Бұл мақала 346 рет оқылды, 1 рет бүгін
Бұл өзі сәтсіз бастама екендігі о баста айтылған. Қазақстандағы маңдайалды БАҚ-тарды бір қолдың астына жинауды айтамыз. «Егемен» мен «Казправда», Қазақстан мен Хабар, Қазақпарат, «Қазақ газеттері» мен «Жас Өркен» ЖШС-лары бір мезетте «Арна медиа» дегеннің қалпағының астына тығылған.
«Бір тойда екі қалыңдық болмайды» деп жатамыз. Болмаса, бір мекемеде екі бастық отырмайды. Әрі-беріден соң қазақ «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейді. Дәл сондай болды. Аталған БАҚ өкілдеріне (бұрынғы) Мәдениет және ақпарат министрлігі бір бүйірден, «Арна медиа» холдингі екінші бүйірден әмір жүргізіп, кейде екеуінің саясаты бір-біріне кереғар келіп қалып, әйтеуір шығармашылық ұжымдардың ит әлекке түсіп жатқанын еститін едік. Жалпы, басшылық көп болса, жұмыстың да көбейетіні белгілі ғой. Кейде «қойшының» көптігінен «қой» да өліп жататын. Әйтеуір не керек, «Арна медиа» жұмысты арнасына түсіре алған жоқ.
Ақордаға жақын жүрген ақпарат көздері, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Арна медиа» холдингінің арасында сыртқы көзге көрінбейтін билік үшін талас жүріп жатқанын айтатын. Енді, кімнің болмасын елдегі беделді басылымдар мен телеарналарға өз билігін жеке-дара жүргізгенді қалайтыны белгілі ғой. Дегенмен мәселенің нәтижесі жұрт күткендей болмады. «Арна медиа» тарқады. Ал оған қараған БАҚ-тың барлығы енді тікелей жаңадан құрылған Ақпарат және байланыс министрлігінің құзыретіне өтеді.
Сонымен БАҚ үшін таласта кім жеңді? Қарапайым тілмен айтқанда бұл жердегі мәселе былай болды: екі жігіт бір қыз үшін жаға жыртысып тұрғанда, үшінші біреу келіп, әлгі қызды алып қашып кетті…
З.ЗОРКЕ.




Үшінші жігіт сол қызбен баянды өмір сүре алса болғаны ғой.
Бір қосып бір ажыратқан кейбіреулерге тиімді-ау деймін.
Соғыста да соғысқан екеуі емес үшінші жақ жеңетіні белгілі ғой.
Байын алмастыра беретін тұрақсыз әйелден елдің де теріс айналатыны шындық дүние.