Бұл мақала 139 рет оқылды, 1 рет бүгін
Статистика агенттiгiнiң әлеуметтiк-демографиялық статистика департаментiнен жыл басында мынадай суық хабарды жеткiзген-тiн. «Алдыңғы жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда, 2009 жылдың қаңтар-қараша айларында республикада бала туу көрсеткiшiнiң 0,7 пайызға төмендегенi байқалады. 2008 жылдың 11 айында 334,5 мың бала туылса, былтыр 11 айда 332,1 мың бала дүниеге келген. Жалпы республика бойынша, бала туу коэффициентi әр 1000 адамға шаққанда 22,5 адамды құрап отыр, 2008 жылдың қаңтар-қараша айында бұл көрсеткiш 22,6 адамды құраған», – деп келетiн дерек көздерi жанымызға жабырқатты.
Бiрақ, арасы көп ұзамай Қаржы министрi Болат Жәмiшев бұл жағдайды жоққа шығарып, жақсы деректерiмен көңiлге медеу бергендей болды.
«2009 жылы елiмiзде медико-демографиялық жағдайдың одан әрi жақсара бастағаны байқалды. Мәселен, есептi кезеңде елiмiздегi адамның өмiр сүруi 68,5 жасқа дейiн ұзарды. Бала туу көрсеткiшi бойынша Қазақстан 3-шi орында тұр. Адам өлiмi көрсеткiшi мың адамға 9-дан келiп отыр. Ана өлiмi көрсеткiштерi де жақсы жаққа қарай өзгерiп келедi, сонымен бiрге балалар өлiмi де азайған»,– дедi. Әзiрге кiмге сенерiмiздi бiлмеймiз. Не себептi Қазқстанда статистикаға келгенде екi сөйлеу басым? Немесе жайсыз хабардың артын жуып-шайып, әйтеуiр жәннатта жүргендей хабар таратуға бейiм тұрамыз. Қызық…
Қалай деген күнде де, қазақ әйелдерi аймақтық деңгейде демографияға үлесiн қосып жатыр. Оңтүстiктiң әйелдерi туғыш келедi. Ал, солтүстiкте бала туу көрсеткiшiнен адам өлiмi басымдау боп жатады. Я болмаса, үйленген адамдарға қарағанда ажырасып кетiп жатқан жетiп артылады. Мысалы, биылғы жылдың еншiсiнде Павлодар облысында төрт ай iшiнде дүниеге келген 4088 нәресте тiркелген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 5,1 пайызға аз. Қалада сәбилердiң саны 7,6 пайызға кемiсе, ауылдарда бұл көрсеткiш 0,5 пайызға өскен. Осы уақыт iшiнде қайтыс болғандардың саны 2 779 адамға жетiп, былтырғы жылдың қаңтар – сәуiр айларымен салыстырғанда 4,4 пайызға артты. Адам өлiмi қалалы жерлерде – 5,4 пайызға, елдi мекендерде – 2,6 пайызға көбейген. АХАЖ органдарында некеге тұрғандар саны төрт ай iшiнде 0,2 пайызға төмендеп, 1 631 жас отау құрған. Отбасылардың ажырасуы бойынша 898 жағдай тiркелiп, бұл көрсеткiш 5,6 пайызға артқан. Бұл бiр ғана облыстағы дерек көздерi. Қалғанына терең бойламай-ақ та қоялық.
Қазақстанда адам саны артып келе жатқанмен, демографиялық өсiм аз. Ел болашағы халық санының көптiгiмен емес, оның жас ерекшелiгiмен өлшенедi. Халықтың басым көпшiлiгiн күпсиген шалдар мен сары тiстi кемпiрлер құрайтын болса, болашағымыздың бұлдыр, халқымыздың селдiр күй кешетiнi анық. Қалай болғанда да, ойланатын дүние.
Демографияға аймақтық деңгейде үлес қосу дегендi айттық қой. Бұл шынында да үлкен проблема. Мысалы, Қазақстанның Оңтүстiк аймақтарында бiр жанұяда 4-5 баладан болу үрдiске айналған. Ертеректе одан да көп болатын. Соған қайта ат басын бұрсақ қой, шiркiн!.. Бұл басқа аймақтың келiндерiн кемсiту емес, қайта қамшылау түсiнген адамға.
Ернұр НҰРЛЫАХМЕТ.



Әйел адамдардың науқастылығы өте көп. Жалпы тұрғындар арасында науқастылықтың өршуі экологиялық жағдайдың нашарлығынан туындап отыр. Қан қысымы, жүрек ауруы, жалпыға бірдей анемиядан бала көтеру түгілі бас көтеру мүмкін емес. Болашақта кем-тар балалардың дүниеге көптеп келе бастайтынын ұмытпайық. Әр аймақтың экологиялық жағдайын айтпай-ақ тіршіліктен белгілі болып-ақ отыр. “Науқасын жасырған ауырмай өледі” деген бар. Ауру әйел – ұрық шашып өле беретін балық емес шығар. Осы бұтымызға жібергенше мақтау айтуды қашан қоямыз.