Құтыдағы құрсақ

13 - Шілде - 2010
1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (Мақалаға баға беріңіз)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 165 рет оқылды, 1 рет бүгін

surrogat

Қазақта баланың өмірге қалай келетіні туралы ес білгелі еститініміз –  «атаңның аузынан түсіп қалғансың» немесе «әлди, әлди баладан түсіп қалған шанадан» дейді. Орыс ағайындар баланы қырық қабаттан (капуста) тауып алады немесе көкқұтан әкеліп тастайды. Қазақтың «Құдай бере салған» деген ұғымның өзі не тұрады? Енді технологияның дамығаны соншалық Алла рух беретін адам баласы шыны құтыдан шығып жатыр. Пробиркадан шыққан балалар… қазір миллионның үстіне жетіп қалды. Бұл бүкіл әлем бойынша.

Ал, Қазақстанда соңғы он бес жылда жасанды ұрықтандыру әдісімен бес мың бала туылды. Құтыдан шыққан балалардың ең үлкені он бес жасқа келді. Сонымен жасанды ұрықтандыру қазақтың ата дәстүріне, тектің тазалығына қалай әсер етеді? Тегін білмейтін ұрпақ көбейіп келе ме?

Бибінұр ЖАМАЛ:

– Әрбір атқан таңымыз бір бақыт. Өйткені біздің жанұямызда Сағынай деген қыз келді.

Сағындырып жеткен Сағынайдың дүниеге келгеніне он ай болды. Он алты жыл бойы бір перзентке зар болған Бибінұрдың бірінші Жаратушыға, сосын ЭКО-ға алғысы шексіз. 37 жастағы келіншек анна атану үшін амал-айланың бәрін қолданыпты. «Орманнан құрқылтай деген құстың ұясын әкеліп, соған отырсаң балалы боласың» дегенді де істеп көрген. Алайда үлкендер айтқан ырым-тыйымның, емшілер жасаған ем-домның да қайыры болмаған.

Бибінұр ЖАМАЛ:

– Баланың болмау себебін анықтадыңыздар ма?

– Дәрігерлер тілімен айтқанда «непроходимость труб» деген болады екен. Менде сондай болып шықты, білмеген соң жүре бердік, бір жағынан қаржы мәселесі де бар. Қазір орны толған сияқты, жолдасым «қашан бізде бала болады?» деп дігірлеген жоқ, бірақ сезесің ғой. Қазір маған үйде балам жылап қалды деп айтқанның өзі қуаныш.

Жасанды ұрықтандырудың алғашқы сатысынан-ақ Бибінұр жүкті болды. Бала сүю бұл отбасыға 500 мың теңгеге түсті. Ал ең бастысы құрсақ та, ұрық та өздерінен шықты. Бұл екі жақ үшін де ЭКО-дағы абыройлы тәсіл.

Ұрпақсыз отбасылар үшін ЭКО соңғы әрі кепілдігі жоқ тәсіл. Бұлай дейтініміз жасанды ұрықтандыру әдісі алғашқы мезеттен-ақ нәтиже бермейді. Денеден тыс ұрықтандыруды бірнеше қайтара жасауға мәжбүр болатын отбасылар жетіп артылады. Ал құрсағыңа бала бітпесе құйған қаржың далаға кетеді. Қанша рет ЭКО жасасаң, соншалықты ақша төлеуің керек. Гауһар да солардың бірі. Ол осымен үшінші рет ЭКО қызметін пайдаланды. Екі рет түсік тастаған. Екіншісінде құрсағына біткен үш ұл да көрмеді бұл дүниенің жарығын. Осыдан кейін қатты күйзеліске түскен отбасы ер кезегі үшке дейін деген нақылға жүгініпті. Қазір жүкті болғанына төрт ай толды.

Ресми деректерге сүйенсек, экстрокорпоральді ұрықтандыру қызметіне жүгiнетiндердiң 90 пайызы өзiмiздiң қаракөздер екен. Мамандар бедеуліктің де, белсіздіктің де себептері шаш етектен дейді.

Біз эмбриологиялық зертханада тұрмыз. Мұнда бөгде адамның кіруіне рұқсат жоқ. Бізге рұқсат берді, сондықтан арнайы киіммен, маскамен кіріп эмбриондардың, дәрігердің жұмыс процесін толық көруімізге мүмкіндік туды.

Аналық жұмыртқа клетка мен аталық ұрық алынғаннан кейін дәрігер-эмбриолог оларды жасанды ұрықтандыру әдісінен өткізеді. Бұдан кейін алынған сұйықтық, «эмбрион инкубатор» деп аталатын мына қондырғыға қойылады. Дайын болған эмбрион 37 градус жылылықта сақталады және оның дамуы үшін көмірқышқыл газы беріліп отырады. Дәрігер үнемі қадалағауға алады. Үш немесе бес күн өткен соң дамыған эмбрион әйел адамның жатырына енгізіледі. Мына жерде инкубаторларда кемінде он бес адамның ұрығы жатыр.

