. Өзі тап-таза киінген. Мұнтаздай. Сергек. Сөйтсем, біздің Ұлықбектің, бәріміздің ардақты анамыз Роза Сейітжанқызы тура осы Семейде, осы үйде туған екен. Рүстем жан-жағына қарап “мына жерде құм болған екен” деп әңгімесін бастаған кезде осыдан бәленбай уақыт бұрынғы Семейдің көшесі көз алдыңа елестейді…

“Бала болған түріңнен сол, тойған қозыдай томпиған” деймін. Қайтейін енді, Рүстем-ау… Жоқсың ғой жанымда!..

…Семейге келген сайын жарты сағатқа болсын уақыт тауып біздің үйге кіріп шығатын. Бір жақсысы, жалғыз келмейтін. Жанында достары жүреді.

- Келіп қалдық, апай, – деп күледі.

“Жақсы би ауылымен көшіп жүреді” деген, қане, жоғары шығыңдар, жігіттер, – дегеніммен, бәрі – өзімнің бауырларым. Руслан – Бағдат апайымыздың ұлы. Жиеніміз. Ертай – “Бес тиынды” ойнаған бауырым. Айдын – Рүстемнің інісі, менің жақсы көретін актерім.

Әзілдесіп жақсы отырдық. Руслан екеуі біздің үйдегі кісіге қайтарларында “Апай, апай” деп, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Жорта ашуланамын:

- Сендер, немене, “апай, апай” деп, мен аға болғанда, ол жеңге болмай ма!..

Есіктің алдындағы көліктеріне дейін шығарып салып тұрмын.

- Ертай, Айдын, мына ағаларыңа қараңдар. Жаңа өтірік ашуланып, бізді ықтырып алғысы келді. Енді шығарып саламын деп сылтауратып, үйге кешке бір-ақ келмек. Сізден актер шықпайды, аға, жазушы шығады. Оның үстіне күндіз-түні еңбектенсеңіз ғана…

Біртүрлі болып қалдым… Жоғары көтеріліп келе жатып: “бұл не деген психолог?” деп ойлаймын.

Телефон шыр етеді. Көтеремін. Рүстем.

- Аға, – дейді көңілді дауыс. – Терезеден қараңызшы.

Қараймын. Төртеуі күліп тұр.

- Әй, бауырларым-ай! – мен де күліп жібердім.

Сол күні таң атқанша жазу үстелінде отырдым.

Бірде деймін-ау, жаз айы болатын. Семейде жастардың республикалық форумы өтіп жатты. Мен саяжайда едім. Телефон шырылдады. Рүстем. Амандық-саулық сұраған соң: “Аға, бес минутқа сізбен әңгімелессем, содан соң қайтамын”. Әрине, менің саяжайымды оңайлықпен таба алмайды. Сәл кешігіп өзім бардым. Құшақтап амандасып жатыр.

- Рүстем, қандай әңгіме?

- Сізді көрдім, аға, енді қайтамын. Үйде тәтем, келініңіз бен балаларым күтіп отыр.

Екі-үш минут қана әңгімелескен шығармыз. Өзі сондай көңілді. Бірақ өте асығыс…

Қазір Рүстем бауырыммен әр кездескен
сәтім көз алдымнан кино лентасындай тізбектеліп өтеді.

Ол өзінің отбасын ерекше құрмет тұтатын. Жас болса да бас болды. Анасын құрметтеп, жарын қадірледі, балаларына қамқор болды. Өзі тез ширығып, білікті басшы, талантты режиссер болды. Күндіз-түні ізденді. Оқыды. Еңбек етті. Ұйымдастыру қабілеті керемет болатын. Өскеменнің өнер ордасына тың менталитет қалыптастырды.

Қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлының «Кәмей ұшқан» поэмасы негізінде қойған спектакльден кейін ақын ағамыз тебіреніп тұрып: «Рүстем баламның шырпы тұтатты деген текстің өзін космостық деңгейде найзағай ойнататын шеберлігіне тәнті болдым» дегені бар.

Ол өнерді өз өмірінен бөле-жара қарамады. Бар бақыты отбасы мен театр болатын. Балаларын Рүстем ерекше жақсы көретін. Ресейге оқуға барарда жол болсын айтқаным бар.  «Бұрынғыдай емес, аға, Олжасым ер жетіп азамат болып қалды» деп еді сонда.

…Түс кезі болатын. Хабарласты. “Аға, – дейді, – Ботаны теледидарға шақырып еді. (Сірә, тіл бағдарламасы). Сөзін ұмытып қала ма?..” деп алаңдап, толқып тұр. Жылы сөзімді айтып, балақайға тілектестігімді білдірдім. Арада екі-үш сағат өткеннен кейін қайта телефон соқты. Дауысы сондай көңілді. Түсіне қойдым. “Аға, өзіміз сахнаға шығамыз, бірақ баланың көпшілік алдына шыққаны ерекше болады екен!” Жарты сағаттай сөйлестік.

Рүстемнің жақсы қасиетінің бірі – отбасына жақсы қарайтынын айттым ғой. Балаларын қалай еркелетіп, айналып-толғанғанын көрсеңіз!.. Роза тәтеміздің қас-қабағына қарап, келініміз екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр еді ғой…

Қайтейін енді, сұм ажалға не дауа?!

