Жат жамбасым 10 жыл…

27 - Шілде - 2010
1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (Мақалаға баға беріңіз)
Загрузка ... Загрузка ...

Бұл мақала 234 рет оқылды, 1 рет бүгін

til

Кеше Үкімет үйінде бас министр Кәрім Мәсімовтың қатысуымен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдар аралығындағы мемлекеттік бағдарламасының» тұсаукесер рәсімі өтті. Оған қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары, мемлекеттік ведомстволардың өкілдері қатысты.

«Айтпасаң сөздің атасы өледі». Айтпауға амал қайсы?! Ең алдымен, бағдарламаның атының өзі дүдәмал. «Тілдерді қолдану мен дамытудың» дейді. Қазақстан деген мемлекет дүниежүзі картасынан ойып тұрып орын алды. Ол елдің тірек ұлты қазақ. Конституция бойынша Қазақстан дейтін мемлекеттің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Енді қарапайым қисынға салсақ, неге Қазақстанның мемлекеттік бағдарламасы «Тілдерді» деп басталуы керек? Қазақ тілі десе, отырған орындығы сынып кете ме? Әлде ауыздары қисайып қала ма?

2001 жылы да осындай бағдарлама қабылданған еді. Ол бағдарлама биыл аяқталды. Сол кезде мәртебелі шенеуніктер «2008 жылы бүкіл Қазақстан қазақ тілінде сөйлейтін болады» деп уәде еткен. Әсілі, 2008 жылға дейін кім бар, кім жоқ деген болуы керек. Болмаса, қазақтардың есте сақтау жады әлсіз деп ойлаған шығар. 2008 жыл келмеске кетті. 2010 жылдың жартысынан көбін «жеп» тастадық. Бірақ қазақша сөйлеп кеткен адам жоқ. Кешегі жиында да осы бағдарлама қазақстандықтарды толықтай қазақ тілінде сөйлетеді деген әңгіме айтылды. Әй, қайдам?! Біз Абай айтқан бес дұшпаннан қашық болмақ түгілі, соның бірнешеуін де орындамай отырмыз. Құнанбайдың дана ұлы «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз» демейтін бе еді? Осының қайсысын орындадық? «2008 жылы Қазақстан қазақша сөйлейді» деп өтірік айтамыз. Пыш-пыш етіп әр бұрышта өсек соғамыз. Сонымен қоймай «жер бетінде ең бай, ең әсем, ең көркем тіл – қазақ тілі» деп дарақыланып мақтанамыз. Бірақ оның әсем, көркем, ғажап, ғаламат, керемет екенін дәлелдеуде, сондай ғажап тілді күнделікті өмірге енгізуге енжармыз. Яки, еріншекпіз. Дегенмен тілді дамыту мен қолдануға ақшаны аямай шашамыз. Қаржы бөлінгенмен, саусақ қимылдмайды. Бұл дегеніңіз таза «бекер мам шашпақ» емес пе?! Сайып келгенде біз бес дұшпанның құшағында жүрміз. Ал сол Абай айтатын бес асыл іске, яғни талап пен еңбекті, терең ой мен қанағатты, ең соңында рахымды ойлап қоюға ынтық емеспіз.

Айттың не, айтпадың не, бағдарлама қабылданды. Енді қазақ қоғамы ана тілінің толық қолданысқа енуін тағы да 10 жыл күтетін болды. Мұқағалиша «Шыда жаным, шыдай түс шыда тағы, Бұл өмір шыдамдыны ұнатады» дегеннен басқа не айтайық?!.

Н.ҒАЛЫМЖАН.

7 пікір - “Жат жамбасым 10 жыл…”

  1. Ақ-Ару:

    Қатырып тұрып жазыпсыз, естір құлақ болса! Құлдық психология 70 жыл бойы санамызға сіңсе, енді оны жоюға да сонша уақыт кетпесе жарар ед. Әйтеуір сең қозғалды.

  2. Дәулет Асау:

    Іс басында мына билік отырғанда қазақ тілінің көсегесі ешқашан көгермейді. Қазақ тілінде ойлап-сөйлемейтін билік қайта қазақ тілінің қолданысқа енуінен өлердей қорқып отыр, оларға орыс тілінің дәурені жүріп тұрғаны жақсы. Өйткені олар сол тілдің маманы, сол тілде нан тауып отыр. Қазақ тілі келсе, қызметтерінен айырылып қалуға қорқады. сондықтан болар кейінгі кездегі қазақ ұлтшылдарының белсенді әрекеттерінен қорқып Ресеймен жақындасуды бұрынғыдан да бетер жылдамдата түсті. Олар үшін патриоттық сезім – кресломен, “көк ақшамен” өлшенеді.

  3. біреу:

    Үкіметтегі ең қазақшыл азамат дейтін Мұхтар Құлмұхамедтің өзі “орыс тілінен жамандық көргеміз жоқ…” деп көсілді. Орыс тілінен жамандық көрдік деген ешкім жоқ. Бізге тілімізді (әрине қазақ тілімізді) қайтарып беріңдер дегеннен басқа айыбы не бұл қазақтың? Ұялсаңдар нетті, енді он жыл деп қай беттеріңмен айтып жатырсыңдар?
    Бүйтіп бағдарлама-сағдарлама деп қыртымбайлағанша үнемі қазақша сөйлеп жүріңізші, бұлай істесеңдер қай бағдарламадан да артық болар еді. Біздің үніміз жоғарыға жетер емес. Ал сіздер жол ортада байғұс қазақты бейне бір балаға ұқсатып алдағанды бір қояр емессіңдер. Ұялмағаннан ұял деген сөз осы сіздерге айтылған-ау.

  4. Бауыржан:

    Біздің жоғарғы жақта отырған азаматтар мен азаматшалардың ойлау өрісі өте төмен, олардың жалпы дені “қисын” дегенді білмейтін халықтан тұрады.

  5. тәуекел:

    Құрметті бауырлар! Бұл тек „тұсаукесер„ ғана. Сондықтан үйде отырып бостан босқа түтіндемей. ұсыныстарыңды үкіметке жазыңдар. Нақты қадамға барыңдар. Ештен кеш жақсы! Іске сәт.

  6. Cағат:

    Енді қалғаны осы еді. Жоғарғы жақтағылар әпенденің ісін істеп, күлкілі концерт қоймаса іштері ауырады-ау деймін. Мына түрлерімен бірінің бетіне бірі қалай қарап жүр екен. Біз ұялғаннан жерге қараймыз. Істеріне ұсынақтылық, имандылық, не елдікке жататын дұрыс әрекет жоқ. Бар білетін өнерлері көз бояу.

  7. Жанасыл:

    Қазақ тілінің дамуы өзімізге байланысты. Билік ол бағдарламасын жасай берсін. Одан келңп жатқан өзгерістер шамалы. Тек әр қазақ азаматы орыс тілінде сөйлеуге намыстанып, мекемелерден қазақ тілінде ақпарат беруін талап етсе..Сонда ғана ана тіліміздің өрісі кеңейеді.

Пікір жазу

Серіктестер