1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (2 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 369 рет оқылды, 1 рет бүгін

medvedev

Қазақ тілінің мәселесіне келгенде көп адам қабырғасы қайыса сөйлеп, қабағы қатуланып, қайғы жұтып, тілінің уытын батырып жатады. Тілімен орақ орып, былай шыға бере орысша сайрап бара жататындарды да көреміз. Биік мінберден туған тіл деп аттандап, немересімен өзге тілде шүлдірлесетін ақсақалдар да бар. «Тіл құрыса – ұлт құриды, жойылады» деп ашық күнде айқайға басатындар да жеткілікті. Қысқасы, қазір қазақ тілі ерінбегеннің ермегі, қолы қышығанның тақыбыры болғаны анық.

Сөз жоқ, ұлтының келешегін ойлайтын әрбір азамат қазақ тілінің ертеңіне елеңдейді. Болашағын бағдарлайды. Туған тілдің төбесіне бұлт төнбегенін қалайды. Қазақ жерін мекен еткен ұлт пен ұлыстың осы тіл арқылы қарым-қатынас жасағанын қалайды. Бірақ олар бір күнде, аяқ астынан ештеңенің орнай қалмайтынын көп жағдайда қаперден шығарып алып жатады. Айналып келгенде таяқты ұшы мемлекет жүргізіп отырған саясатқа тиеді. Сөз тигеннің бәрі мемлекетті кінәлайтын, оған өкпе артатын болып алды. Расында, мемлелет саусақ қимылдатпай отыр ма? Жә, мемлекет атқарып отырған, оның бастамасымен дүниеге келген игі істерді санамаласақ, аламанға шабарымыз хақ. Тізгінді тарта тұрайық.

Жақында Еркін Рақышев атты режиссердің «Мәңгілік өмір сүргің келсе…» деген фильмі жарық көрді. Туындының мазмұны мынадай: бір дәрігер-лаборант мәңгілік өмір сүргізетін дәрі ойлап табады. Әлемнің бүткіл ғалымы оны мойындайды. Содан сатылымға шығарылады. Бірақ дәрі сатып алушыға қойылатын бір талап бар. Ол – қазақ тілін білуі міндетті. Қазақ тілін білмесе, дәрі сатылмайды, қартаяды. Сөйтіп бүткіл әлем қазақ тілінде сайрайды. Африка мен Азияның, Америка мен Ұлыбританияның адамдары қазақша айтысқа шығады. Тіпті, Барак Обаманың өзі Америкада қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланғанын мәлім етеді. Сайып келгенде, мұның бәрі әлгі лаборанттың түсі болып шығады. Идея жақсы. Дегенмен мына өмірде болмайтын жағдай. Тек түстің шеңберіндегі қиял. Ал шын өмірде әлдебір елдің президенті қазақша сөйлепті дегенді естідіңіз бе? Естімесеңіз, айтайық. Кешегі Астананың тойында, «Хан шатыр» ойын-сауық кешенінің ашылу салтанатына арналған дастарқан басында Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев таза қазақ тілінде құттықтау жолдады.

­– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді мерекеңізбен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, үлкен бақыт, қызметіңізге мол табыс тілеймін. Отбасыңыз аман болсын, Қазақстанға ұзақ жылдар басшылық жасай беріңіз.

Ормандай орыстың, қос басты бүркіт сипатындағы алып мемлекеттің қазаққа қалай бұрылғанын қараңыз?! Патшасы қазақ тілінде сөйледі. Бұл – кешегі біз езгісінде болған мемлекеттің қазаққа, Қазақ мемлекетіне, қазақтың тіліне, ұлт көшбасшына деген құрметі, ілтифаты. Арқардың алшы түсер асығындай болған Медведевтің бұл бастамасы шала қазаққа да, бала қазаққа да, дана қазаққа да үлгі боларлық іс. Әрі-беріден соң осы мемлекетті мекендейтін Дмитрий Анатолийұлының қандастарына да сабақ боларлық үлгі.

Қалай десек те, орыс патшасы «Хан шатырда» қазақша сөйледі. Орыстың қай патшасы қазақша сөйлеп еді бұған дейін?! Демек, бұл – әлемнің алып мемлекеттері Қазақстанның Азаттығын толық мойындады, Астананың айбарына сүйсінді, Елбасының дана саясатына тәнті болды деген сөз. Қуан, қазақ!

Ержан БАЙТІЛЕС.

9 пікір - “Орыс патшасы «Хан шатырда» қазақша сөйледі”

  1. Сыр қазағы:

    Қуануға әлі ерте. Дегенмен, жағымды жаңалық. Ұпайы түгел Аюбаевтың тағы бір саяси ұпай жинау тәсілі ғой.

  2. Гулжахан:

    Шіркін, “сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол” деп осыны айтса керек атам!!!

  3. Дәулет Асау:

    Оның қуанатын несі бар? Қазақ тілі ешкімнің керегіне жарамайтын әлемдегі ең қор тіл ме еді? Барлық Президенттер, керек деп тапса, іссапармен барған елдерінің тілінде бір-екі ауыз сөз айта салады. Ол құрметтіліктің белгісі. Онда тұрған ештеңе жоқ. Есіңде жоқ па, осыдан біраз бұрын Рим папасы да қазақша сөйлеген.
    Жә, әңгіме онда емес, менің айтайын дегенім Медведтің қазақша суша аға жөнелетін жөні бар. Барша ТМД елдері теріс қарап жатқанда Кедендік Одақтың апанына құлап түскен жалғыз Қазақстан ғана емес пе. Ал бұл ТМД елдеріне Ресей ықпалын жүргізу үшін (әрине Кеңес Одағындай пәрменді болмас, дегенмен) жаңа заманға лайықтап жасалған жаңаша саяси жобасы екенін мүмкін Қазақстан білмейтін шығар, басқа мемлекеттердің бәрі жақсы түсініп отыр.Сонда, егер дегені болып тұрса, Медвед қазақша сөйлемегенде, кім қазақша сөйлеуі керек-а?!

  4. Ерік:

    Аюбаевтың мақалаға қандай қатысы бар?

  5. Қайрат:

    Осы Ержан Байтілес қызық өзі. Қазақ тілі, қазақ тілі деп жазып, өзі сол орталықтың қазақша атауын дұрыс жаза алмайды. Ол – “Хан шатыры” ғой, “Хан шатыр” емес. Ол орыстар “Хан шатыр” дейді, өйткені, олардың тілі келмейді дұрыс атауға. Ал бұл журналисіміз сол орыстың айтуымен майысып қазақшасын бүлдіріп жатыр.

  6. Ержан:

    Ол орталықтың аты ресми түрде “Хан Шатыр” деп аталады. “Ы” жоқ. Егер ы-сы болмаса, маған не дейсің?

  7. Аноним:

    “Аса қүрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді мерекеңізбен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, үлкен бақыт, қызметіңізге мол табыс тілеймін. Отбасыңыз аман болсын, Қазақстанға ұзақ жылдар басшылық жасай беріңіз.”

    Ұзақ отырыңыз.

  8. Аноним:

    Аншылар (охотники) кус атуга шыкканда уйрекше баркылдайтыны бар, соган сэйкес келмесе болганы да. :)

  9. Әсел:

    Қазақстанның уранын қолына құйтырқылықпен қаратқандарын, кедендік одақтың астарын да ел біліп отырғанын бұл қуда түсініп жүр ғой. Біздің тіл деп зарлап жүргенімізді көріп, сендерге Ақ патша болуға лайықпын дегендегісі шығар.

Пікір жазу

Серіктестер