Бұл мақала 417 рет оқылды, 1 рет бүгін
Дарақылыққа дауа бар ма? Көзбояушылыққа ем қона ма? Алдау-арбаудың аяғы қашан қиылады? Біздің шенеуніктер тек елді ғана алдап жүрген жоқ. Олар Елбасын да алдайды. Өтірік ақпарат береді. Жалған дерек ұсынады. Мұның барлығының астарында бірінші басшыға жағыну, жағымпаздану, жақсы атану жатқаны белгілі. Ал жалғандықпен жақсы атану ұшпаққа шығара ма?
Кешегі өткен Үдемелі индустияландыру бағдарламасына арналған кеңесте президент шонжарлардың шалағайлығын тағы бір мәрте әшкереледі.
Жалпы, қазір біздің билікке бұтын артқан азаматтар Елбасын барлық жерге араластыратын әдет тапты ғой. Баяғыда бір кісі өзінің діндар баласына қаратып «осы қызталақ келінге кірісерде де «біссімілә» деп бастайтын шығар» деп күлген екен. Сол іспетті үлкен-ұсақты шенеуніктердің барлығы алдымен президенттен цитата келтірмесе іштері кебетін әдет тапты. Онан бөлек, өздері басқарып отырған аймаққа барғанда міндетті түрде президентке лента қидыруды дәстүрге айналдырды. Назарбаев талай лентаны қиды. Бірақ сол ашылған нысандар президент түшкірсе де, бірден іске қосылып кетпейтін еді. Кешегі жиында Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселені айтты.
– Менің қатысуыммен ішінара ленталарды қиамыз, ал содан кейін барып сол нысанның бір жылдан кейін іске қосылғанын білемін. Кәрім Қажымқанұлы, сіз мені былтыр Астанадағы тепловоз зауытының ашылауына алып бардыңыз. Ол жақында ғана іске қосылды. Көзбояушылық пен провакация, бұл кімге қажет? Мен мұндай нысандарды ендәгірі ашпайтын боламын.
Мемлекет басшысының тоқ етер сөзі осы. Бұл барлық дарақылық пен жалғандықтың құйрығын кесуі керек.
Елін Елбасымен қатар алдаған шенеуніктерден не үміт, не қайыр? Жеке бас пен қарынның ғана қамын ойлайтын адамнан жақсылық күтудің өзі ақымақтық емес пе? Елге еге азаматтар ел мен Елбасын алдағанына мәз. Сонда біз қандай мемлекет құрып жатырмыз?..
Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.





Елбасын алдап отқан Масимо мына сөзге пысқырмады ғой.
Біздің елбасымыздың айналасындағылар елбасының ақкөңілділігін әбден біліп алған,жалпақ жұрт елбасын кінәлағыш о кісі бәрі жақсы болса екен дейді, қалғандары әшейін бір күнім тиыш өтсе болды деп жүргендер.Оны бәрі алдап жүр.
Алматы-Атана тас жолы да солай болған, лента қиылды тас жол толығымен біткен жоқ,Күрті мен Бурылбайталдың арасын әншейін жамап-жамап жасай салған.Ал оған бөлінген қаржы коттедж болып кеткен.
Сол алдағандардың бәрінің тізімін алып, жауапқа тару керек.
Әкім қаралыардың бәрі өтірік айтқанда беттері шімірікпейді.Мақтанғанда естері кетіп өздерінің, әйелдерінің шет елге барғандарын, балалары мен келіндерінің шет елде тұрып жатқаны, көріп жатқан қызықтарын. немерелерін сағынғандарын, оларға барып қайтқандарын айтып лепіреді. Байлықтан бастары айналып өздерін – өздері халықтың алдында ұры екендерін айтып есептік жиналыста ана елде анадай, мына елде мынадайды көріп келдік деп мақтанатынды шығарды. Ұяты жоқтықтан азғындық жолға түскендерін де халық біліп отыр.
Иә, шенеуніктер ылғи шылғи өтірік айтады. Шіміркпейді-ау, шіміркпейді. Беттері бүлк етпестен өтірік айтып, халықты алдап-арбаумен келеді. Тап Думан Рамазанның “Көш” деген әңгімесіндей. Әңгімеде бүгінгі күннің ащы шындығы боямасыз суреттелген, шенеуніктердің жағымпаздық іс-әрекеттері керемет ашылған. Көшті бастап келе жатқандардың барлығы күнәһарлар, шетінен жемір-жебірлер, сонымен қоймай, қара халықты Жұмақ жайға бара жатырмыз деп алдап-арбап, ақыры Тамұққа (Тозаққа)алып барады. Соңынан бірі қалмай қарға-құзғындырға жем болады. Ащы, ащы әңгіме. Оқып отырып, жаныңтүршігіп кетеді. Міне біздің елдегі ащы да болса, ақиқат осы. Осындай ащы шындықты жеріне жеткізіп жазатын жазушылардың барлығына шүкіршілік. Әйтпесе, қазір жағымпаздардың басым көпшілігі жазушылар ғой.Әңгімеде айтылатындай, біздің елде өтірік айту әбден қанға сіңіп кеткен әдет қой.