Бұл мақала 236 рет оқылды, 1 рет бүгін
«Руханиятты» жасылдар партиясына айналдыра бастаған Жағанова төрайымдық орынды босатты. Ол енді «Руханият» партиясының құрметті мүшесі ретінде ғана тіркелетін болады. Ал Алтыншаш апамның орнына Сауда-өндіріс палатасының вице-президенті Серікжан Мәмбетәлин деген азамат сайланды. Бұл партияның жетінші құрылтайында орын алды.
Алтыншаш Жағанова қоштасу сөзінде былай деді. «Мен көп ойландым. Ақыры партияны өзі жас әрі алғыр азамат басқару керек деген ойға тоқталдым. Біздің жастар қазір өсті. Өскеніңіз не, жетілді. Ал біз жастардың дамуына жол бермедік. Дегенмен өмір өзгеріп жатыр. Соған сәйкес бізде өзгеруіміз керек. Сондықтан партияның ендігі төрағасы ретінде Серікжан Мәмбетәлин сайланып отыр».
Апам ағыл-тегіл сөйледі. Сөзінің қисынсызы жоқ. Дегенмен дейсің да, Алтыншаш Жағанованың мына сөздері қайыс креслоға жамбасы жабысып қалған біздің кейбір кісілердің құлағын осып түскен шығар-ау.
Мәмбетәлин жігерлі десе, жігерлі жігіт екен. Ол төраға болып сайлана салысымен партияның жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Ол «Экология жаны» деп аталады. Ендігі уақытта «Руханият» тек экология саласымен айналысатынын алдын ала білдірген. Мынау соның айқын дәлелі. Ол ол ма, алдағы күндері партия Еуропалық жасылдар партиясының одағына енуді көздеп отыр екен. Қысқасы, «жас келсе, іске» дегендей Серікжан Мәмбетәлин білек сыбана төрағалық қызметке кірісіп кетті.
«Генерал болуды армандамаған солдат, солдат емес» дейтін бе еді? Сол сияқты Серікжан «алдағы Парламенттік сайлауда Мәжілісте өз адамдарымыз отыру керек» деді. Оны енді уақыт көрсетер…
Біздің саясаттанушылар елде «іргелі партия құрылуы мүмкін» деген жорамал айтып жүр. Біз сол «іргелі партия» осы «Руханият» емес пе деген ойға келдік. Оған себеп те жоқ емес. Біріншіден, Жағанова бекерден-бекер жылы орнын босатқан жоқ. Екіншіден, «Руханият» құрылғанына көп болған, ел арасына аты таныс партия. Өзінің мүшелері мен жақтастары бар. Үшіншіден, олар алдарына тек экологиялық мәселені мақсат етіп қойып отыр. Ал бұл биліктің басқа әрекеттеріне араласуға құлықсыз деген сөз. Яғни, олар билікке оппнент болып саналғанымен, керек жерінде үндемей қала алады. Соған қарағанда Серікжандарды алдағы уақытта Парламенттен көріп қалуымыз да бек мүмкін сияқты…
Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.



