Бұл мақала 369 рет оқылды, 1 рет бүгін
Шет мемлекетте жүрген қандастарымызды туған топырағына оралту мақсатында Елбасының бастамасымен «Нұрлы көш» атты бағдарлама қабылданған-ды. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын. Бағдарламаға сәйкес өткен жылы республиканың үш облысында пилотты жобалар қолға алынған-ды.
Бұл үш облыстың бірі ретінде Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласы таңдалынып, жыл аяғына дейін (2009 жылдың – А.Қ) аймақтың әр аудандарынан 200 отбасы көшіп барып, қоныстануы керек болатын. Өкініштісі сол, бұл жоспар әлі күнге дейін дұрыс орындалмай отыр. Қазіргі уақытта Курчатов қаласына көшіп барған отбасы саны – алтау ғана. Олардың өзі пәтерден пәтерге көшіп, жергілікті биліктің «баспанаң әне дайын болады, міне дайын болады» деген алдарқатуымен, амалдың жоқтығынан жүрген секілді. Бұған жақында Курчатов қаласына барғанда көзіміз анық жетті.
«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Курчатовқа келген отбасының бірі – Әнуар. Әнуар Курчатовқа өткен жылдың қазан айының 20-сында жұбайымен бірге Үржар ауданының жоғары Егінсу ауылынан аудан әкімінің нұсқауымен келіпті. Сол кезде Әнуармен бірге Үржар ауданынан жеті отбасы келіп, оның бесеуі кері қайтыпты.
Әнуар айтады:
– Біз келгелі үш айдан асты. Не үй берген жоқ. Өзге біреудің пәтерінде тұрып жатырмыз. Әкімшілік «барғанда үйлерің даяр, барасыңдар да кіресіңдер» деген. Бірақ біз кіретін баспана әлі дайын емес.
Аудан әкімінің сөзіне алданып келген Әнуар қазір жұбайымен бірге әкімшілік уақытша берген пәтерде тұрып жатыр. Жұбайы еден тазалаушы болып жұмыс істейді. Өзі үш ай бойы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша қалада салынып жатқан төрт үйдің бірінде жұмыс істепті.
– Мұнда істегеніме үш ай болды. Бір айлық жалақымды әлі ала алмай жүрмін. Екі айын төлеген, бір айын әлі төлеген жоқ, – дейді ол.
Қазір Курчатов қаласында «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша қоныстануға тиіс отбасыларға арнап төрт үй салынып жатыр. Негізінде алғашқы үй өткен жылдың желтоқсан айына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс болатын. Желтоқсан қайда, наурыз айы таусылуға жақын. Өкінішке қарай, баспананың берілер түрі көрінбейді.
Айтпақшы, жақында Курчатовтан Әнуар телефон соқты. Облыстық көші-қон департаментінің көші-қон саясатының бөлім бастығы Динара Закарянова оған алғашқы берілетін үйдің екінші қабаты, 23 бөлмесінен үш бөлмелі пәтердің берілетінін айтыпты. Бірақ ол үйдің қашан пайдалануға берілетіні бір Құдайға ғана аян. Дегенмен де Әнуар өзіне тиесілі пәтерді соңына дейін күтуге әзір.
Үй демекші, қандастарға арналып салынып жатқан баспаналардың қашан пайдалануға берілетіні әлі белгісіз. Курчатов қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Битенов алғашқы үй ақпан айында, одан кейін әр ай сайын қалған үш үй пайдалануға беріледі деп отыр. Яғни, мамыр айына дейін төрт үй толықтай аяқталады-мыс. Бірақ міне наурыз айы бел ортасына келсе де әлі бірде бір үй пайдалануға берілген жоқ.
P.S. Міне, Курчатовтағы қандастардың жайы осы. «Нұрлы көш» бағдарламасы бұл қалада осылайша жүзеге асып жатыр. Бағдарлама бойынша биыл Өскемен қаласындағы Новоявленка ауылына тағы 362 оралман отбасы келуге тиіс екен. Елім деп алыстан ат арылтып жеткен ағайынға жасалған мынадай жағдайдан, мынадай «қамқорлықтан» кейін оларды мұнда әкелу туралы сөз қозғаудың өзі қиын секілді. Осы жерде сауал туады көкейде: 200 отбасына қамқорлық таныта алмағанда, 362 отбасын қалай қабылдамақпыз? Өкініштісі, осыны ойлап, бас қатырып, жан ауыртып жүрген адам көрінбейді әзірге…
Азамат ҚАСЫМ.




Орындалмайтыны бар, багдарламаны кабылдап несі бар… Біздін Укіметте те кызык осы.
Дайындығы жоқ, қиялы көп, көз бояудан басқаны амалы қалмаған – алдамшы жалған үкімет.
Жалпы шет елдегілердің,яғни Түркия сол сияқты Европа елдерінде тұратын қазақтар бізге көшіп келмейді. Өйткені олардың тұрмыстары жақсы.Бәрінің бизнестері бар дегендей.Көшіп келіп қайта қайтып жатқандардың көбі тілдік проблемадан қиналғандар.Оның үстіне өзіміз шеттетеміз оралман деп.Біз орыстанып кеткенбіз.Оралман демей әр қазақ бауырым көшіп келді десе басқалай болар ма еді. Кім білсін бірақ.
Қазақтай қызық елді табу екіталай . Түпатасы әнес сахаба болса ол жарықтық мал бағуды сылтауратып алдымен бес уақыт намазды тастап ,кейін жұма намаздан қалып , сонсоң айт намазға да жетіспей ,ал шекарада жүріп жауды қаитарайын деп осы жерге келіпті – міс . Обалы не керек , Қытайлар бері қарай қаптай бергенде оған қатты соққы бергені сонша , кешеге шейін бұл жаққа қарамастай болып еді . Ал кешегі қолдан жасалған ашаршылық салдарынан қазақтар тым тырақай жер жерге шашылып кетіп енді – енді көзі ашыла бергенде Атамекенге егемендік бұйырды деп отанға қарай бет бұрғандар құдай ұрғандардан көресінін көріп жүргені мынау . Қалайда бір құдайына сенген пенде қорлыққа беріле алмайды . Тіршілігі азап барар қияметі дозақ болса жат жұртта басқа діндеспен бірге бейбіт өмір сүруге тура келмек . Қандас деп аямаса , азамат деп санаспаса , діндес деп ат салыстырмаса , қайтадан баяғы мекенге оралмаса қайтсын . Әлі де сары орыстан жаман қара орыс бары былай тұрсын қызыл қытай да анталап тұр емес пе ?
Біз неге қандастарымызды Курчатов сияқты бір кездері сынақ алаңы болған “тозақтың көзіне” қоныстандырамыз? Қазақтың кең сахарасынан содан басқа жер бұйырмады ма? “Нұрлы көш” расында “Сорлы көш” болып жүрмесін әйтеу…