Бұл мақала 150 рет оқылды, 1 рет бүгін
Қызықты шақтардың ұзаққа созылмайтындығы секілді жұрттың дегбірін қашырған футболдан Әлем біріншілігі де аяқталды. Ендігі кезекте жарыс қорытындысы бойынша ФИФА мамандарының арнайы жасаған қызықты мәліметтеріне сүйене кетсек…
• ОАР-да өткен футболдан Әлем біріншілігінде бас-аяғы 18 449 еріктілер тегін қызмет атқарған. Олардың арасында жасы 80-ге келген қарт кісілер де бар.
• Биыл Әлем чемпионы атанған Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Хави Эрнандес ең көп пас берген ойыншы болып саналады. Ол биылғы турнирде әріптестеріне 669 пас шығарып, екінші орынды еншілеген неміс футболшысы Бастиан Швайнштайгерден 104 пас артық доп шығарыпты.
• ОАР-да өткен Әлем біріншілігінде футболшылар 261 рет ойын ережесін бұзған. Осыдан төрт жыл бұрын Германияда өткен турнирде бұл көрсеткіш 346 болатын.
• ОАР-да өткен турнирде бас-аяғы 145 гол соғылды. Бұл басқа чемпионаттармен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. 1998 жылы Францияда өткен біріншілікте – 171 гол, 2002 жылы Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен біріншілікте – 161 гол, 2006 жылы Германияда өткен біріншілікте – 147 гол тіркелген.
• Биылғы біріншіліктің ақтық сынында испан жартылай қорғаушысы Андрес Иньестаның соққан голы футбол тарихында «финалда ең кеш соғылған гол» ретінде саналды.
• Аптап құрлықта өткен біріншілікте гол соққан ең жасы үлкен ойыншы – 37 жастағы Мексика құрамасының шабуылшысы.
• Биыл Кейптаун қаласындағы «Грин Поинт» аренасында 22 гол соғылып, ОАР-дағы 10 стадионның арасынан бірінші орынға шығып отыр.
• Биыл Германия құрамасының сапындағы 22 ойыншы алаңға шығып, командалардың толыққанды қатысуы бойынша көш бастап тұр. Ал, Словения, КХДР, Жаңа Зеландия құрамасының сапынан небәрі 15 ойыншыдан ғана өнерлерін көрсеткен.
• Биыл Жапония құрамасының жартылай қорғаушысы Кейсуки Хонда 19 мәрте ойын тәртібін бұзып, ережеге бағынбайтын футболшылардың көшін бастап келеді. Ал, финалда өнер көрсеткен Серхио Рамос пен Марк ванн Боммель 17 мәрте футбол ережесіне қарсы шығыпты.
• Биылғы турнирде Германия шабуылшысы Мирослав Клозе қарсылас қақпасына 4 гол салып, өзінің Әлем біріншілігінде салған голдарының санын 14-ке жеткізді. Осылайша, ол аты аңызға айналған ойыншы әрі отандасы Герд Мюллердің жетістігін қайталады. Ал, көш басында тұрған бразилиялық Роналдоға жету үшін небәрі бір-ақ гол жетіспей тұр.
• «Бавария» командасының сапында өнер көрсететін ойыншылар Әлем біріншілігінде 12 гол соғыпты. Сондай-ақ, олар биылғы чемпиондар лигасының ақтық сынында жеңіліс тапқан «Интер» командасының сапында өнер көрсететін футболшылардың қақпасына 9 рет қауіп төндіріпті. Ал, Мадридтің «Атлетико» клубында өнер көрсететін футболшылар осы біріншілікте 8 гол соққан. Жалпы рейтинг бойынша, әлем біріншілігінде ең көп гол соққан Испания біріншілігінде ойнайтын футболшылар. Олардың көрсеткіші – 29 гол. Одан кейінгі орында Германияның ішкі біріншілігінде ойнайтын футболшылар (21 гол). Үшінші орын Италияның А сериясында өнер көрсететін футболшылар (16 гол). Төртінші орында ағылшын премьер-лигасында өнер көрсететін ойыншылар (12).
• Испания құрамасының сапында 8 команданың ойыншылары чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сондай-ақ, «Қызыл фурия» ең алғашқы ойынын жеңіліспен бастаған тұңғыш әлем чемпионы әрі өзге құрлықта әлем тәжіне қол жеткізген тұңғыш еуропалық команда.
• Биылғы біріншілікте плей-офф кезеңіне 6 бірдей еуропалық команда жолдама алып, оның үшеуі ғана ширек финалға жолдама алды. Бұл Еуропа командаларының тарихындағы ең аз көрсеткіш.Ал, Оңтүстік Америка құрлығынан 5 бірдей команда плей-офф кезеңіне өтіп, тарихқа өзгеріс енгізді. Бірақ, бәрібір финал еуропалық командалардың арасында болды.
• ОАР-да өткен футболдан Әлем біріншілігіндегі 64 матчты 3,18 миллион жанкүйер тамашалапты. Бұл әлемдік рекордты жаңартуға сәл ғана жетпейтін көрсеткіш. 1994 жылы АҚШ-та өткен Әлем біріншілігінде жанкүйерлердің саны 3,59 миллион адамды құраған.
• Биыл чемпион атағына қол жеткізген Испания құрамасы 7 ойын өткізіп, бар жоғы 8 гол ғана салған. Сондай-ақ, құрама сапында гол салған футболшылардың саны үшеу-ақ. Бұрын-соңды мұндай көрсеткішпен бірде-бір команда жеңіске қол жеткізбеген.
• Осы біріншілікте 3 мәрте әріптесіне гол салуға көмектескен Кака, Томас Мюллер, Бастиан Швайнштайгер, Дирк Куйт, Месут Озил сынды ойыншылар «берекелі бестіктің» қатарын толықтырып отыр.
• XIX Әлем біріншілігінде ең жылдам голды неміс шабуылшысы Томас Мюллер сокты. Естеріңізде болса, ширек финалда Аргентина құрамасына ойын басталған соң 159 секундта гол соқты.
• Бірде-бір жеңіске қол жеткізбеген 1 команда анықталды. Ол – Жаңа Зеландия құрамасы. Ал, голландиялықтар қатарынан 14-жеңісіне қол жеткізе алмады. Олардың жолын финалда бөгеген.
• Әлем чемпионаты мәресіне жеткен соң берілетін «ең үздік ойыншы» атағын бұрын-соңды тек финалда өнер көрсеткен ойыншылар ғана иемденген. Тек биыл ғана жартылай финалда сүрінген Уругвай құрамасының шабуылшысы Диего Форлан бұл атаққа қол жеткізді. Естеріңізде болса, бұл атаққа 1998 жылы – бразилиялық Роналдо, 2002 жылы – неміс қақпашысы Оливер Кан, 2006 жылы – француз футболшысы Зинедин Зидан қол жетізген болатын.
Әзірлеген – Жандос БАЙДІЛДА.



