Бұл мақала 106 рет оқылды, 1 рет бүгін
Қаланың жаны – қала адамдарының ортақ рухани энергиясы, біртұтас жалғыздыққа айналған көптің аңсары мен қалауы, сезінуі мен түйсінуі. Әр қаланың өзіне ғана тән мінез-құлқы, ойлау жүйесі, дүниетанымы, сезінуі болатыны анық. Кез келген қала өз тұрғындарының мінез-құлқын қалыптастырып отырса, адамдар да қаладағы саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени ахуалды жасайды. Алматы – ұлттың ары, тәуелсіздігінің алтын бастауы, тарихының темірқазығы. Ал алматылық дегеніміз кім? Жалпы, ол ұғымның саяси, әлеуметтік емес, философиялық мәні неде?
Мәселен, антика әлеміндегі Херсонес деген қаланың азаматы болу үшін әрбір адам сол қаланың өзі және тұрғындарына қарсы әрекет етпеуге, қала құпиясын өзгеге жария қылмауға, қаланы сатып кетпеуге ант ететін болған. Сол секілді өзге де қазіргі Еуропа қалаларына қатысты сондай қалыптасқан дәстүрлер бар. Қаланың жүрегі деп есептелетін қасиетті орындарға қызығушылықпен ғана емес, қорушылықпен, жауапкершілікпен, құрметпен қарау қалыптасқан. Қала тұрғындарының көңіл-күйі қаланың көңіл-күйі болғанымен, қаланың жаны дербес, оқшауланған күйі қалар кезі аз емес. Біз үшін ол күнкөріс жәрмеңкесі ғана ма? Әлде, арманның мақсатқа, мақсаттың әрекетке айналуы ма? Сыртқы көрнекі жарнамалар мен әртүрлі логотиптер, қала коллаждарында, қала тазалығы, тәртібі мақсатында қызмет етер органдардың өтініш-ұсыныстарында көрсетілетіндей «Алматы – менің алғашқы махаббатым», «Мен қаламды сүйемін», «Менің қалам!», «Қала тазалығы – менің тазалығым» секілді тіркестердің бәрі де сол Херсонес қаласы тұрғындарының антындай естіледі. Алайда осы жеткілікті ме? Алматының құшағына бәрі де сияды және бәріне де мүмкіндік беріледі. Оны шын сүйетініңді дәлелдеуге мүмкіндік беріледі. Ол адалдықтың өтеуі – нағыз мәніндегі өмір сүруге құжат. Республикамыздың әр түкпірінен ағылып келіп жатқан жүз мыңдаған адамдардың бәрі бірдей сіңісіп кете алмауы да осы махаббатты дәлелдей алмауда шығар. Сонымен, шынайы алматылық дегеніміз, қаланың кейінгі қалыптасу кезеңімен өлшей отырып, бес-алты ұрпақ алмасқанын ескерсек, алтыншы атасынан бері осы мекенде тұратындар ма, әлде осында туғандар ма? Жоқ, әлде өнер, білім іздеп келіп бекініп қалғандар ма? Ақшалылар мен жылжымайтын мүлік иелері ме? Адам қай қалада туылғысы келетінін таңдамайды, қай қалада тұрғысы келетінін таңдайды. Қай қаланың құпиясы мен махаббатын өз жүрегінде жылыта алатынын таңдайды. Оны өз жалғыздығына айналдырып, сол жалғыздықты ұлттың біртұтастығы етеді. Шынайы алматылық дегеніміз – оның жанын сезіне алған адам. Ол күнін сүйген, түнін сүйген, гүлін сүйген. Жаңбырдың күнәһарлар мен бейкүнәларға бірдей жауатыны секілді, күннің бірдей түсетіні сияқты, гүлдің бірдей ашылатынына ұқсас үлкен қалалар да бәріне бірдей қатал, бәріне бірдей мейірімді.
Ширек жылдан соң Алматыға қайта оралған екі жастан енді асқан ұлдың көліктен түсе сала айтқан сөзі: «Тау табылды!». Ия, тау табылды!
Ерлан ЖҮНІС,
«Айқын» газеті



