Бұл мақала 110 рет оқылды, 1 рет бүгін
Уақыт өтті, ұрпақ алмасты. Алмасқан ұрпақ өзімен бірге жаңа тенденцияларды ала келді. Қоғамдық сана өзгерді. Әр салада жаңару мен жаңғыруға деген ұмтылыстар анық біліне бастады.
Ғылымда нанотехнология, әдебиетте постмодернизм, экономикада инновация, кино саласында экшн, сурет өнерінде абстракциялық, сюрреалистік бағыттар секілді аса сәнді естілетін, сұлтан көрінетін ұғымдар белең алды. Осының бәрі де – біздің дүниені қабылдаудағы жаңа танымымыздың жемістері. Жастықтың албырт келетініндей, жаңаның тосын көрінуі де заңдылық. Бүгінгі мәдениеттің бар саласындағы дамушы факторларды инновация мен канонның – жаңа мен ескінің бәсекелестігі, күресі деп емес, керісінше, бір-біріне бейімделіп, синтезделіп пайда болған жаңа үшінші түрдің – жаңа тенденцияның, өзгеше атмосфераның қалыптасуы деп таныған абзал. Көркемөнер – кезеңнің көркем мінезінен туады. Кезең көркем мінезділігінің негізгі тіні – пайдейя – ішкі мәдениет. Ұлттың және өнер тудырушы жеке тұлғалардың ар мәселесіне қатынасы – мәдени атмосфера. «Ортаңа өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» дегенде Абай осыған меңзесе керек. Шығыс пен батыс мәдениетінің алтын ғасыры – орта ғасырлар болғандығының себебін де сол кезеңдегі мораль ұғымының, адамгершілік қағидаларының беріктігінен іздеуге болады. Осы тұрғыдан келгенде, жаңа Қазақстан – жасампаз алаң. Мемлекетіміздегі бейбітшілік пен келісім, әртүрлі ұлттар арасындағы достық, сан алуан діндердің үйлесуі, ішкі қуат пен сенімнің мықтылығы, бәр-бәрі – жаңа үшінші түрдің тууына жағдай жасауда. Ескі мен жаңаның, көп пен жалғыздың, бүкіл әлем халқы мен бір ғана ұлттың, әлем азаматы мен ұлт перзентінің, жаһандану мен оқшауланудың синтезі жаңа өркениеттің думпуі көрініс береді деп күтілген Орта Азия елдерінің, оның ішінде қазақ халқының табиғатындағы жанартау – «Алтын Адам» идеясының тууына себепкер болып отыр. «Алтын Адам» өз бойына мәңгілік өмірді іздеуші Қорқыт пен жер жаннаты – Жерұйықты іздеуші Асан қайғының, Абайдың «Жәуәнмәрт» идеясын тұйықтайды. Қазақ халқының рухани айналымындағы барлық құндылықтар бір мақсатқа ғана – ұлтты ұйытуға, ұйыстыруға жұмыс істейтінін, «қазақ халқының бүкіл тарихы – бірігу тарихы» екенін сезіне, ұғына отырып, ғарышқа ең жақын мекен халқының жоғары адамгершілік қасиеттерін, ішкі мәдениетін жаңа қоғам даму тенденциясының негізгі ұстанымы ету шарт. Ұлт мінезінің бұзылуының себептері мен салдарларының қандай жағдайға душар етерін әлемдегі әртүрлі халықтар өз жонарқасымен сезініп отыр. Жаңа жасампаз алаң – Қазақстан адамгершілік құндылықтардың, адамсүйгіштіктің, мейірім мен қамқорлықтың, өршіл рух пен өжет көзқарастардың астанасы болуға бүгінгі халімен болмаса да, жақын болашақ үмітімен мүдделі. Ұлттың ішкі мәдениетінен туатын өнердің тілі саясат пен экономика тіліне қарағанда анағұрлым ұғынықтырақ. Жаңа мәдениет – «Алтын Адам мәдениеті» жарыққа ұмтылуда. Жалпы, жаңа мәдени атмосфераны кімдер жасайды? Бүгінгі мәдени атмосфераның жай-күйі қалай?
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ:
– Қазір мәдени атмосфераны жасаушы контингент ауысты. Кеңес заманында қалыптасқан көзқарастарды ығыстырушы ағымдар пайда болып, сол заман корифейлерінің көбі көлеңкеде қала бастады. Мәдени ойға жас ұрпақ келді. Әр салада, әсіресе, шоу бизнесте салтанат құрып отырған да сол жаңа буын. Ұлттық сана біршама қалыптасып үлгерді. Ұлттық ойлау жүйесін меңгере бастаған, батыстық қабылдауды да жоққа шығармайтын жастар ізденіс үстінде. Алайда тобырлық мәдениеттің ықпалы басым. Оған қарсы дес беріп тұра алатын жаңа мәдениеттің қалыптасуына барлық мүмкіндікті туғызу қажет. Қазақстандағы мәдени атмосфераны қалыптастырушы орталар, жеке тұлғалар көңіл қуантарлықтай жұмыс жасауда. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің де бұл жолда сіңірген еңбегі бар, дегенмен оларда бір тұйықтық байқалады. Өзімен-өзі жабық жағдайда қалып отыр.
Данияр САЛАМАТ:
– Әрине, зәулім ғимараттың қадау-қадау бағанындай тұлғалар төңірегінде мәдени атмосфера түзілмек. Ол баған жылдар бойы сүрленбек, қырланбақ, сырланбақ… Жаңа рең алмақ… Бірақ уақыт желі мен санамызға көктен келіп қонақтаған ақиқат пен ізгілік сезімі жалаңаштап, табиғи қалпын аршып тұрмақ. Өкініштісі сол, қазір сол алтын бағандарымызды қалың мүк басып, көзден тасалауға айналған…төбесімен көк тіреп тұратын бағандарымызды қоршалаған сан түрлі жылтырақ, тегі бөлек әлеміштер менмұндалап, көз алдап, тіпті алтын бағанымызға көңіл аудартпауға айналды.
Дәл қазіргі мәдени атмосфера тұман басқан даланы елестетеді. Болмаса, соқыр тауықтың күйін… Алдына келгенін шоқи береді… Бәрі жем… Бәрі өнер… Жақсы мен жаманды, шөп пен шөңгені, күріш пен күрмекті ажыратып жатқан ешкім жоқ.
Кезінде болған еді, «күпі киген қара өлеңге шекпен кигізіп» ұсынатындар… Бүгін сол шекпенге заманға сай өрнек салар адам табылмай тұр…
Шіркін, сол кейінгі сәт басып қалған жылбысқы соқыр тұманды үрлеп, көкжиектен асырып тастар бір күш табылса, көрінер еді қаншама нәрсенің белі шойырылып, шоңқиып қалғанын… Көк күймеміздің дертесімен жерге қадалып тұрғанын…
Ерлан ЖҮНІС,
«Айқын» газеті.