Жалпы, бұл тәсіл ең алғаш 20 ғасырдың алғашқы жартысында жануарларға қолданылды. Бір ғана еркек малдың ұрығымен мыңдаған ұрғашы малдар шағылыстырылды. Ғылыми жаңалық мал шаруашылығын ілгерілетіп, экономиканың дамуына үлес қосты. Ғылым бір орында тұрмайды. Жасанды жолмен ұрықтандыру табиғи жолмен ұрпақ сүйе алмайтын адам баласын да құтқарды. Осылайша 1978-ші жылы АҚШ-та шыны құтыдан алғашқы сәби дүниеге келді. Қазір жасы отыз екіге келген Луиза Браун тұрмыс құрып, табиғи жолмен өмірге ұрпақ әкеліпті. Осыдан бері жасанды ұрықтандырудың жолдары да түрлене бастады. Айдана ЭКО клиникасындағы тұрақты құрсақ аналардың бірі. Бұған дейін германиялық жұпқа бір қыз туып берген. Жасы 24-те, отбасы, сәбиі бар.

АЙДАНА:

– Бізді адамдардың көпшілігі сөгеді, менің туыстарым да талай кінәлаған. Құрбыларым мен туралы жағымсыз әңгімелер айтты. Ал, қазір солардың көбісі құрсақ ана болудан өздері де кет әрі емес…

Қазір Айдана өмірге әкелген қыз шетелде шауып жүр. Осыдан кейін жас келіншек жатырын қазақтарға жалға берген. Алайда бала шетінеп кетті. Қазақстанда құрсақ ана қызметінің қанша тұратыны коммерциялық құпия. Ал, АҚШ-та суррогат аналар 12-ден 18 мың евроға дейін қаражат табады екен.

Мына жер дәрігерлер үшін қасиетті орын саналады. Өйткені дәл осы жерде аналық ұрық алынады. Және денеден тыс ұрықтандыру әдісі де дәл осы операция бөлмесінде жасалады.

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА:

– Ең ұнамайтын тақырып, еркектің донорлығы маған ең ұнамайтын тақырып.

Өмірінің 22 жылын жасанды ұрықтандыруға арнаған маманның түйгені осы. Қазақстанда донорлық ұрықпен айналысқан алғашқы адам бұның ең сұрқия әдіс екенін мойындайды. Бұған дәрігерлік тәжірибесінде кездескен бірнеше жағымсыз оқиғалар дәлел болады. Өз күйеуінің шауһаты жарамаған келіншектер өзге еркектің ұрығын салуға да келіседі. Артынша ерлі зайыптылар ажырасып тынады. Өйткені қазақы ер адам бөтеннің ұрпағын қабылдай алмайды.

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА:

– Жамбыл облысынан ерлі-зайыптылар келді. Екеуі де 40 жаста, екеуі сүйіп қосылған, 21 жыл бойына балалары жоқ, сөйтсем негізгі себебі еркегінде екен, ұрық жоқ. Күйеуі айтты «бізге бала жасап берсеңіз болды, сізге үлкен рахмет айтамыз, өйткені менде ұрық жоқ, әйелімді қимаймын, басқа біреуге жібергім келмейді» деп.

Осылайша денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша ұрықтандыру процесі жасалады. Алайда перзентке зарыққан отбасын нағыз қасіретке ұшыратыпты. Жұбайының ішіне бала біткелі шаңырақтың шырқы бұзылыпты.
Бір күні әйел жылап тұр, «неге жылайсың?» десем күйеуі арақ ішіп кеткен, екіқабат болғанын білгеннен бастап, қатты күйзеліске ұшыраған ғой, өзіне бермегенді басқа бір еркектің ұрығын әйеліне салып берген соң оның үстіне егіз, ішінде егіз ұл екен. Соны күнделікті ұрыс-керіс, әйелін сабайды екен, ішіндегі балаларды жек көреді. Тіпті ішкенде ауылдастарына айтады екен «ішіндегі бала менікі емес, басқа біреудікі» деп. Сөйтіп бір бала іште өлген екен, ультрадыбыстық тексеруден өткіздік, бірнеше күненнен кейін екінші баласы өлді.

Осыдан кейін ол «келіншек бала сүймей кетсем де бұндай әрекетке енді бармаймын» деді. Салтанат Байқошқарованың өмірлік тәжірибесінде бұдан басқа дәл осындай екі қайғылы оқиға болыпты.

Қазіргі заманда ер адамдардың шәукеті де сатылатын болған. Бұл донорлық эмбриондар банкісі. Мұнда 196 градус суықтықта, сұйық азотта ер адамдардың шәукеті сақталады.