“Қызыл балақ қыранның

Балапанын өрт алды…” деп Абай атам айтпақшы, қара жерге қар түскенде сенен айрылдық қой, бауырым-ай…

Әлі де сенбеймін. Қорқынышты түс сияқты. Оянсам, сені қайтадан көретіндеймін.  Тумаса да туғандай болған жан бауырым!

Семейге келгенде уақыт тауып біздің үйге бір соғып кететінін айттым ғой. Менің тікелей бастығыма «Апай, кейде Талғат ағамның кейбір мінездерін көргенде ұрып-ұрып алғым келеді. Тіпті жек көріп кетемін ғой. Бірақ төбесін көрсем ашуымды ұмытып кетемін» деп күледі екен.

Ол өмірді құрметтейтін. Сатқындық, екіжүзділік, біреудің алдында өтірік мәймөңкелеп сөйлеуді білмейтін. Өйткені ол жүрегі таза кез-келген қазақпен терезесі тең еді…

…Бір күні отырдым да, Рүстемге телефон шалғым келмесі бар ма!

- Ало, аға, мен сізді сағындым ғой!

- Мен де сені сағындым, бауырым!

- Аға, ауырып қалдым ғой. Жөтелді. Телефон үзілді.

МӘҢГІЛІККЕ…

Бәрі түс сияқты.

Бәрі… бәрі… бәрі…

Айыртаудың бауырында тоқымдай жердің топырағын жамылып жатырсың.

Балапаннан шыққан Сұңқарым,

Құлыннан шыққан Тұлпарым!

Тарланбозым!

Алдағы жоспарымыз көп еді ғой… (Енді оны айтып та, жазып та керегі жоқ…)

Маған жігіттер “жылама” дейді. Жыламай енді қайтейін…

Рүстем жоқ…

Қазақтың қасиетті тақиясының қадірін енді кім біледі?!.

Құшырланып кім иіскейді?..

Талғат Кеңесбаев

Семей

11 пікір - “Қазақы тақияның қадірін енді кім біледі?!.”

  1. Жанашыр:

    Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын.
    Бәріміздің де барар жеріміз ғой, десе де артыңнан осындай жақсы сөздер айтылса қандай жақсы.
    Иманды болсын.

  2. Дархан:

    Ия, Талғат аға, жақсының аты мәңгілік қой, Рүстем бәріміздің жүрегімізде.

  3. Айгүл:

    Шын жүректен шыққан көңіліңді толқытып, жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығаратын естелік екен… Ұмытып кетпей, жиі жазып жүрейікші. Бір аунап түссін… Екі көзі жанып тұрған от еді ғой… Ерте кететін бала ерекше жарала ма екен…

  4. Мен:

    керемет жазылған

  5. АйАру:

    Естелік өте жақсы жазылған.Ең бастысы қарапайым оқырманға түсінікті, әрі әсерлі. Өз басым Рүстем ағамен жақын таныс болмасам да, өнеріне тамсанатынбын.Әлбетте, өмірдің заңдылығы да осы.Біреу кетеді, енді біреу өмір есігін ашып дүниеге келеді.Бірақ, жұлдыздай жарқ етіп, тез сөнген азаматтар жақындарының ғана емес, бүкіл халқының жадында, жүрегінде қалады.Рүстем аға – сондай жанның бірегейі.Ең қуаныштысы, өмірден өткен “адамның” артынан мақала жазып, ол жанның жақсылығын қалың бұқараға жеткізетін адамның бар болғаны.Талғат ағамның бұл естелігін оқи отырып үлкен әсер алдым.Тамаша жазылған.

  6. Абылай:

    Қазақ Рүстемді ұмытпайды. Жарқ еткен жарық жұлдыз сәулесі ешқашан да сөнбек емес.

  7. Куат Ахметжанов:

    Омир камшынын сабындай гана кыска. Рустем сиякты улмейтугын артымызга из калтыруга тырысайык агайын.

  8. Семейлік:

    Алдың пейіш болғай, Рүстем аға!

  9. Ақшәулі-Аягөз:

    Талғат аға жанына жақын жүретіндерді бауырына тартатын жан ғой, Рүстем де соны жақсы түсінген,ағаларының алдында еркелеп өскен азамат. Қарағым біздің баста да,
    Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
    Құласақ жер ғой баспана,
    Жер бізді көкке лақтырмас
    К.Мырзабеков
    Өмірдің өткелі әлсіз. Жүрегі жалын,ойы озық азамт осы өткелден сүрінді.Қазақтың болашағын,рухани дүиесін ойлайтындар үшін орны толмас қайғы… Өмірдің өрнегін енді баса бастаған біздерге онымен танысу арман болатын.Естелік кешегі күннің айнадағы көрініс екен, Талғат аға. Ағаларым аман болсын!

  10. Роман:

    Рүстеммен студент кезімізде көп араласқан едік. Иманды болсын. Бүкіл туыстарына, таныстарына қайғырып көңіл айтамын. От жігіт жарқ еттіде жоқ болды.

  11. Қуаныш:

    Ол аспанға аттанып кетті!

Пікір жазу

Серіктестер