Жақсылық осы жасанды ұрықтандыру орталығының тұрақты доноры. «Есектің артын жусаң да мал тап» деген қағиданы ол өзінше түсінеді.

ЖАҚСЫЛЫҚ:

– Өзінің аталық ұрығын сату арқылы қаражат табуға болатынын естіп, осындай шешімге келдім. Әйелім де біледі бұл туралы. Өйткені ақша әкеп тұрсаң кім жек көреді, ақша әкеп тұрғаннан кейін көнді. Мұны жұмыс деп айтуға болады. Енді әркім өзінше ақша табады ғой.

Жақсылық «өнімін» қаншаға өткізетінін айтпады. Бірақ мұны білу қиынға түскен жоқ.

Владимир ЧИСТЯКОВ, Эко орталығының эмбриология және зертханалық диагностика бөлімі меңгерушісі:

– На сегодняшний день донор спермы за одну сданную порцию получает 7 тысячи тенге. До этого было 5 тысячи тенге.

Донор в среднем сдает сперму один раз в неделю маскимум два, перед сдачи спермы он должен иметь 3-4 дня половой воздержании, не употреблять алкогольные напитки, желательно не курить.

30-38 жас аралығындағы донорлардың денсаулығы толық тексеріледі, генетикасы, психологиясы, жұқпалы ауруларға шалдыққан-шалдықпағаны анықталады. Бұдан кейін эмбриологтар алты айға дейін шәукетті қатырып қояды, осы уақыт аралығында тағы қайтара алынған анализдер жақсы нәтиже берген соң ғана «материал» қоймаға жіберіледі. Әбден өңделген ұрықты аналық клетка күтіп тұрады. Тиісінше өнімнің бағасы да қымбаттайды. Мамандар бір адам айына 48 рет шәукетін тапсыра алады дейді. Яғни бұл да бизнес көзі. Клиенттер көп, ер азаматтарды белсіздік кеселі дендеп барады.

Владимир ЧИСТЯКОВ, Эко орталығының эмбриология және зертханалық диагностика бөлімі меңгерушісі:

– У нас в Казахстане активный спрос на доноровскую сперму. Иностранцы тоже приезжают конечно, но основная масса, наши граждани. Казахи, русские.

Донорлық ұрық бағдарламасы Қазақстандағы ұлттар достастығы ұранына сәйкес жұмыс істей бастапты. Бұл ыдыстарда еліміздегі 130 ұлттың шәукеті бар десе де болады. Кімді қалайсыз қара торысын ба, ақшыл сары не бидай өңді, бәрі сіздің құзырыңызда. Сатып алушыға донорға қатысты барлық ақпарат беріледі. Түрі қандай, қай жерде жұмыс істейді, жасы қаншада, шашының түсі, салмағы, көзінің қарашығына дейін. Тек аты-жөні өте құпия сақталады. Суреті де көрсетілмейді. Жеті атасын білмейтінді жетесізге жатқызатын халық туған әкесін танымайтын перзент өсіруге мәжбүр болып отыр.

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА:

– Текті араластыру, жеті атасына дейін қосылуға болмайды деген ұғымдар бар ғой, оған сәйкес келмейді бұл амал жоқтықтан.

Ал Германияда донорлық ұрыққа рұқсат берілген, алайда заң бойынша бала он алты жасқа толған соң өзінің генетикалық әкесін білуі тиіс. Түркия болса көлденең келген көк аттыдан ұрпақ сүйгенше өзінің ағайындарының ұрығын алу жолға қойылған. Бірақ бұның өзі психологиялық тұрғыдан өте ауыр нәрсе.

Владимир ЧИСТЯКОВ, Эко орталығының эмбриология және зертханалық диагностика бөлімі меңгерушісі:

– Еуро Одаққа мүше елдердің көпшілігінде құрсақ ана қызметін, донорлық ұрықты пайдалануға мүлдем рұқсат бермейді. Діни көзқарастарға байланысты. Мәселен, Польшада донорлық бағдарламаға шектеу қойылған. Ол жақта құрсақ ана мен донорлық ұрық туралы мүлдем айтылмайды. Бұған қатаң тиым салынған.

Католиктердің өзі донорлық ұрық дегенге шошына қарайды, ал ата-тек пен ата-дәстүрді жанын аса қадірлейтін, ұлықтайтын қазақ елі жасанды ұрықтандырудың барлық тәсіліне рұқсат беріп қойған.

Совет-Хан ҒАББАСОВ:

– Донорлық ұрық жетіспейді деп бұдан бизнес жасап отыр дәрігерлер. Мұның бәріне жасап бергенінен ақша алады, бұл материалдық көзқарас. Бұл мақтанатын нәрсе емес. Бұл үлкен қасірет. Жалпы қазақ халқының табиғатына жат дүние. 100 процент қарсымын бұған, халықтың тағдыры бүлінеді ертең, бұл бақытсыз халыққа айналдырады. Донорлық ұрықты пайдалану, суррогат ананы қолдану не болмаса қолдан ұрықтандыру деген дүниенің барлығын тоқтату керек. Оның орнына сен тәртібіңді сақта, қалыбыңды, адамшылығыңды сақта, дәстүріңді сақта.

Медицина және педагогика ғылымдарының докторы Совет-Хан Ғаббасов дәстүр-салтты құрметтемеу ұлтымызды белсіздік пен бедеулікке ұрындыруда деген ұстанымда. Қазақстанда қазір 400-500 мың отбасы ұрпақсыздық азабын тартуда.

Қазақтың қазақтығын танытып жүрген азаматтардың бірі, ата-тектің қадірін білетін Қажытай Ілияс атамыз біз барғанда алыстан келген қонақтарына ән шырқатып отыр екен. Үш ақ әріптен тұратын ТЕК деген ұғымның қадірі қайтып бара жатқанына налиды ақын.

Қажытай ІЛИЯС:

–Табиғат заңы ешқандай бұрмалауға, өңдеуге, жөндеуге келмейтін нәрсе. Ақтамберді айтады ғой «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге» деп. Мен ондайға өзім тіксініп қараймын. Ойлай алмаймын. Сенің үрім бұтағың, атаңнан қалған бір түйір қан.

Тұлпардан бұзау тумайды, сиырдан тұлпар тумайды. Қазақтың генофоны өте таза екенін бәрі біледі. Алайда соңғы уақыттағы сұрықсыз жайттар санаға селкеу түсіреді. Тексіз ұрпақ көбейіп келе ме деген сауал мазалайды. Өйткені гендік ақпарат балаға айна қатесіз беріледі.

Қажытай ІЛИЯС:

– Қан деген, намыс деген, көлденең көк аттының баласы көбейіп кетеді дегенге адам намыстанбай ма? Жігіттер оны ойлану керек менімше. Менің аза бойым қаза болады.

Жасанды ұрықтандыру тәсілі енгізілгелі он бес жыл өтті. Демек осы уақытқа дейін донорлық ұрыққа зәру адамдарға тегі белгісіз азаматтардың өнімі құйылып келген. Қазір ол балалар бозбала мен бойжеткен болды. Бұл – бір әкенің ұрығынан жаралған ұл мен қыздың үйленуі мүмкін деген сөз. Қазақы болмыс көрген ең ауыр қасірет осы болса керек. Кейбір әйелдер тұқым өзімізден болсын деп жасырын түрде қайнысы немесе қайын ағасының ұрығын салғызады екен. Яғни, ғылыми жолмен болса да жолдасының туыстарымен шағылысады. Дәрігерлер мұндай жағдайда да моральдық, рухани жағынан қиын болатынын ескертеді.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, Дінтанушы:

– Бұл дәлелденбеген нәрсе, ол физилогиялық тұрғыдан дұрыс бала болып өмірге келгенмен оның мінез-құлқы қалай қалыптасады, рухы қалай болады, ол әлі белгісіз. Рухани тұрғыдан ауру балалар пайда болып жатқан шығар, ертең еліне, жеріне қиянат жасайтын адамдар пайда болып жатқан шығар. Бұл әлі зерттелмеген нәрсе. Ең қасиетті ұғым ата-тек шежіре болса, бұл ата-тек қолдан ұрықтандыру арқылы көп жағдайда зиянға ұшырайды, еліміздің ертеңі жоғалады, әкесі белгісіз, шешесі белгісіз ұрпақтар Отанға дұрыс қызмет атқарады деп айту әрине қиын.

Ойраттың ойраны, жоңғардың жорығы кезінде көз жасы алқасына сұлап, ақтабандана тозған халқымыз дәл қазіргідей қасірет шекпеп еді. Экоға әу баста айына бір-екі адам ғана жүгінетін болса, қазірде күн құрғамайтын болыпты. Ұрпақ зарын тартқандардың дені уыздай жас отбасылар. Өйткені дәл осы шамадағы азаматтарымыздың шауһаты әлсіз.

Жетпісбайлар мен Сексенбайларды өмірге келтірген қауқарлы қазақ азаматтары тәуелсіздік алғанда Отызбайға зар болып қалады дегенді кім ойлаған? Түтікшеден туған ұрпақ ат ұстар мен ту ұстарға жарар ма?

Жанар БАЙСЕМІЗОВА.

(Мақала «Алматы» арнасының «Өзге Алматы» бағдарламасынан алынды).

Пікір жазу

Серіктестер